Григорий Марченко: ТЕҢГЕ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫНАН ТАНБАЙДЫ
Григорий Марченко: ТЕҢГЕ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫНАН ТАНБАЙДЫ
Парламент Сенаты депутаттарының Ұлттық банк басшысы Григорий Марченко мырзаны сенатқа шақыра алмай жүргенiне төрт жылдай болыпты. Сенаторлар да бас банкирдiң келмейтiндiгiн айтудан жалықпаса, бас банкир оған бола бас ауыртпайтындығын жасырмай келедi.
Таяуда Ғани Қасымов мырза Сенат депутаттарының сөзін құлағына ілмейтін Марченко туралы тағы да пікірін білдірді. Ол: Ұлттық банктің төрағасын ауыстыру керек! Менің міне, сенатор болғаныма төрт жыл болды. Бірақ осы уақытқа дейін Ұлттық банк төрағасын көрген емеспін, тек қана Тәжияқов келеді. Бұлай бола беретін болса, Марченконың орнына Ұлттық банк төрағасы болып Тәжияқов отырсын» деп салды.
Парламенттің жоғары палатасы «Бюджет туралы» Заңды қараған болатын. Аталмыш құжатты талқылауға Ұлттық банктің атынан тағы да оның орынбасары Бисенғали Тәжияқов келді. Алайда сенат депутаттары маңызды құжатты қарау барысындағы кейбір түйткілдерді Ұлттық банктің төрағасының өзімен кеңесіп, сарапқа салғанды жөн санаса да, Григорий Марченконың сенатқа жолы түсер емес. Неліктен бас қаржыгер еліміздің жоғары палатасына бас сұқпай жүр? Бәлкім, бұл оны Сенатқа келтіре алмай жүрген депуттарға көрсеткен сесі ме? Қалай десек те, Григорий Марченко мырза бұл әрекеті арқылы шектен шыққанын көрсеткен сияқты. Ол Қазақстан мемлекетінің Ұлттық банкін, дәлірегінде қаржылық ресурсын басқарып отырған азамат. Оның сенат депутаттарының алдына келіп, қордаланып қалған сауалдарына жауап беруі маңызды. Бірақ та неге екені белгісіз, бас қаржыгерді бұрынғы Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев та қанша рет айтып, шақыра алмаған-тұғын. Ал қазіргі төраға Қайрат Мәмидің оған сөзі өте ме, жоқ па, тағы белгісіз.
Бір қызығы, сенат депутаты Ғани Қасымов жалпақ жұрт алдында Марченконың келмей жүргендігі туралы депутаттық пікірін білдірсе, іле-шала бас қаржыгер де баспасөз мәслихатын өткізіп, өз жауабын айтады. Оның айтуынша, Қасымов Марченконың атын телеарна арқылы өзін жарнамалау үшін ғана пайдаланады. «Депутаттық сауалдар тек теледидардан көріну үшін жасалады. Депутаттардың маған қояр ешқандай сұрағы жоқ. Қасымов мырзамен ешқандай араздығым да жоқ. Бұл өзіне жарнама жасау үшін істелген шаруа. Стилі сондай адам», – деді. Сондай-ақ Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко: «Ол мені жұмыстан шығарады да жүреді. Осындай сөздерінен кейін Алматыда кездескенімізде ол құшақтасып, арқамнан қағып, енді өзің түсінесің ғой мұның бәрі микрофон үшін, пресса үшін деп айтады. Ол бұрын түрлі сауалдар жолдайтын. Мен одан «Айтшы, қандай сұрағыңа жауап берейін» десем, ол: «Сенің жауабың керек емес, мені бастысы телеараналарда көрсетсе болды дейді» дегенді айтты.
Айтпақшы, Григорий Марченко таяу уақытта елде девалвация болмайтындығын мәлімдеді.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ