«АНТИВИРУС» ҚОЙЫЛҒАН ФЕСТИВАЛЬ
«АНТИВИРУС» ҚОЙЫЛҒАН ФЕСТИВАЛЬ
25 қыркүйек пен 1 қазан аралығында Алматы қаласында Мәдениет министрлiгiнiң қолдауымен Қазақстан Республикасы Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығына арналған ХIХ Республикалық театрлар фестивалi болып өттi. Аталмыш додаға бас-аяғы жетi театр қатысып, өнерлерiн көрермен мен әдiлқазылар алқасының сарабына салды.
Фестивальге астаналық Қ. Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театры Еркiн Жуасбектiң «Антивирус» атты комедиясымен қатысты. Қойылым режиссерi – Болат Ұзақов. Басты рөлдердi – ҚР «Дарын» мемлекеттiк жастар сыйлығының иегерi Ерлан Малаев, Түймехан Атымтаева, Айман Аймағамбет, Бақыт Жұмағұлова, Қуандық Қыстықбаев, Айнұр Бермұхамбетова, Жәнiбек Мұсаев, Сая Тоқманғалиева, Гауһар Жүсiпова, Жасұлан Ерболат сынды әртiстер сомдады. Қойылым бүгiнгi күннiң тыныс-тiршiлiгiн, ақша үшiн жалданып, қара жұмысқа жегiлiп, соңында қазақ жерiн түбегейлi мекен етiп қалатын келiмсектердiң жай-күйiн көрерменiне жайып салады. Осы бiр детальдi негiзге ала отырып, ақша үшiн, мансап үшiн, махаббат үшiн өз хал-қарекетiнше күрескен қоғамның көкейкестi мәселелерiн көрсетуге тырысқан.
…Тұлпарсыз жiгiт –қанатсыз құс. Атадан қалған асыл сөздi арқаланған заманауи ұрпақтың астында да бiр-бiр тұлпар – темiр тұлпар. Техникалық қызмет көрсету орталығына жиналу – «тұлпардың» да, жiгiттiң де бүгiнгi әдетi. Мiне, спектакльдегi негiзгi оқиға желiсi де сондай бiр техникалық қызмет көрсету орталығындағы жұмыскерлер мен қызметтi тұтынушылар арасында өрбидi. Қазiргi қоғамның келбетiн суреттейтiн, ащы шындықты айта отырып, күлдiрiп отырып мұңайтатын аталмыш комедияның көтерген мәселесi өткiр, арқалаған жүгi ауыр болғанымен, сахналау жағында әлi де бiраз iзденiс пен дайындықтың қажет екендiгiн айта кету керек. Қойылымнан кейiн көкейдегi осы сауалдарға жауап алу үшiн Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрының көркемдiк жетекшiсi, пьеса авторын әңгiмеге тартқанымызда, Еркiн ЖУАСБЕК мырза: «Бұл спектакль – фестивальге дейiн де Астана жұртшылығына ұсынылып, өз бағасын алған қойылым. Ал ендi байқау болғаннан кейiн бiздiң пiкiрден бөлек, бағалау, қабылдау деген болады. Сондықтан қазылар алқасының екiұдай пiкiр бiлдiрiп жатуы әбден орынды. Мiндеттi түрде бәрi бiрауыздан қойылымды мойындасын деп алдыма мақсат қойған жоқпын. Негiзгi дiттегенiмiз – бүгiнгi қоғамның шындығын ашып көрсетiп, театрымыздың көкейкестi мәселелердi көтере алатындығын, әртiстерiмiздiң осындай шығармаларды да сахнаға алып шығып жүргендiгiн көрсету болды және соны көрсеттiк те. Оған бола қиналып, ұялып, не болмаса бiреуге ренжiп жатқан жағдайымыз жоқ», – деп жауап бердi.
…Бiр аптаға созылған өнер бәйгесiнiң қорытындысы Ғ.Мүсiрепов атындағы балалар мен жасөспiрiмдер театрының ғимаратында 30 қыркүйек күнi салтанатты түрде аталып өтiлiп, төмендегi өнер майталмандары жүлдеге лайық деп танылды:«Үмiт» аталымымен мемлекеттiк республикалық корей музыкалық комедия театрының актерi Әлiшер Махпиров марапатталып, «Сахналық ұзақ ғұмыр» жүлдесi Қ.Қожамияров атындағы республикалык ұйғыр музыкалық комедия театрының әртiсi Мырзахмет Ушуровқа бұйырды. «Көрермендер көзайымы» жүлдесiн Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры қанжығасына байлады.
Ал «Екiншi пландағы ең үздiк ер адам бейнесi» номинациясы Ф.Достоевский атындағы Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының актерi Федор Любецке бұйырса, «Екiншi пландағы ең үздiк әйел бейнесi» аталымымен Қ. Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрының актрисасы Түймехан Атымтаева марапатталды.«Ең үздiк ер адам бейнесiне» М.Лермонтов атындағы орыс меклекеттiк академиялық драма театрының әртiсi Сергей Попов, ал «Ең үздiк әйел бейнесiне» Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрының әртiсi Майра Бақкелдиева лайық деп танылды.
Сондай-ақ, «Қазақ драматургиясын табысты меңгергенi үшiн» аталымы бойынша М.Лермонтов атындағы орыс мемлекеттiк академиялық драма театрының ұжымы Қ.Мұхамеджанов пен Ш.Айтматовтың «Көктөбедегi кездесу» қойылымымен үздiк атанды. «Ең үздiк режиссерлiк шешiмде» — Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрының режиссерi Гүлсина Мерғалиеваның еңбегi өзгелерден оқ бойы озық шығып, «Ең үздiк спектакль» жүлдесiн Астана қалалық жастар театры сахналаған С.Раевтiң «Меккеге қарай ұзақ жол» әфсанасы жеңiп алды.