ВИЗА АЛУ ІСІ ЖҮЙЕЛЕНДI МЕ?

ВИЗА АЛУ ІСІ ЖҮЙЕЛЕНДI МЕ?

ВИЗА АЛУ ІСІ ЖҮЙЕЛЕНДI МЕ?
ашық дереккөзі
460

Үрiмжi:Үрiмжiдегi Қазақстанның Паспорттық-визалық қызметi тарапынан ұлты қазақ Қытай азаматтарының қазақ визасын алудың машақатқа айналғаны жайында осыдан екi-үш ай бұрын барлық ақпарат құралдары жазған едi. Содан берi бұл iстiң арнасы қалай бет алғанын бiлу мақсатында Алматыдан бiр топ журналист Үрiмжi қаласын бетке алған едiк.

ВИЗА АЛУ НЕГЕ МАШАҚАТҚА АЙНАЛДЫ?

Мақсатымыз – Қазақстанның паспорт және визалық қызметiне барып ондағы жағдайды өз көзiмiзбен көру. Естерiңiзде болса, мұндағы қазақ визасын алуға үмiт еткендердiң саны көктемде 8-10 мыңға жеттi деген ақпарат жеткен болатын. Бұл жайында қазақтiлдi ақпарат құралдарының бәрi жанашырлықпен жазды. Нәтижесiнде ондағы Паспорттық-визалық қызметiнiң басшысы ауысты.

Осы мәселенiң анық-қанығын өз көзi­мiзбен көрудi мақсат тұтқан бiздер әуелi ғимараттың сыртында тұрған халықпен дидарласуды жөн көрдiк. Бiз барғанда паспорттық-визалық бөлiмнiң азаматтарды қабылдау уақыты аяқталып қапты. Бұл Үрiмжi уақыты бойынша сағат – 11, Бейжiң уақытымен сағат – 1-дiң кезi едi. Сыртта онша қарақұрым адам жоқ. Асып кетсе жиырма-отыз шамасында. Қолымыздағы фотоаппарат пен диктофонды көрiп, олар бiр қамқоршысы келгендей, бiзге лап қойды.

Жасы жетпiске келiп қалған ана бiзге бүгiн таңертең келгендiгiн айтады. Өскеменде Шығыс Қазақстан университетiнде оқып жатқан 20 жастағы баласы инсульт алды деген хабар кеп, соған бармақ ниеттерi барын айтады:

– Балам, самай шашым ағарған мен ол жақтан қызық iздеп бара жатқан жоқпын ғой. Бiз Жеменей деген шекараға жақынбыз. Сол жақтан барсақ, бiзге жеңiл болар едi. Бiзге нөмiр бердi. Ол нөмiр бойынша 30 қазанда визаға құжат өткiзе аламыз. Ол кезде шекара жабылып қалады. Бiз тек пойызбен ғана қатынау мүмкiндiгiне ие болмақпыз. Сол себептi де, бүгiн бiтiрiп берсе деген тiлекпен тұрмыз, өйткенi пойызбен Алматыға дейiн бiр жарым тәулiк, Алматыдан Өскеменге дейiн тағы бiр жарым тәулiк жүремiз. Жеменейден өтсек, төрт сағаттың iшiнде Зай­санға жетер едiк, балам қазiр Зайсанда, – дейдi олар.

Тағы бiр жiгiт ағасы қазiр виза беру iсiнiң бiршама жүйеге келiп, жолға қойылғанын айта отырып, виза уақытының үш ай мерзiммен ғана шектелiп тұрғаны қинайтынын айтады:

– Үш ай Қазақстанға барып, туған-туысқандарымызбен дидарласып, мауқымыз­ды басуға ғана жетедi. Ал бiздiң түпкi ойымыз атамекенге көшу. Сол себептi елдi, жердi аралап көргiмiз келедi. Бұрын виза уақыты бiр жыл, кем дегенде алты ай едi. Оны неге осылай қусырып тастағанын бiз түсiнбеймiз.

– Оның үстiне, – дедi әңгiмеге араласқан тағы бiр әйел, – Қазақстанға барғаннан кейiн, визамыздың уақыты аяқталысымен шығарып жiберетiн бопты, бұрын Қазақстанда жүрiп– ақ создырып алатынбыз. Оған не кедергi болды екен?

Мұнда жиналған адамдардың басым көпшiлiгi бөлiнiп-жарылған адамдар екендiгiн айтады. Көбiнiң бала-шағалары Қазақстанға келiп орналасып алған.

– Менiң үш балам бар едi, үшеуi де Қазақстанға көшiп кеткен. Бiз мұнда мемлекет қызметiндемiз. Зейнет жасына жеткенше қызметiмiздi атқарып, сосын балалардың соңынан бармақ ниеттемiз. Құдай бұйырса, оған да бес жыл қалды, – дейдi тағы бiр еңсегей бойлы жiгiт ағасы.

– Виза алуды мақсат етiп, арамызда өтiрiк айтқандар да бар. Паспорт-визалық қызметiндегiлер солардан да запыс болған екен. Ауызша айтқаныңа сенбейдi, мiндеттi түрде Қазақстаннан балаңның ауырып жатқаны, жақыныңның қайтыс болғаны туралы анықтама алдыртады, – дедi бiр әйел.

– Өтiрiк айтуға мәжбүр етiп жатқан да, өздерi ғой. Бес-ақ қызметкер бар деп жыланады. Бұл жерде 2 миллион халық бар ғой, 15 адам неге отырмайды?

Мұндағы делдал әңгiмесi Қазақстанға да ушығып жеткен едi. Бiз ендi әңгiменiң бағытын сонда бұрдық.

– Бұрынғыдай емес, қазiр делдалдар ашық жүре алмайды, олардың бiразы ауыздықталды. Қазiр олар жасырын қимылдайтын болды. Алыс ауылдан келген, бiр-екi күн кiре алмай тұрған адамдардың аузын аңқитып кетедi. Сол себептi де бiз олардан бойымызды аулақ ұстайтын болдық, – дейдi манағы жiгiт ағасы.

Есiк алдында делдалдарға қатысты түрлi хабарландырулар iлiнiп тұр екен. Соның бiрi делдалдардың өзiне қаратылған. Егер де делдалдықпен ұсталсаңыз, онда «сiз және сiздiң отбасыңыз да Қазақстанға бару құқығынан айрылады» делiнген онда. Ал халыққа «анкетаны да, басқа да құжатты да делдал арқылы толтырып, делдал арқылы өткiзуден аулақ болыңыздар» деген құлақтандыру iлiнiптi.

Ертеңiнде таңертең Паспорттық-визалық қызметтiң алдына тағы келдiк. Бұл жолы кешегiдей емес, адамның қарамы молырақ. Өйткенi бiз қабылдау кезiнде келдiк. Кезекте тұрғандардың саны шамамен 50-60 адам.

Демек, есiк алдында әлi де иiрiлiп тұр­ғандар жеткiлiктi. Бiрақ жергiлiктi жұрт бұлардың былтырғымен салыстырғанда он есеге дейiн азайғанын айтады. Делдалмен күрес жұмысының жүрiп жатқанын да, оларға құжаттарын берiп қойып алданып қалғандардың әлi де көп екенiн жеткiздi. Бұдан кейiн бiз iшке енiп, қалың бұқараны толғантқан сауалдарды Паспорт-визалық қызметiнiң жетекшiсi Қайыржан Сәрсебаев мырзаға қойдық.

Қайыржан Сәрсебаев:

Ең әуелгi жұмысты делдалмен күрес­тен бастадық

– Әлемдiк тәжiрибеде бүкiл консулдық қызметтер аптасына үш-ақ рет жұмыс iстейдi. Және түстен кейiн қабылдамайды. Бiз жұмысымыздың маңыздылығын ескерiп, аптаның бес күнiнде түске дейiн қабылдап отырмыз. Түстен кейiн бiздiң қызметкерлер виза жасау жұмысымен айналысады. Бұрын визаға құжат қабылдап алушылардың саны 2 ғана болса, қазiр олардың саны беске жеттi. Сондай-ақ, визаны студенттерге және Қазақстанда шұғыл шаруасы шығып қалған адамдарға (жақыны немесе бiрге туған адамы қайтыс болса, ауырып қалса, той-томалақ өткiзбек болса) және көшi-қон мақсатында бара жатқандарға кезексiз виза беремiз. Бiрақ ол үшiн оның қолындағы анықтамалары дұрыс болуы тиiс. Онсыз жалған сөйлеп келетiндер жетедi. Тiптi бiр азамат кезексiз виза алу мақсатында әкесiн 5 рет о дүниеге аттандырды. Сол секiлдi жалған себептер көбейiп кеткен соң, әдейi анықтама талап ететiн болдық.

Бiз бұған дейiн шоғырланып қалған 8 мың адамның проблемасын бiрден шеше алмадық. Бiрақ бiртiндеп жүйеге түсiп келедi. Қазiр бiз жалған виза жапсырған 305 паспортты құрықтадық, онымен бiрге жалған виза дайындаушы топ та ұсталды. Олардың арасында Қазақстан азаматы да бар екен. Қазiр олардың iсi iшкi iстер органдарына тапсырылған. Ендiгi шараны iшкi iстер органдарының қызметкерлерi атқарады. Сол секiлдi ең әуелгi жұмысты делдалмен күрестен бастадық. Қазiр бiршама тиылды. Дегенмен оңай олжадан кiм айрылғысы келедi дейсiң, халықты әлi де алдап, құжаттарын алып, ақшасын әкететiндер де жетедi. Олар да қазақтар. Егер олар қолымызға түсетiн болса, бiз оны туған-туысына дейiн Қазақстанға кiру еркiнен айырамыз, – дейдi Қайыржан Сәрсебаев.

Делдал iздеу операциясы сәтсiз аяқталды

Елшiлiк қызметкерлерi бiзге бiр азаматтың визит карточкасын берiп, оны жақын күндерi жергiлiктi халықтың өкiлдерi әкеп бергендiгiн айтты. Онда «Аспандарыңыз ашық болсын, Қазақстанға баратын құжаттарыңызды реттеймiн. Мұратгүл» деп жазылған екен. Бiз сондағы телефон нөмiрiне жергiлiктi тұрғындардың бiреуiн хабарластырдық, ол виза ала алмай жүргенiне екi апта болғанын айтып, сол жердегi бiр жатақханада жатқандығын жеткiздi. Олар Паспорттық-визалық қызметтiң жанындағы «Сары май» шайханасында жолығуға уағдаласты. Жарты сағат күтудi өтiндi. Бiз оған диктофонымызды берiп, соңынан iлестiк. Бiз iшке енiп кеттiк. Ал әлгi жiгiт делдалды күтiп сыртта қалды. Бiрақ жарты сағат емес, бiр жарым сағат өттi. Алайда делдалымыз қара көрсетпедi. Сосын оған қайта телефон соғуға мәжбүр болдық. Тағы да жарты сағат күтуiн өтiнген ол бұдан кейiн телефонын мүлдем өшiрiп тастады. Ертесiнде қайта телефон соғып едiк, телефоны қосылған екен, бiр шұғыл шаруасы шығып қалғанын көлденең тартты. Жергiлiктi жiгiттер бұл адамның бiр нәрседен сезiктенгенiн айтты. Әйтпесе жарқ етiп жетiп келетiн едi. Кешеден берi Қазақстаннан журналистер келгенiн олар да естiп-бiлiп жатыр. Сондықтан өте сақ қимылдайды. Олар да бұрынғыдай емес, сауысқаннан сақ болып алған, – дедi олар.

Алматы-Үрiмжi-Алматы

Куәгерлер былтыр көктемде Паспорттық-визалық қызметiнiң алдында тұрғандар қарсы беттегi алаңға сыймай кеткенiн айтады. Биыл ол алаң бос жатыр. Демек виза беру жұмысы бiршама жүйеленгенiн байқауға болады. Газетiмiздiң келесi санында осы қызметтiң жетекшiсi Қайыржан Сәрсебаевпен арнайы сұхбатымызды оқитын боласыздар.

06.10.2011

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары