АСҚАРОВҚА ҚҰРМЕТ
АСҚАРОВҚА ҚҰРМЕТ
Көрнектi мемлекет және қоғам қайраткерi, Социалистiк Еңбек Ерi Асанбай Асқаров есiмiн Оңтүстiк жұртшылығы ерекше ықыласпен еске алады. Облысты 1979-85 жылдары басқарған азамат – өңiрдiң дамуына, соның iшiнде Шымкент қаласының гүлденуiне ерекше үлес қосты. Ол кiсiнiң жеке бастамасымен Шымкентте хайуанаттар бағы, Дендрарий бағы, ипподром, «Тұлпар» жасанды көлi, Балалар темiр жолы салынып, Өгем өзенiнен су тартатын канал қазылды, «Шымкент-Ташкент» күрежолы iске қосылды. Асқаровтың тұсында Шымкентте зәулiм ғимараттар бой көтердi. Оларды күнi бүгiнге дейiн Шымкенттiң сәулетiн ашатын, тiптi облыс орталығының символына айналған десек те болады.
Қазiр Шымкентте Асанбай Асқаровтың есiмiн еншiлеген көше және мектеп бар. Өзiнiң есiмiмен аталатын көшенiң бойында ескерткiшi қойылған. Жыл сайын Оңтүстiк халқы Асқаровтың туған күнiн атап өтiп, оның ескерткiшiне гүл шоқтарын қояды. Марқұмның әруағына арнап құран бағыштайды. Осындай дәстүрлi iс- шара биыл республикада үшiншi болып, Асекеңнiң тiкелей бастамасымен ашылған Шымкент хайуанаттар бағында өттi. Аталған орыннан Асанбай Асқаровқа арнап ескерткiш тақта орнатылды. Бұл шара зообақ ұжымының ұйымдастыруымен жүзеге асырылыпты.
– Елге, халқына айрықша қызмет еткен ердiң есiмiн зообаққа келетiн бүгiнгi ұрпақтың да бiлуi үшiн осындай шараны жасауды ұйғардық. Қазiргi уақытта дендробақ, зообақ, ипподром орналасқан демалыс аймағына Асанбай Асқаровтың атын беру жөнiнде жұмыстар қолға алынды. Бұл шаруа бұрын көтерiлгенiмен, кезiнде заңдастырылмай қалыпты. Соны ендi жүзеге асыруымыз керек, – дедi салтанатты шара барысында сөз алған Шымкент қаласы әкiмiнiң орынбасары Баһадыр Нарымбетов.
Естелiк тақтаның жамылғысын А.Асқаровпен қызметтес болған Клара Әлiпова мен Исмат Тұрсынқұлов түсiрдi. Бұдан кейiн атпал азаматтың рухына арнап ас берiлдi.