МҰҚАҢНЫҢ МҰРАЖАЙЫ ЖҮДЕП ТҰР

МҰҚАҢНЫҢ МҰРАЖАЙЫ ЖҮДЕП ТҰР

МҰҚАҢНЫҢ МҰРАЖАЙЫ ЖҮДЕП ТҰР
ашық дереккөзі

Жолымыз түсiп Қырғыз елiне, Шолпан-Ата қаласына бардық. Ыстықкөл жағалауы – толып жатқан пансионат, санаторий, жағажайлар. Жаз бен күздiң аралығы ауа-райының әдемi кезi – жемiс-жидек, бақша өнiмдерiнiң пiскен кезi.

Шолпан-Ата қаласын аралай жүрiп, Мұхтар Әуезовтiң мұражайын iздеп таптық. Теңiзден алыс емес, Калинин көшесi, №3-i үйде орналасқан. Мұқаңа Қырғыз үкiметiнiң шешiмiмен берiлген екен, дача есебiнде. Ауласы ағаш таяқшалармен (штакетник) қоршалған. Кейбiр таяқшалар сынып, жартыкеш болып тұр, оны көк сырмен бояп қойыпты. Қасында тұрған жекеменшiк сауда-саттығы бар үй әлдеқайда зәулiм көрiндi. Iшке кiрдiк. Бiздi қарсы алған кезекшi әйел бөлмелердi аралатып көрсетiп жүр. Мұқаңның заттары, жазу үстөлi сол баяғы орнында тұрса керек. Жатын орны, жуынатын жерлерiнiң бәрiне кiтаптар қойылған, өте тығыз, тар. Жалпы айтқанда бөлмелердi жаңғыртатын жөндеу жұмыстары керек-ақ. Күндiздiң өзiнде күңгiрт. Ескi телевизор – ол да iстемейдi. Мұқаңның дауысы жазылған лента да iстен шыққан сияқты, бiзге естiрте алмады мұражай кезекшiсi.

Мұражайдан көңiлiмiз пәс болып, еңсемiз түсiп, япырай егесiз қалғаны ма Мұқаңның мұражайы деген оймен шықтық.

Одан кейiн Ыстықкөлдiң жағасына орналасқан «Рух Орда» мәдени орталығына бас сұқтық. Белгiлi қырғыз ағайындардың бiр бизнесменi жасатқан екен.

Негiзгi мақсат Шыңғыс Айтматовтың кемеңгерлiгiн көрсету болса керек. Шықаңның кеңес өткiзетiн бөлмесi. Осы жерде алғаш рет ШОС-тың кеңесi өтiптi. Бұл мұражайда Шыңғыс Айтматовтың орындықта отырған мүсiнi, Ресейдiң алғашқы президентi Борис Ельциннiң және бiздiң президентiмiз Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен мүсiнi тұр көрнектi жерде, теңiздiң жағасында. Кең жерде тарихи мүсiндер, Қырғыз елiнiң елеулi адамдары, ислам, христиан, будда және иахуди дiндерiнiң жеке-жеке кесенелерi бар, бiрақ бәрiнiң формасы бiрдей, тек төбедегi белгiлерi: ай, крест сияқты.Шұбырып келiп жатқан туристер көп, жастар билет алып кiрiп жатыр. Туризмнiң бұл да бiр тармағы. Қызықтық.

Осы екi көрiнiстi салыстырып бай­қаңызшы. Қырғыз ағайындардың өз мәдениетiне, ардақты ұлдарына деген құрметi «Рух Орда» мұражайында анық көрiнiс алған. Шынын айтсақ, Мұқаңның мұражайын көргенде жүрегiмiз ауырғандай болды. Мұқаңды қадiрлеу осылай ма едi?Тиiстi орындардың құлағына осы жағдай жетсе деймiз.

Өскенбай Құлатайұлы, зейнеткер

06.10.2011