КӘРI ҚҰРЛЫҚТАҒЫ ТIЛДЕР МЕРЕКЕСI
КӘРI ҚҰРЛЫҚТАҒЫ ТIЛДЕР МЕРЕКЕСI
2001 жылдан берi 26 қыркүйек – Еуропалық Тiлдер күнi (European Day of Languages). Тiлдердiң саналуандығын, еуропалықтардың кем дегенде екi тiл бiлуiн қамтамасыз етудi көздейтiн бұл мереке әлемдегi тiлдердi үйрету мәселесiн дамытуды мақсат етедi. Шет тiлiн еркiн меңгеру бүгiнде батыстықтарға ғана емес, Қазақстан азаматтарына да жат емес. Мысалы, қазақ, орыс, ағылшын және басқа тiлдерде емiн-еркiн сөйлейтiн қазақтың қарадомалақтары көп. Бұл бiр жағынан, заман талабы.
Кәрi құрлықта көп тiл немесе кем дегенде 1 шет тiлiн бiлу ХVII-ХIХ ғасырларда да сән болған. Ағылшынша сөйлеп отырып, әңгiменiң арасында француз, немiс не латын тiлдерiнен сөз қосу мәдениеттiлiк пен өркениеттiң, сауаттылықтың белгiсi саналған. Ал жатжұрттық бiр тiлдi қосымша бiлу қалыпты жағдай деп есептелген.
Қазiргi таңда 27 мемлекет құрамына өткен Еуропалық Одақтың құрылымдарында ағылшын, болгар, венгер, грек, дат, ирланд, испан, итальян, латыш, литва, мальталық, немiс, нидерландтық, поляк, португалдық, румын, словак, словен, фин, француз, чех, швед, эстон, яғни, бас-аяғы 23 тiл ресми түрде тең дәрежеде қолданылады. Еуроодақ шеңберiнде қабылданған шешiмдердiң барлығы мiндеттi түрде ресми тiлдерге аударылып, ЕО азаматтары еуродақтық құрылымдарға жазған өтiнiштерiне ресми тiл саналатын өздерiнiң ана тiлiнде жауап алуға құқылы. Жоғары деңгейдегi ресми кездесулердiң бәрiнде баяндама жасайтын қатысушылардың қалаған тiлiнде сөйлеуi қамтамасыз етiледi. Еуропалық Одақтың тiл саясатында тiлдердi сақтау және дамыту мәселесi басты мiндеттер қатарында тұр. Ол үшiн барынша көп үйренiп, дамытуға ден қою. Еуропалық Тiлдер күнi Қазақстанда да тойланды. 25 қыркүйекте Алматыда Еуропалық Одақтың мәдени ұйымдар қауымдастығы (EUNIC) ұйымдастырған CAFE.EUROPE – Еуропалық тiлдер күнi құрметiне арналған шарада шет тiлiн үйренуге құлшынатындар бас қосты. Еуропалық Одақтың Қазақстандағы өкiлдiгiнiң жетекшiсi Норбер Жустен мырза өзгелермен танысуда, қоян-қолтық араласуда шет тiлiн бiлудiң аса маңызды екендiгiн көлденең тарта келе, жастарды кәрi құрлыққа саяхаттауға, бiлiм алуға, мәдениетi мен әдебиетiне сусындауға мол мүмкiндiк беретiн еуропалық тiлдердi үйренуге шақырды. Жустен мырза болашақта қазақ және орыс тiлдерiн үйренуге уәде берудi де ұмытпады. Аталған мәдени және бiлiм шарасында 4 сағат бойы көңiл көтерген жас-кәрiсi аралас қауым Еуропалық жоғары бiлiм беру ордалары туралы көрмеге қатысып, театрландырылған және музыкалық қойылымдарды тамашалады. Сонымен қатар EUNIC тарапынан арнайы ұйымдастырылған байқаудың жеңiмпаздарын анықталып, мереке соңында «Кино и немцы» тобы өнер көрсеттi.
Мерекенi тойлау барысында Британдық консулдықтың мәдениет жөнiндегi атташесi Лина Милошевич ханымды әңгiмеге тартқан едiк.
– Лина ханым, еуропалық тiлдердi ұлықтайтын бұл мерекенiң мақсаты не?
– CAFE.EUROPE – EUNIC тарапынан екiншi рет ұйымдастырылып отыр. Алматыдағы жоғары оқу орындарының студенттерi тарапынан еуропалық авторлардың пьесаларынан үзiндi келтiрiлетiн, поэзиялық шығармалар жатқа оқылатын, музыкалық қойылымдар көрсетiлетiн бейресми шара. Оның iшiнде «Қазақстандағы Еуропа» тақырыбына негiзделген сурет байқауы мен «Ең сүйiктi бес сөз» тақырыбындағы бейнебайқау да бар. Шараның басты мақсаты – қазақстандықтарды еуропалық мәдениетпен және бiлiммен жақынырақ таныстырып, Қазақстан мен Еуропа арасындағы мәдени байланыстарды нығайту. Сондай-ақ, еуропалық тiлдердi меңгеруге тырысып жүргендерге қолдау көрсету, олардың қызығушылығын арттыру. EUNIC – 2011 жылдың мамырында Алматыда Француз альянсы, Британдық консулдық (British Council), Гёте институты, «Данте Алигьери» комитетi, Венгрия Республикасының Алматыдағы Бас консулдығы тарапынан бiрлесiп жүзеге асырылатын жоба.
– EUNIC жобасының алға қойған жоспарына тоқталсаңыз?
– Басты мақсатымыз, Алматыдағы EUNIC қызметiн кеңiнен насихаттау, яғни жылына мәдени, бiлiм саласына қатысты 2-3 шара шара ұйымдастырып отыру. Жақын арада Астана қаласынан да EUNIC бөлiмiн ашу жоспарда бар.
– Аталған жоба Қазақстаннан басқа посткеңестiк елдердiң қайсысында жүзеге асырылады?
– Еуропалық Одақтың мәдени ұйымдар қауымдастығы құрылғалы көп уақыт өте қойған жоқ. 2006 жылы iргетасы қаланған EUNIC ұйымына ЕО құрамындағы 26 елдiң 30 өкiлi мүше. Бұл кеңiстiк ауқымын алдағы уақытта барынша кеңейтуге мүдделiмiз. Бүгiнде бiздiң ұйымның Жер шарындағы 150 мемлекетте 2 000-нан астам бөлiмшесi бар. Олар өнер, бiлiм, мәдениетаралық келiсiм, жастарды қолдау және дамыту саласында тер төгiп жүр.
– 2004 жылы Еуроодақ құрамына 10 мемлекеттiң мүшелiкке өткенi белгiлi. Олардың арасында ағылшын тiлi емес, орыс тiлi үстемдiк құрған посткеңестiк елдер де бар. Бұл кәрi құрлықтағы тiл проблемасының туындауына себеп болды. Қазiр Еуроодақтағы ағылшын тiлiнiң проблемасы қалай шешiлуде?
– Сөз жоқ, медицина, жаңа технологиялар, спорт, өнер, мәдениет, саясат, экономика т.б. салаларға ағылшын тiлiнiң ықпалы зор. Тiкелей өзiмiзге келсек, бiз, Британдық кеңес балаларымыздың мектептер мен жоғары оқу орындарында ағылшын тiлiн сапалы түрде меңгеруiне қатысты көп жұмыстар атқарып жатырмыз. Мысалы, соңғы 3 жылдың көлемiнде Қазақстандағы ағылшын тiлi пәнi мұғалiмдерiмен 80 пайызына жуығымен тiкелей немесе жанама түрде жұмыс жасауды жолға қойғанымызды мақтанышпен айта аламыз. Сонымен қатар ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгiмен, Мұғалiмдердiң кәсiби бiлiктiлiгiн арттыру институтымен, бiлiм саласына қатысы бар түрлi мемлекеттiк құрылымдармен тығыз қарым-қатынас орнатқанбыз. Қазақстандық ұстаздардың жаңа, заманауи оқу-әдiстемелiк құралдарына, бiлiм бағдарламаларына, оқулықтарға қол жеткiзуiн қамтамасыз етуге баса назар аударамыз. Бiр айта кетерлiгi, аталған мәселеде қоян-қолтық араласатын қазақстандық мұғалiмдер қауымы бiзге дән риза. Олар қолдарында бар жаңаша құралдарды тәжiрибеге жүзiне асыруда белсендi.
– Қазақ Үкiметi кейiнгi кездерi үштiлдiлiк бағдарламасын жүзеге асыруға құлшына кiрiскен. Сiздiңше, бұл бастама қаншалықты құптарлық және қанша уақытта қоғамдық ағылшын тiлiнде сайратуға болады?
– Мен тiл маманы емеспiн. Бiрақ жеке пiкiрiмдi айтсам, менiңше, Қазақстан үкiметi ұстанып отырған бұл саясат құптауға тұрарлық. Қазақ тiлi мемлекеттi құраушы басты ұлттың тiлi ретiнде, халық бiлуге тиiс тiл ретiнде керек болса, мәдени және геосаяси жағдайларға байланысты бұл аймаққа орыс тiлi де қажет. Ал ағылшын тiлi Қазақстанның келешектегi саяси, экономикалық, мәдени және басқа да салаларға қарым-қатынасын нығайтуға, халықаралық қауымдастықпен ұғыса бiлуге сеп болмақ. Үштiлдiлiкке көшу қанша уақыт алады? дегенге келсек, қиын сұрақ. Бiрақ бұл саясат жағдайында бiр ғана ұрпақтың буыны емес, бiрнешеуiн қамтитыны анық.
– Әңгiмеңiзге рахмет!
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ