ҚАЙНАЙДЫ ҚАНЫҢ...

ҚАЙНАЙДЫ ҚАНЫҢ...

ҚАЙНАЙДЫ ҚАНЫҢ...
ашық дереккөзі
254

Қазақ тiлiнiң туған жерiнде жетiм баладай жәутеңдеген аянышты ахуалы көп жағдайда қандастарымыздың намыссыздығынан туындап отырғанын бiрқатар ақпарат құралдары ашық та, ашына да жазып жүр. Әрине заң бойынша мемлекетттiк мәртебе алған тiлдi қорғаудан қаймығып, жүзiн төмен салған, әлiптiң артын баққан жалтақ жандар жөнiнде әңгiме бөлек.

Бұл жөнiнде сөз қозғалғанда кәсiби журналист Ертай Бекқұлдың айтқан бiр әңгiмесi еске түседi. «Кеңестiк дәуiрде Қостанай облыстық газетiнде қызмет еткенмiн. Кезектi саны шығарылуға әзiрленiп жатқан газетiмiзге Наурызым аудандық партия комитетiнiң бiрiншi хатшылығына жаңадан сайланған (тағайындалған) лауазым иесi туралы обл­парткомнан ресми ақпарат келдi. Оқысақ, ауданның жаңа басшысының аты-жөнi – Рамазан Досымбекұлы, тегi – Тлеоф болып жазылыпты. «Бәлкiм, хабарламада қате кеткен шығар. Тлеоф емес, Тiлеуов болар. Анық-қанығын өзiнiң аузынан бiлейiк» деген мақсатпен Наурызым ауданының жетекшiлiк орынтағына ендi отырған азаматтың өзiмен тiкелей тiлдестiк.

Ол атасының аты шынында да Тiлеу екенiн растады. Әуелдегi ойымызды нақтылағаннан кейiн Рамазан Досымбекұлының тегiн Тi­леуов деп қазақшаға тiгiсiн жатқызып жазып жiбердiк. Бұрысын түзедiк деп бiз мәзбiз. Ақпарат шыққан күнi-ақ сол «Тiлеуовымыз»: «Менiң аты-жөнiмдi бұрмалады. Мен-Тлеофпын. Газет кешiрiм сұрамаса, сотқа беремiн» деп дау көтерiп, облпарткомның бiрiншi хатшысына дейiн шағымданады. Компартияның түкiрiгi жерге түспеген заман. Облыстық басылмының бiлдей редакторы бұрысты дұрыстап жөндегенiне жазықты боп, кешiрiм сұраған», – деген едi.

Ақиқатын алға тартсақ, тәуелсiздiкке қол жеткiзгелi берi де қазақ тiлiнiң көсегесi көгерiп, мемлекеттiң басым бөлiгiн құраған жергiлiктi ұлттың басты белгiсiне айнала алмай отырғаны мысқалдай да өтiрiк емес. Отандық оннан астам телеарналардың жартысынан көбi үнемi орысша сөйлейдi. Солтүстiк облыстарымызды былай қойғанда, ұлтымыздың өкiлдерi өзгелерге қарағанда көп саналатын оңтүстiк аймақтардың өзiнде де қазақша басылымдардан орысшасы әлде­қайда артық. Кiтап дүкендерiнде, көше бойла­рындағы, вокзалдардағы дүңгiршектерде орыс, ағылшын тiлдерiндегi газет-жур­налдардан көзiң тұнады. Қазақшалары сол көл-көсiрдiң арасынан қылтиып қана көрiнедi.

Қайсыбiр жылдары Шымкенттiң темiр жол кассаларында билеттерге «Чимкент – …» деп белгi соғатын сөлекеттiгi жөнiнде бiрнеше мәрте облыстық газетте жазып, тиiстi орындарға сын мақалаларды жiбергенбiз. Құлағына қыстырған ешкiм болмады. Ал сол саланың жергiлiктi басшысы қазақ ұлтынан. Жол билетiн сататын қыз-келiншектердiң бәрi дерлiк қаракөздер. Бiрақ бар мәселенi мекеме басшысына байланыстырғанмен, соншама қандас қарындас-әпкелердiң арасынан тым болмаса: «Әй, мынаны өзгертудi жоғарыға ескерту керек шығар-ау», – деп дабыл қағып, туған тiлiне аяушылық сезiмiн бiлдiрер бiреуi табылмады ма деп те қапаланасың.Жергiлiктi әуежайда сапар билетiнiң толтырылуы да тап солай.

Жұмыс бабымен жүргенде Альходжаев, Садиков, Сыдыков деген азаматтардың аты-жөндерiн Әлқожаев, Садықов, Сыдықовқа қаза­қыландырамын дегенiмде олардан «Төлқұжатта қалай жазылса, солай болу керек. Сен тегiмiздi бұрмаладың» деп, шу шығарғанынан өзiмдi әрең арашалағаным әлi есiмнен кетпейдi. Бiр әрiптесiмнiң газетке мақала жазу барысында, Нұрсейiтовке «i» әрпiн неге қосасың, жеке куәлiгiмде олай емес» деген дауынан да әзер құтылғанын естiгенiм бар.

«Бәрi де өзiмiзге келiп тiреледi» дегенге және бiр мысал. Таяуда ғана отандық телеарнаның бiрiнен Парламент Мәжiлiсiнiң экс-депутаты Уалихан Қайсаров: «Бiз әлеммен тек орыс тiлiмен арқылы ғана араласа, байланыса аламыз» деген сыңайдағы пiкiрiн айтып салды. Мәссаған! Бұрынғы халық қалаулысы, өзiн саясаткермiн деп жүрген, жұрты зиялы қауым қатарынан санаған азаматтың бұл қай қылығы! Өзiн қоғамшыл қайраткердiң санатына қосатын қазақ осылай дегенде басқалардан не күтемiз? Ұлтымыздың мүддесiн күйттегенсiп жүрген бiрқатар қайраткерлердiң мемлекеттiк тiлдiң қолданыс аясын кеңейтудi қолдаудан бастарын ала қашқанын көрген соң, әлгiлердiң қазаққа жаны ашитындарына сену қиын.

Иә, тiзе берсе ұлттық болмысы осал қазақтар жетерлiк. Қалада тұрып, қызметке араласып жүрсе де, ауылдан шыққан, ныспылары таза қазақы Үшкемпiр, Қызбала аталатын қыз-келiншектердiң төл құжаттарын «Учкемпил», «Кизболо» деп жазылғанын көргенiм бар едi. Бұған «Әке-шешелерiң азан шақырып қойған аттарыңды бұрмаламаған төлқұжаттарыңды неге дұрыстамайсыңдар?» – деп таңдағанымды жасырмағанмын. Сонда олар: «Басқа әдемi ат құрып қалғандай, адамның есiмiн өстiп те ыңғайсыз қоя сала ма екен? Қайта құжаттағымыз «здорово звучит», – деп өзiн дүниеге әкелген асыл жандарды күстаналап шыға келiп едi.

Қазақ тiлi өз елiнде, өз жерiнде еркiн өмiр сүруiн, төрге озып, Қазақстанда тұратын ұлттар мен ұлыстардың өзара қарым-қатынас құралына айналғанын қаласақ, ең алдымен өзiмiздiң тiлге деген көзқарасымызды дұрыстауымыз керек. Дәл осылай айтуға қазақ тiлiнiң қазiргi ауыр жағдайы мәжбүр етiп отыр. Мемлекеттiк тiлдiң төрге озуына тағы бiр жасалған шешушi қадам, өз елiмiздегi орыстiлдiлердiң жан- жақты шабуылынан жарты жолда «жан тапсырды». Қазақ тiлiне қарсы өре түрегелгендердiң қалауынан қаймығып, балапан ниет қауызында тұншығып қала бердi. Байбалам салып, дүрлiккендердiң десiн қайтаруға бiздiң үнiмiздiң қуаты қауқарсыз болды. Қаумалаған қыспаққа жұмған аузымызды аша алмадық.

Қалай десек те, Мәдениет министрлiгiнiң қазақ тiлiн өрге сүйремек болған бұл жолғы әрекетiн дау-дамай көтерушiлер жаппай талауға түсiрiп, тауын шақты. Ұлттығымыздың басты белгiсi – тiлiмiз өз туған жерiнде өзекке тағы бiр тебiлдi. Егемендiгiмiзге сын болар үлкен тiрлiктi қолға алған министрлiктi өз дәрежесiнде қолдамадық. Ләм-мим демедiк. Ұлттық ынтымақ көрiнбедi. Қазiр бұл шала­жансар заң жобасы демалыстан оралған парламентшiлердiң қызу талқылауынан өтiп жатыр. Тағдыры қалай болары беймәлiм.

Тарихымызбен тамырлас тiлiмiздiң өз елiнде еркiндiгi өзiмiзге тiкелей байланыс­тылығы, мiне осыдан келiп туындайды. Ел даналары тiлiмiздiң тағдырына баяғыдан-ақ алаңдап өткенi мәлiм. «Тiлi жоғалған жұрттың өзi де жоғалады» деп ұлттың ұстыны Ахмет Байтұрсынов айтқан. Ал авардың дүлдүл ақыны, Лениндiк сыйлықтың иегерi Расул Гамзатов «Тiлiм ертең өлетiнiне көзiм жетсе, мен бүгiн өлуге даярмын» деп шырыл­дамап па едi?!. Қазақ сөзiнiң зер­герi Ғабит Мүсiреповтiң «Ана тiлiн тек өгей ұлдары ғана менсiнбейдi, өгей ұлдары ғана аяққа басады» деген уайымын қалай ұмытармыз. Ұлттық құндылығымызды құрметтеудi қайта- қайта ел есiне салумен келе жатқан Нұр­сұлтан Назарбаев тәуелсiздiк алған алғашқы жылдары-ақ «Ұлтты күшейтудiң бiрiншi тетiгi – тiл» деп күллiмiзге ой тастаған едi.

Ендеше Елбасы тағы да қадап айтқан «Тiл­ден артық қазына, тiлден артық қасиет жоғын» ең алдымен өзiмiз жауапкершiлiкпен, ұлтымыздың болашағына жанашырлықпен түсiнетiн кез келдi! Рухымыздың алтын дiңгегi – тiл туралы әңгiме қозғалғанда ең бiрiншi кезекте өзiмiздi түзейiк, ағайын…

Жеңiс Баһадүр

Оңтүстiк Қазақстан облысы

06.10.2011

Серіктес жаңалықтары