ӨЗБЕК ӨЗ ДЕГЕНIНЕ ЖЕТУДЕ

ӨЗБЕК ӨЗ ДЕГЕНIНЕ ЖЕТУДЕ

ӨЗБЕК ӨЗ ДЕГЕНIНЕ ЖЕТУДЕ
ашық дереккөзі
192

Орта Азия мемлекеттерi iшiнде өз тiлiн, ұлтын сүюдi өзбек халқынан үйрену керек сияқты. Қазiргi кезде Өзбекстан мемлекетiнде мемлекеттiк тiл – өзбек тiлiнiң қолдану аясын кеңейтуге қатысты мәселе түпкiлiктi шешiмiн тапқан. Өйткенi мемлекеттiк саясат та осы бағытта жұмыс iстеуге мүдделi.

Өзбекстан бұл жұмыстың “бiсмiлләсiн” қаланы кеңестiк кезеңнiң қалдықтарынан тазартудан бастаған болатын. Соңғы екi-үш жылдың көлемiнде көше атау­ларын да жаппай өзгертiп, ертеден келе жатқан ескерткiштердi де қиратты. Оның орнына ұрпақтың патриоттық рухын көтеретiн ұлттық ескерткiштердiң бой көтеруiн құп көрдi. Ол аз десеңiз, былтырдан бастап көшедегi жарнама тақтайшалары мен бильбордтардың тек өзбек тiлiнде ғана жазылуына қатаң талап қойғаны жұрт есiнде. Тағы бiр айта кетерлiк жайт – жергiлiктi билiк басқа тiлдегi бiлiм ұяларын айтарлықтай түрде қысқартып, есесiне ұлттық мектептердiң көбеюiне атсалысуда. Қазiрдiң өзiнде Өзбекстанда тұратын қандастарымыз қазақ тiлiндегi сыныптардың бiртiндеп жабылып жатқандығын айтып, өзбектену процесiнiң басталып кеткендiгiн қаперге салып жүр. Жасыратын несi бар, Өзбекстан мемлекетi қазiр Қазақстан тұрмақ, айдарынан жел ескен Ресейден де имiгер емес. Неге дейсiз ғой! Бүгiнде өзбек ағайындары орыс тiлiн де бiрте-бiрте қолданыстан шығарып тастауға кiрiсiп кетiптi. Оған бiлiм ұяларында орыс тiлiн аптасына бiр-ақ рет оқытуға көшкенi нақты дәлел болса керек. Бiрақ та осыдан соң байбалам салып, өре түрегелiп жатқан өзбекстандық орыстар туралы естiген жоқпыз. Себебi олар өзi ауасын жұтып, нанын тауып отырған елдiң iшкi және сыртқы саясатына қарсы шығуға қақысы жоқ. Ал бiздiң елiмiздегi басқа ұлт өкiлдерiнiң айдарынан жел еседi, өз талаптарын орынды-орынсыз қоятындығын қайда қоясыз. Әсiресе жақында ғана «Тiл туралы» Заң жобасына байланысты орыстiлдiлердiң жандәрмен түрде қарсы шыққанына барша жұрт куә.

Айта кету керек, Өзбекстанмен шекаралас қазақ ауылдарының бәрi бүгiнде өзбек телеарналарының өнiмiн тамашалауда. Әрбiрден соң кейбiр ауылда қазақ телеарналары көрсетiлмейдi екен. Есесiне, осы елдi мекендерде өмiр сүрiп жатқан қазақ отбасылары өзбектiң бағдарламалары мен хабарлары арқылы ұрпақ тәрбиелеп келедi. Ал Өзбекстандағы орыстiлдiлер Ресей арналарын тек ғарыштық антенналардың көмегiмен ғана көре алады. Содан ба екен, қазiргi статистикалық көрсеткiш бойынша, орыстардың 50 пайызы өз Отаны – Ресейге көшiп кетiптi. Орталық Азия елдерiнде орыс тiлi тек Қырғызстан мен Қазақстанда ғана үстемдiк етуде. Екi елдiң шенеунiктерiнiң де қарым-қатынас тiлi негiзiнен орыс тiлi. Тiптi шетелдiң мемлекеттiк делегациялары ресми сапармен келгенде қазақ тiлiн ысырып қойып, тек орыс және ағылшын тiлiнде жорғалайтыны үйреншiктi жайт. Ал көршi Өзбекстанның атқамiнерлерi елге кiм келсе де, әуелi өзбек, содан кейiн ғана халықаралық тiл – ағылшын тiлiнде сөйлейдi. Себебi өзбектер «Тiлi жоғалған ұлттың өзi де жоғалады» деген қағиданы әу бастан қатаң ұстанады. Ал бiзде ше?..

06.10.2011

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары