ҚАРА ДОМБЫРАНЫҚОҚЫСТАН ҚОЛЫММЕН АРШЫП АЛДЫМ

ҚАРА ДОМБЫРАНЫҚОҚЫСТАН ҚОЛЫММЕН АРШЫП АЛДЫМ

ҚАРА ДОМБЫРАНЫҚОҚЫСТАН ҚОЛЫММЕН АРШЫП АЛДЫМ
ашық дереккөзі
175

Досхан Жолжақсынов:

Қазақ киносының көшiне «Бiржан сал» фильмi ұзақ жылдардан кейiн қосылды. «Бiржанды түсiрсем» деген ой – белгiлi актер, өнер қайраткерi Досхан Жолжақсыновтың ұзақ күткен арманының жемiсi. Бiржанға дейiн де қазақ киносының талай-талай белесiнен өттi актер. Қазақтың кино өнерiнiң көшiн бастаған талай сахна саңлақтарымен серiктес болды. Өзi пiр тұтқан өнердегi ағалары Нұрмұхан Жантөрин, Әнуар Молдабековпен фильмдерде бiрге түстi. Қазақ сахна өнерiнiң жарық жұлдызы Хадиша Бөкеева өнердегi тұсауын кескен өрiмтал жiгiт бүгiнде атпал азаматқа айналды. Кино мен театр өнерiнiң саңлақтарының арасынан Жолжақсыновтың қолтаңбасын жаңылмай аңғаруға болады.

– Бiржан салды түсiру үшiн өзiңiз ұзақ күттiңiз, көрермен де ұзақ күттi. Не себептi? Кезiнде театрдың директоры болып отырған шағыңызда немесе кинода жүрген сәттерiңiзде Бiржанды шығаруға мүмкiндiгiңiз болмады ма?

– Әр нәрсенiң өзiнiң сәтi түскен ке­зеңi болады. Өкiнiшке қарай, бұл да қоғамның, ортаның әсерi. Осының өзiн дәлелдеу, осыған жетудiң өзi қыруар күш-жiгерiмiздi алды. Жаға жыртыспасақ-тағы, үлкен-үлкен алқалы топтарда кәдiмгi бел шешiп, түсiндiруге дейiн бардық. Менi шошындырғаны мықты-мықты дейтiн қазақтардың өзi «әй, бұл керек емес қой, мұның уақыты өтiп кеттi ғой, мұны көрермен қабылдамайды ғой», – деген әңгiмелер айтты. Көрерменнiң деңгейi дегенiмiз – Брюс Ли, Джеки Чан, Ван Дамм. Деңгейiмiз осы. Өкiнiшке қарай, бүгiн көп суреткерлердiң өмiрлiк ұстанымдары, бұлардың цензурасы Голливуд арқылы қабылданады. Сондықтан бiздiң ұлттық дүниемiз керексiз, қазақы, олардың тiлiмен айтқанда мәңгүрт, мамбетский дүние болып қалды. Осы пiкiр, өкiнiшке қарай, қалыптасып та үлгердi. Бұл – үлкен қауiп. Бұл – тозақ. Көзi ашық жiгiттердiң кейбiрiнiң де осы деңгейде ойлап қалғаны бар. Сондықтан да қайта Бiржан сал дер кезiнде шықты деп ойлаймын. Бұдан ұзағырақ болғанда, сәл қиындау тиетiн едi. Дәлелдеу де қиын болатын едi. Өйткенi аға буын кетiп жатыр. Мұның көрерменi – аға буын. Олар кiшкене ұлттық, далалық иiстi, қасиеттi алып қалып үлгерген. Кейiнгi келе жатқан ұрпақ мұны қалай қабылдайды? Оның өзiнде орта-орта болып қабылдауы мүмкiн. Ақын, жазушы қабылдауы мүмкiн, композитордың кейбiрiне ұнауы мүмкiн. Қазақы көрерменнiң өзi де, алдыңғы ұрпақ кетiп қалғаннан кейiн не көрiп жатыр? Өзiнiң таспасына салған, кiлең шетелдiк құрыған дүниелердi тамашалап жатыр. Сонымен рухани байлық жинап жатыр. Мiне, қауiп! Гете: «Ұлттың ұлт болып қалуы үшiн алдымен өзiнiң театры болуы керек» деп айтып кетiптi. Жақсы, театрлар бар. Бiрақ мұның аудиториясын киномен салыстыруға болмайды. Бiзде киноқұрылым жоқ. Прокат деген мәселе жоқ. Ауылдың бәрi ойына келгенiн көрiп жатыр. Мiне, сол қауiп! Ауылдағы адамдар не iстерiн бiлмейдi. Кешкiсiн жұмыстан келдi. Жұмыстың да шекесiнiң қызып жатқаны белгiлi. Мысалы өзiмнiң ат төбелiндей балықшы ауылымды алайын. Бригада-бригада болып, Зайсаннан балық аулайды. Қолы жеткендер мотор қайығын алып, қолы жетпегендерi ау салады. Ауды құратын жердiң өзiнiң рұқсатын алады. Қазiр көлдiң өзiнде орын жоқ. Бәрiн бөлiп алған. Содан таңертең кетiп, кешке дейiн сандалғанында тапқан бес-алты балығын алып, қабылдайтын адамға өткiзедi. Одан тапқан бес-он тиынымен күнiн көрiп, бала-шағасын асырап жатқан жайы бар. Кешкiсiн үйiне келгеннен кейiн теледидардан не көредi?! Бiз Алматының ортасында отырып, теледидар мен радиоға әлi көңiлiмiз толмай отыр. Ол байғұс не күйде?! Содан кейiн бiз: «Бұзақы бала тәрбиеледiң, неге ол қазақша бiлмейдi, неге ол осындай да мынадай?» деп, оның алдына мiн қоямыз. Ол мiн нелiктен екенiн ойламаймыз?! Сондықтан ауылдағы Мәдениет үйiн қайта тiрiлтiп, өткен заманның киноларын көрсетiп, бүгiнгi фильмдердiң арасынан көрерменге ықылас бередi-ау дегендерiн көрсетiп жатса, сол ұлттық сананы қалыптастырады. Мiнездi қалыптастырады, қазақы үрдiстi қалыптастырады. Жиырма жылдыққа қаланың күндерiне кесте дайындалып қойыпты. Басқа кинолардың барлығы да тұр сайланып. Бiржан салды күндiзгi сағат 12-ге қойыпты. Әрi орыс тiлiнде. Мұнымен бiз не ұтқалы тұрмыз? Бiр кеще «бiздiң тарихмызды орыстар да көрсiн» деп айтуы мүмкiн. Сен өйтiп, өзiңдi де алдама, өзгенi де алдама. 12-де болатын бiр көрсетiлiммен жиырма жыл тәрбиелей алмай келе жатқан қай орысты тәрбиелемекпiз?!. Сен одан да өзiңнiң көгенкөздерiңе қазақ тiлiнде көрсетiп, қазақы болмысты, қазақы ортаны, Бiржанның кiм екенiн көрсет. Соны қазақы көгенкөз түсiнсiн. Бiзде осылай жасалады. Оның зауалы кiмге? Ешкiм бiлмейдi. Кiмге айтасың? Жарайды, ендi онда тұрған не бар деп қарауға болады. Сағат 12-де бiр барып көрген көрермен не түсiнiп қайтады? Мiне, осы қиын. Бiр қарағанда түк емес мәселелер сияқты. Қоғамдағы қазақы болмыстағы ақаулардың көбi осындайдан жиналады. Мiнбеден тұрып шiренемiз. Тiл қайда, дiл қайда, дiн қайда деймiз?! Iстелiнiп жатқан шаруалардың бәрi қарама-қайшы. Осыған жауап беретiн адамдар отыр ғой. Бұл ненi көрсетедi? Немқұрайлылықты. Екiншiден, жалпы кещелiктi. Азамат емес, не кәсiби емес, осыны бөлген адамның өзi далбаса.

– Театр сахнасында жүрген кездердi жиi сағынатын шығарсыз. Қазiр театрға жиi барасыз ба? Жаңа премьераларды көрiп тұрасыз ба?

– Болып жатқан жаңа премьералардың барлығын хал-қадерiм жеткенше көруге тырысамын.

– Көңiлiңiз тола ма?

– Соңғы кезеңдерде бүгiнгi заманға сай дүниелер дедiк-тағы соны қуып кеттiк. Қазiр жазылған пьесаға «ай дейтiн ажа, қой дейтiн қожа» жоқ. Сондықтан жазады-дағы театрға алып келедi. Ол кiсiлерге де кiнә артуға болмас. Одан тауып жатқан пайдасы да шамалы. Жазылған дүниенiң бәрi заманауи болған соң, осылай болып шығып жатыр. Қазiр теат­рларда үлкен әлемдiк дүниенi қояйық, бiрақ, адамның iшкi дүниесiн қозғайтындай, адамның бағыт-бағдарына үлкен бағдаршам болатындай дүниелер жоқтың қасы. Соған етiмiз де үйрене бастады. Болмашы дүниелердi «ойбай, сұмдық екен, ғажап екен» деуге дайынбыз. Олардың көбi пьеса ретiнде, қойылым ретiнде ортанқол дүниелер. Театр күнделiктi жүрдiм-бардым жер емес қой. Көрiнгеннiң шыға салып, ойына келгенiн құса салатын жерi де емес. Гете: «Ұлттың ұлт болып қалыптасуы үшiн, театр болуы керек» деп айтып тұр ғой. Луначарский: «осы тобырдан халық жасауымыз керек» деп айтқан екен. «Тобыр» деуге аузым бармайды, өз халқым. Бiрақ егер халық деген ұғымның нысанасын бiлсек, шын мәнiнде соған қызмет етуiмiз керек. Халықтық деңгейге жеткiзуiмiз керек. Ең алғашқы сатыда ол – театр, ол – кино, ол – өнер, ол – әдебиет. Бүгiнде ақын екеш ақынға дейiн, композитор екеш композиторға дейiн шығарған дүниелерiне ыждағатпен қарау керек. Өйткенi бүгiнгi мына бiр өтпелi кезеңнiң әсерi көп болады. Кез келген шалажансар дүниенi жалпы ұлтқа бере берсе, ұлт қабылдай бередi қазiр.

«Қазақы деген ұғым – далалық, кеңдiк,

қазақы пайым,

қазақы түсiнiк,

қазақ тiлiң,

қазақы әдет-ғұрпың»

– Аға, бiздiң трагедиямыздың өзi осында жатқан жоқ па? Яғни кез-келген шалажансар дүниенi сараптамай, елеп-екшемей қабылдай беретiндiгiмiзде. Мәселен кезiнде «Қыз Жiбек» фильмiн түсiрген кезде, оның басы-қасында қазақтың мықты жазушысы, мықты композиторы, мықты суретшiсi жүрдi. Соның арқасында саф алтындай таза, мөлдiр, ұлттың киносы өмiрге келген жоқ па?– Солай. Бүгiн сондықтан да болар, көп жерде не барымызды базарлай алмай қаламыз, не жоқты құлақтан созып, Ұлыға дейiн жеткiземiз. Мұның бәрi бiздiң ұлттық дүниелерiмiзге келгенде үлкен кедергi жасап отыр. Сондықтан, Мәдениет министрлiгiнде алқалы топ жұмыс iстеуi керек. Көркемдiк кеңес театрдың iшiнде де бар. Бiр фестивальден екiншi фестивальге көшiп жүретiн адамдар да пайда болды. Тек сол адамдар осы фестивальдiң де алқасы. Келесiде де солай…

– Ол алқа киноға да тиесiлi емес пе?

– Оның рас. Кинода да солар, театр­да да сол. Әбден сыңаржақ болып, өздерi де бiттi. Түсiнiгi де түсiнiк емес. «Ей, сен неге осындайсың?» деп айтып жатқан ешкiм жоқ. Бiреудiң өзi жақсы, бiреудiң көзi жақсы. Мiне, осылай күн кешiп келе жатырмыз. Бұл ең қауiптi кезең. Экономика да түзелер. Зар илеп жатқан жаһандануымыз да кiрдi табалдырықтан. Соған бiз өзiмiз ықпал жасап жатырмыз. Осылай болу керек деп, басынан сипап жатырмыз. Тағы да айтам, «әй дейтiн ажа, қой дейтiн қожа» жоқ. Баяғы ескi заманда әкiмдi ажа деген екен. Өнерге келгенде бұл қиын шаруа. Осының бәрiне таразы болмай, түзелмейдi. Бұл Алматыдағы театрлардың басындағы жайт. Ал ендi облыстық театр­ларымыз не болып жатыр?! Әйтеуiр анда-санда бiреулер барып жазып келедi. Театр өнерiн бiлмейтiн бiр қыздарымыз батыл қолдарына қалам алып жазады. Театрдың спецификасын, Станиславскийдiң системасын ашып көрмеген балалар жалпылама жазып шығады. Мына жерiнде жылады, осы жерi әсер еттi, әлi де иiн қандыра түссе екен деп жазады. Бұған екi тұрғыдан қарауға болады. Не ана адам жаздыртып отыр, не бiздiң деңгейiмiз осы болып қалды. Баяғы Мұхамеджан Қаратаев, Серағаң сияқты сыншы ағаларымыз, Қалтай Мұхамеджанов, Оралхан Бөкей ағаларымыз қалай жазатын едi?! Оралхан ағамыз «Қаракөз» турасында жазды. Қандай ғажап сын? Өкiнiшке қарай, жақсы сын болмағаннан кейiн, осы ризашылыққа да етiмiз үйренiп барады. Ең болмағанда осындай театрда осындай спектакль қойылып жатыр екен дегендi бiлiп отырамыз. Кино жайында жалпы айтпай-ақ қояйық. Бес-алты адам отырады-дағы «Келiндi» Оскарға ұсынады. «Қыз Жiбектi» қабылдаған Ғабеңдер, Ғабидендер, Тахауи Ахтанов, Камал Смаилов болса, не болар едiк?! Не айтар едi «Келiнге»?! Маргиналдар «көзқарастары ескi, не түсiнедi?» деп айтуы мүмкiн. Қазақы танымның, қазақы түсiнiктiң, қазақы үрдiстiң көбiне «қазақпын» деп жүргендердiң көбi ескiлiкпен қарайтын болып қалды.

– Мүмкiн, бiз жалпы қазақы деген ұғымға қарсы шығармыз…

– Қазақы деген не? Қазақ киносын, ұлттық киноны түсiре алмай жатсаң, сонда сол адамды шала деуге болады. Ал жалпы, қазақы деген ұғым – далалық, кеңдiк, қазақы пайым, қазақы түсiнiк, қазақ тiлiң, қазақы әдет-ғұрпың. Бұдан қашу деген сөз – онда төлқұжатыңды өзгерт деген сөз.

«Домбыраны саусақ сөйлетпейдi, көңiл сөйлетедi»

– Бiр сұхбатыңыздан домбыраны ерекше жақсы көретiнiңiз туралы оқып едiм. Домбыраны бала кезiңiзден тартқан соң, қазақтың қасиеттi домбырасына деген махаббатыңыз да ерекше болар…

– Жалпы, домбыраны саусақ сөйлетпейдi, көңiл сөйлетедi. Сондықтан домбыра менiң көңiлiмнiң құлақ бұрауы. Сонымен қатар, домбыраны мен әкемнен үйрендiм. Кейде шертiп отырып, әкемдi есiме алам. Әкемдi сағынғанымды сезем домбыра арқылы. Дәстүрлi ән деген түсiнiк кiрдi бiздiң қоғамға. Ол неге дәстүрлi ән? Ал дәстүрсiз ән деген не сонда? Осыны қай кеще кiргiздi? Осыны мен түсiнбеймiн. Бұл – халық әндерi, халық композиторларының әндерi. Мiне, осы әндердi естiгенде, әкемдi сағынғанымды сезем. Сондықтан домбыра – менiң болмысым, домбыра – менiң өмiрiм, домбыра – менiң өткенiм, домбыра – менiң келешегiм. Қазiр қоғамды сақтап қалатын дiн деп жүрмiз. Сол дiннен зардап шегетiн заманға кiрдiк пе деп те ойлаймын кейде. Мен бiр мысал келтiрейiн. Осыдан үш жыл бұрын «Рамс­тордан» шығып келе жатқам. Машинам сол жақта едi. Қолымда алған дүниелерiм. Оң жағыма қарасам, анадайда қоқыс тастайтын жәшiкте домбыра жатыр екен. Қазақтың кәдiмгi домбырасы. Шанағы ауқымды емес, жiңiшкiрек келген. Әп-әдемi домбыра. Құдай-ау, қолымдағының бәрiн тастадым да, жүгiрiп бардым-дағы қоқыстың iшiнде жатқан домбыраны аршып алдым. Бiр шегi үзiлген, тиегi жоқ. Жан-жағын зерделеп, тағы бiр шолып шықтым. Домбыраның иесi сынғаннан кейiн тастап кеттi ме деп те ойладым. Тiптi сынған домбыраны тастаудың өзi жантүршiгерлiк емес пе? Мен мұндайды естiмеппiн де, көрмеппiн де. Домбырасын ұрып сындырғанды көргенiм бар. Өзiм де бiр күнi домбырамды ұрып сындырдым. Әбден домбырамды сағынып келiп, қолыма алып ойнасам, құлағы келмейдi. Ары бұраймын, берi бұраймын, қапаланғаным соншалықты домбыраны бiр-ақ ұрдым. Сынған домбыраны жинап алып қойдым. Кейiн әлгi домбыраны қайта құрастырып алдым. Ұрғанымның арқасында керемет домбыра болып шықты. Содан әлгi қоқыстан домбыраны алдым да, машинаға апарып салдым. Домбыраны қоқысқа тастау – бұл бiздiң бүгiнгi жетiстiгiмiз. Егер ол қасиетсiз домбырадан ада бiреу болса, домбыраны сатып алмас едi. Домбыраны сұранысы бар бiреу сатып алды. Бiрақ түйсiгi жоқ, тәрбиесi жоқ. Алды-дағы жарамай қалған соң, қоқысқа тастай салды. Бұл – үлкен трагедия. Бұл кәдiмгi дабыл қағуға тұрарлық оқиға. Бiздiң қауiптi шекке жеткенiмiз. Бiреу тәйiрi домбыра ма деп айтуы мүмкiн. Айналайын-ау, домбыра тiптi үйiңдегi төсегiңнiң астында жатса, ол да қиянат. Қазақты домбырамен салыстырып жатамыз. Домбыраны тарихпен салыстырамыз. Сөйткен домбыраңды солай тастайтын болсаң, онда сенiң кiм болғаның?! Ал мынау қоқсықта жатыр. Бұл – бiр. Екiншi бiр дүние. Астанадан келе жатырмын машинамен. Театрдың директорымын. Машинаның үстi толы үлкен темiр агрегат. Шопыр мен екеумiз ғана сиятын жер бос қалған. Iшi өте тар. Оны театрға алып келе жатырмын. Тараздан берi қарай келiп, Мойынқұмның жолымен қиылысатын бұрылыс бар. Сол жерде ауыл адамдары тоқылған шұлық сатып тұрады. Өзiме бiр байпақ алайын деп тоқтадық. Байпақты сатып алып, машинаға мiнгенiм сол едi, артымызда бiр көлiк жол бер дегендей осқырынып тұр екен. Шопырыма: «Құдай сақтасын, мынаған жол бере салшы» дедiм. Ана көлiк далалық жолдан асфальтке шыққалы тұр. Жол бердiк. Артынан бiзде қозғалдық. Бiр бес жүз шақырым жүргеннен кейiн, шұғыл солға бұрылатын бұрылыс бар. Жаңағы көлiк сол бұрылысқа осқырынған бойы жеттi де, сол бұрылыстан бiресе оңға, бiресе солға бұрылып, шайқалды да кеттi. Артынан қоп-қою шаң көрiндi. Әлгi көлiк алты-жетi аударылып барды-дағы теректердiң арасында төрт дөңгелегiмен тұра қалды. Машинаны тоқтата қалып жүгiрдiм. Машинадан бiр баланың басы қылтияды. Жүгiрiп келдiм де, машинаның үстiне шығып, әлгi баланы қолтығынан ақырын тартып, шығарып алдым. Машинадан шығарып алып, алыстау жерге отырғыздым да, «қай жерiң?» деп сұрасам, «Аяғым-аяғым» деп безектейдi. Оң аяғына қарасам, үлкен жiлiк шорт сыныпты. Апарып оны жатқызып қойдым. Алдыңғы жақта бiр жiгiт отыр, сал болып қалған. Қозғалмайды. Ақырын есiктi аштым. Оны көтеруге шамам келмедi, салмағы ауыр екен. Шопырымыз екеумiз екi жағынан көтерiп, жаңағының қасына барып едiк, аузынан арақ деген бұрқырап тұр екен. Машинаға қайта жүгiрiп келiп қарасам, арт жағында бiр ақсақал отыр. Бүк түсiп қалған. Есiктi ашсам, бiр түсiнiксiз, өзге бiр әлемнен келгендей көзқараспен маған қарайды. Әлi есiн жия алмағанын сездiм. «Ата, түсiңiз, ата» деп едiм, ақырын ғана «аманмын» дедi. Ақсақалды шығарған соң, әлгi жатқан жiгiт маған: «Аға, шопыр қайда?» деп сұрады. «Шопыр бар ма едi?» деппiн. Машинаның iшiн қараймыз, жоқ. Қараңғы түсiп кеттi. Бiр уақытта машинаның жан-жағына шығып қарасам, 7-8 метр жерде шоқиып бiреу отыр. Құмды төбенiң үстiнде. «Әй, бауырым, амансың ба?» десем, «Аманмын» дейдi. «Тұр, тұр» дедiм. Аналардың бәрiн шығарғанша, есiн жиып қалыпты. Аман екен. Сал болып қалған жiгiттiң омыртқасы кеткен. Кiшкентай бала мұның ұлы екен. Бiреудiң тойынан шыққан. Iшiп алыпты. Машинаға салайын десем, салатын жер жоқ. Агрегатты түсiрейiн десем, оны түсiру үшiн кран керек. Ал, машина таба алсамшы. Алыс­тан бiр «Газель» келе жатыр екен. Алдына кесе-көлденең тұрып алдым. Есiгiн аштым. Шопырдан басқа сегiз адам бар екен. Бәрiнiң басында ақ топы. «Әй, айналайындар, шыға тұрыңдаршы. Осы жерде мынадай апат болды. Жақын маңда аурухана бар екен. Соған жеткiзiп салайық», – дедiм. Барлығы маған ақымаққа қарағандай қарады. Алдында отырған мұртты бiреуi: «Аға, бiз «Ақжолға» кетiп бара жатыр едiк. Бiзге өйтуге болмайды», – дедi. Мiне, қараңыз. Оның «Ақжолы» қай «Ақжол»? Бұл не? Пайғамбармен кездесуге бара жатыр ма, мына жерде адам өлгелi жатқанда?! Сонда әулиелердiң басына кетiп бара жатқаны ғой. Мiне, бiздiң деңгейiмiз. Дiнге сенген дүмшелердiң сенiмi осы. Сауап iздеген адамдардың сауабы осы емес пе? Көлiгiнен түсе қалып, жаны қиналып жатқан жандарды апарып тастамай ма? Шопырым телефон арқылы Алматыға хабарласып, «Жедел жәрдем» шақыртып үлгердi. Сондағы менiң күйзелгенiмдi көрсеңiз. Мен екi құбылысты көрсеттiм. Бiрi – далада жатқан домбыра, екiншiсi – дiнге деген сенiмiмiз. Одан берi бiздiң танымымыз өзгерiп кеттi дегенге сенбеймiн, азғындап кетпесек.

«Егер барымызды қадiрлей алмай жатсақ, ол ұлтқа сын!»

– Елiмiзде, қазақ жерiнде Азиаданың өтуi де қазақ халқы үшiн үлкен тарихи оқиға. Сiз сол Азиаданың ашылу салтанатын жүргiздiңiз. Сол ашылу салтанаты туралы кейiнiрек БАҚ-та жиi сындар айтылды да. Бұған сiздiң көзқарасыңыз қалай?

– Азиадаға көкiрегiмдi аша, шашу шаша қуанған қазақтардың бiрiмiн. Азиаданың бiзде өтуi, бұл әлемнiң тануы, әлемге және бiр паш етуiмiз. Ашылуы қалай өттi? Бұл ғажап қой, бұл құбылыс емес пе? Соның iшiнде бiз керекке жарап жатсақ – бұл бiздiң азаматтық парызымыз. Барымызды елге жеткiзуге тырыстық. Аса даурығатындай ешнәрсе болған жоқ. Орыстiлдi болған екен, халықтың алдында сөйлеген кезде қызымыз өзiнiң жарқын көңiлiн бiлдiрiп қалған екен, орысша сөйлеген екен, осының барлығына кешiрiммен қарау керек. Басқасы жетiсiп жатқандай, кейбiр болымсыз кемшiлiктердi термелеймiз. Менiң тарихым, менiң өмiрiм деген домбыраны қоқысқа тастағанда, сенiң намысың неге оянбайды?! Соның жанында бұл түк емес. Бұл жерден ешқандай жаңалық та, жамандық та iздеудiң қажетi жоқ. Ең негiзi, қалай өттi? Бiр-бiрiңдi құттықтап, үйiңде «Уа, оян, қазақ, жеттiм қазақ» деп қуансаң, осыған қуан, осымен мақтан!

– Қазақ халқы, ұлт өзiнiң таланттарын, дарындарын қаншалықты құрметтей алады? Өнер адамы ретiнде айтыңызшы, досыңыз көп пе, дұшпаныңыз ба?

– Талант деген сөзге онша үйiрлiгiм жоқ. Үйiр болғым да келмейдi. Бiрақ күнделiктi iстеген тiршiлiгiммен, бағанағы өзiмiз айтқандай, кәсiбiме деген адалдығыммен, менiң өнерiме бiреу тәнтi болып жатса, құба-құп. Бiреу тәнтi болмай жатса, «Сен менiң өнерiме неге тәнтi болмайсың?» деуден Құдай сақтасын! Егер барымызды қадiрлей алмай жатсақ, ол ұлтқа сын! Кейде ұлтқа сын деймiз. Сол тетiктердi басқарып отырған адамдар бар. Мiне, солар өз орнында отырған жоқ. Жалпы, өнерден аулақ адамдар, не iшi тар адамдар. Алпыс жылдығыма балаларым менiң киноларымды топтастырып, альбом қылып жатыр екен. «Әке, мұқабасына жазып жiберетiн бiр-екi ауыз сөз айтыңыз, не дейсiз?», – дедi. Сонда аузыма түскенi: «Барым – базарым. Шүкiр!» болды. Осы менiң ұстанымым. Өмiрдегi, өнерiмдегi. Құдай астамшылықтан сақтасын! Барым – базарым, осыған шүкiр! Мен бақыттымын, өмiрде де, өнерде де! Бiреу қадiр-қасиетiме жетпей жатса, ол оның деңгейi. Ол қиналсын! Мен пәленбай қазақтың аузына түкiретiндей жасасам, ол күпiрлiк болар едi. «Әр кәллада – бiр қиял». Әркiмнiң өзiнiң талғамы бар.

«Құнанбайды қазаққа қайтаруымыз керек сияқты болады да тұрады»

– Сiз армандаған Бiржан кино көкжиегiне шықты. Ендi кiмдi қойғыңыз келедi, құпия болмаса?

– Мен бiлмеймiн. Ондай ұлы жоспарлар менде жоқ. Жалпы, киноға келген кезеңнен бас­тап, ойымда жүрген бiр тұлға, өзiм күнделiк жазғанда жиi жазатын бiр адамым бар, ол – Құнанбай. Құнанбайды қазаққа қайтаруымыз керек сияқты болады да тұрады. Өйткенi «Абай жолындағы» Құнанбай ол бiр саяси ықпалмен кеткендей, мемлекетшiл, ұлтшыл, өскелең Құнанбай өзiнiң орнын таба алмағандай болады да тұрады көкейiмде. Мiне, сол мақсатта жұмыс iстеп жатырмыз. Бiр Алла бiледi, тағы қай есiктi қағып, қай табалдырықты тоздыратынымызды?!

– Абайдың Абай болуы да Құнанбайдай әкенiң арқасы. Жалпы, сiз тектiлiкке сенесiз бе?

– Сенем. Тiптi, мен сыртқы болмысынан әбден айрылған, iшiп кеткен, содан азып-тозып кеткен бiр адамды кездестiрдiм. Үйдiң қасындағы қоқыс тастайтын жерде қисайып жатыр екен. Жатысының өзiнде бiр бөлектiк болды. Содан жақындап келiп қарасам, қазақы адам. «Аға, әу, аға» деп едiм. «Ау, қарағым!» деп көзiн ашты. «Ау, қарағым!» деген сөздi дәл осы болмыста жатқан кiсiден күтпеп едiм. «Аға, бұл не жатыс, үй қайда? Неге жатырсыз?» деп сұрадым. Әуелi ол кiсiнi терезеден көрiп, қолыма азын-аулақ тамағымды көтере шыққам. «Аға, мына бiр тамақты жеп алыңызшы» дедiм. Көтерiлдi. «Ой, қарағым-ай! Мен өзiңдi танып, алдыңда осы күйде отырғаныма ұялып отырмын», – дедi. «Мен осы өзiң барып жүрген киностудияда пәленбай кинолардың түгенбай операторы болып едiм» дедi. «Құдай-ау, аға, осы бiр күйге қалай түстiңiз?», – дедiм. «Е-е, айналайын-ай, бұл ұзақсонар әңгiме. Шамаң келсе, маған кiшкене тиын-тебен бер», – дедi. Қалтамнан алып, ақша ұстаттым. «Барар жерiңiз бар ма?» деп едiм. «Бар» дедi. «Бiрақ ешкiмге қадiрiм қалмады. Екi қызым бар, күйеу балаларым бар. Барлығы галстук таққандар», – дедi. «Кешiр, айналайын!» деп орнынан тұрып, мен берген тағамнан ауыз тимей, өзiмен бiрге алып кеттi менен ұялып. Бұл ненi бiлдiредi?! Адам бiреуден имену үшiн де, сондай табиғилық болмаса, ол қайдан ұялады? Бүгiн қыздарыңыз топ жиып, еркектi сабап жатқан заманда, бұл құбылыс тек қана тектiлiктi бiлдiредi. Мiне, тектiлiк деген осы. Оны кiм қалай түсiнедi, ол әркiмнiң өз еркiнде.

ӘңгімелескенГүлзина БЕКТАСОВА

06.10.2011

Серіктес жаңалықтары