«Менiң Қазақстаным» – Арыс жағасында
«Менiң Қазақстаным» – Арыс жағасында
Ел Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығына орай сапарға шыққан «Менiң Қазақстаным» үгiт-насихат пойызын тоғыз жолдың торабында орналасқан Арыс қаласына Қазақстанның халық әртiстерi Нұрғали Нүсiпжанов, Алтынбек Қоразбаев, Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов бастап келдi. Оңтүстiк-батыс аймақтарға бағыт алған екiншi кезеңде үгiт пойызы 17 күнде 15 станцияны аралауды жоспарлапты. Арыс қаласы 12-шi бекет екен.
– Үгiт пойызының мақсаты – Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшiлiгiмен Тәуелсiздiктiң 20 жылы iшiнде Қазақстанның қол жеткiзген жетiстiктерi мен бағындырған белестерiн халыққа түсiндiру. Сондай-ақ, елiмiздiң барлық аймақтарының тұрғындарына нақтылай әлеуметтiк, медициналық көмек көрсету, – дедi вокзал алаңында өткен митингiде Алтынбек Қоразбаев.
Үгiт пойызы құрамында келген медицина қызметкерлерi арнайы тiгiлген палаткаларда тұрғындарды қабылдап, медициналық көмек көрсеттi. Тұрғындар бiлiктi терапевт, педиатр, уролог, гинеколог, стоматолог, невропатолог мамандарға қаралып, кардиограмма, флюорографиядан да тегiн өту мүмкiндiгiне ие болды. Аудандық емхананың бас дәрiгерi Марат Серiкбаевтың айтуынша, астаналық дәрiгерлерге қаралу үшiн шалғай елдi мекендерден арнайы келушiлер көп екен. Соңғы кезде ауданда туберкулезбен сырқаттанатындар 30 пайызға дейiн кемiсе, бес-алты жылдың көлемiнде ана өлiмi орын алмаған.
Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар бөлiмiнде әлеуметтiк қолдауды қажет ететiн азаматтармен, мүгедектермен болған кездесуде мамандар ауыл тұрғындарына көкейкестi мәселелер жайында әңгiме қозғап, ақыл-кеңес бердi. Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң өкiлi Раушан Көшкiмбаева I топ мүгедегi Марина Хамрюкке қоларба сыйлады. Iс-шара аясында қайырымдылық акциясы ұйымдастырылып, азық-түлiк пакеттерi таратылды.
«Менiң Қазақстаным» үгiт пойызының тәуелсiз Қазақстанның барша өңiрлерiн аралауына мұрындық болған «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы екенi мәлiм. Осынау iзгi iс-шараның ойдағыдай атқарылуына аянбай тер төгiп жүрген. «Нұр Отан» ХДП кеңесшiлерi аудандық әкiмдiк ғимаратында қоғамдық қабылдау өткiзiп, халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, тиiстi жауаптарын бердi. Задария ауылдық округiнiң тұрғыны Арап Әуелбек кеңестiк кезеңде шопандардың зейнетақысы жоғары болғанымен, бүгiнгi таңда ең төменгi деңгейде қалып қойғанына алаңдаулы. Қоғамдық қабылдауда болғандар баспана, жер телiмi, кәсiп ашу үшiн қажеттi құжаттарды реттеу мәселесi төңiрегiндегi сұрақтарына жауап алды. Ал олимпиада чемпиондары Ермахан Ибраимов пен Юрий Мельниченко аудандық спорт мектебiнде жас спортшылармен кездесiп, шеберлiк сабақтарын өткiздi. «Жастардың спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалыпты. Болашақ ел чемпиондары осы қарадомалақтардан шығатынына сенiмiм кәмiл», – дедi Ермахан Ибраимов.Сондай-ақ, аудан тұрғындары Мәдениет сарайында Елбасы жайында түсiрiлген «Балалық шағымның аспаны» атты көркем фильмдi тамашалады. Кешке қарай орталық алаңда Жеңiс Сейдолла бастаған «Гүлдер» ансамблiнiң әншiлерi мен бишiлерi, «МұзАРТ» пен «Бәйтерек» тобы, Бағдат Сәмединова, Жанна Орынбасарова сияқты өнер жұлдыздарының галаконцертi болды.– Тәуелсiздiк тойы қарсаңында игi жақсылардың халықпен етене жақындасуын Елбасы қамқорлығының бiр көрiнiсi деп түсiнген ләзiм, – дейдi Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагерi, Арыс қаласының Құрметтi азаматы Аппаз Досқараев.