ЖАҚСЫНЫҢ АТЫ ҚАЛАР ЖАРҚЫРАҒАН

ЖАҚСЫНЫҢ АТЫ ҚАЛАР ЖАРҚЫРАҒАН

ЖАҚСЫНЫҢ АТЫ ҚАЛАР ЖАРҚЫРАҒАН
ашық дереккөзі
376

Бұл мақаланың кейiпкерi, осыдан он алты жыл бұрын мезгiлсiз қайтыс болған және есiмi себепсiз ұмыт қалған қазақтың қарапайым бiр азаматы. Ол азаматтың өмiрбаянымен танысып шыққанымда, оның өне бойынан – адам баласында сирек кездесетiн еңбекқорлығын, Отаны үшiн жанын пида етуге даярлығын, мол адамгершiлiгiн және өз қарамағында еңбек еткен қарапайым жұмысшыларға деген мейiрiмдiлiгiн, ең бастысы оның өмiрi қазiргi жастарға өнеге болатынын көрдiм.

Сонымен – Серiк Көмекбайұлы Торғауытов. Бұл есiмдi жалпақ жұрттың бiлмейтiнi белгiлi. Себебi пендешiлiкке толы мына дүние барлық асылдарымызды дер кезiнде түгелдеп, жарқыратып көрсетiп отыруға мүмкiндiк бермейдi. Бiрақ бұдан кейiнгi уақытта Серiк Көмекбайұлының тұтас бiр кiтапқа азық болар образын сомдап, өмiрiнiң сан қырларын ашып көрсетемiн деген талапкерлерге мүмкiндiк мол…

* * *

… Кеңес заманында Шымкент (Оңтүстiк Қазақстан) облысы, Алғабас ауданының аумағына қарайтын қарт Қаратаудың етегiне орналасқан "Китаевка" деген шағын елдi мекен бар болатын. Иiсi қазақтың арасына бұл "қытай" атауы қалай кiргенiн бұрын да, қазiр де ешкiм бiлмейдi. Тек Қазақстан өз тәуелсiздiгiн алған тұста ғана, осы бұйығы жатқан қарабайыр ауылда Ұлы жүз руларының түп атасы Бәйдiбек баба мен Домалақ ананың қараусыз қалған зираттарына көңiл бөлу мүмкiн болды. Көп ұзамай қазақтың игi жақсылары бас қосып Бәйдiбек баба мен Домалақ анаға арнап кесенелер тұрғызып, ат шаптырып ас бердi. Содан бастап әлгi ауыл "Бәйдiбек" ауылы атанды. Тiптi аудан аты да – Бәйдiбек болып өзгертiлдi. Сөйтсе де былайғы халық ол ауылды жанама түрде – Қарағай ауылы деп атайды.

Серiк Көмекбайұлының әпкесi, "Мақтаарал ауданының құрметтi азаматы", дербес зейнеткер, Айша Анарбекова былай деп еске алады:

"Ауылдың басындағы Бәйдiбек баба кесенесiне алып баратын үлкен көшенiң аты – Көмекбай Торғауытов деп аталады. Бұл – Серiкжанның әкесi, менi жастайымнан қамқорлығына алып тәрбиелеп өсiрген көкем. Кезiнде аудандық НКВД-ның (Iшкi iстер халық комиссариаты) "нәшәндiгi" болған Көмекбай көкемдi жергiлiктi халық неге әспеттедi, неге оған үлкен көшенiң атын бердi? – деген орынды сұрақ туындайды. Өйткенi қазақтың бетке ұстар барлық зиялы қауымын түгелге жуық қырғынға ұшыратқан НКВД-ның атын естiгенде денесi тiтiркенбейтiн қазақ жоққа тән. Барлық құпия Көмекбай көкем НКВД-дағы қызметiнен кеткенде ашылды. Аядай ауылға облыс пен ауданның түкпiр-түкпiрiнен түр-түсi бөлек адамдар көкемiздi iздеп келiп, аласапыран заманда арашашы болып, атып-асудан аман алып қалғаны үшiн зор алғыстарын айтып, аттанып отырды. Бұл дүниеде бәрi де уақыт өте келе ұмытылатыны белгiлi. Бiрақ, нақақтан күйiп бара жатқан адам өмiрiне араша болу расында да ұмытылмайды екен. Сөйтсе де Көмекбай көкемнiң "мен кезiнде пәленше-түгеншеге араша болған едiм" деп не базданғанын, не мақтанғанын естiмеппiн. Бар құпиясын үндеместен өзiмен бiрге ана дүниеге ала кеткен жаратылысы бөтен көкемнiң өмiрi де мүлде таң қаларлық. Ұлы Отан соғысы аяқталуға тақаған 1944 жылдың жаз айында, Кеңес Үкiметiнiң заңына қайшы келмейтiндей етiп, Көмекбай көкемiз Ақманаш апамыздың рұқсатын алып, Симферепольдан жер аударылып келген қырым татарының қызы – Софияны екiншi әйелi етiп алды. София жеңешем келiн болып түскенде, оның таң қаларлық сұлулығын көру үшiн көршi ауылдың қыз-келiншектерi сылтауратып бiздiң үйге жиi келетiн. Орталарындағы бiр еркектi бақытты етуге өздерiнше ұмтылған тiлi-дiлi бөлек екi әйел өмiрлерiнiң соңына дейiн тату-тәттi, аралас-құралас өмiр сүрдi. Балаларын алалап бөлмей, ортақ тәрбиелеп өсiрдi. Серiкжанды София жеңгем– 1945 жылы 2 қазанда босанды.

Көкемнiң қарағайдай қаттылығы мен жеңгемнiң жiбектей жұмсақтығы арасында "сегiз қырлы – бiр сырлы" болып өскен Серiк жастайынан өмiрге өзiндiк көзқарасы бар жеткiншек болып жетiлдi. Мектептiң 6-сыныбында оқып жүргенде, бiрде Емельян Пугачевтiң қарға мен бүркiт туралы тәмсiл әңгiмесi талқыланады. Сол тәмсiлде – қыран бүркiт қарғаға:"сен үш жүз жыл өмiр сүресiң, ал мен болсам небәрi отыз үш жыл ғана өмiр сүремiн. Мұның сыры неде?", – деп сұрайды. Сонда қарға "мен сияқты өлексемен қоректенсең, ұзақ өмiр сүресiң", – деп кеңес бередi. Бүркiт ұзақ жыл өмiр сүрудi аңсап, өлексенi бiр-екi рет шұқиды да, қарғаға: "Үш жүз жыл өлексе жеп күн көргенше, бiр күн болса да, жас қаны тамшылаған балауса ет жегенiм жақсы!", – деп ұшып кетедi. Осыны айтқан Е. Пугачев сарбаздарына "мен ғұмырымды құзғын қарға сықылды емес, қыран бүркiт сияқты өткiзгiм келедi!", – дейдi. Сынып оқушыларының денi Е. Пугачев дұрыс айтты дейдi. Тек Серiк қана: "Мен қарғаны да, бүркiттi де қолдамаймын. Үш жүзжыл бойы өлексе жеп өмiр сүретiн қарғаның өмiрi де және күн сайын жас қаны тамшылаған балауса ет жеу үшiн жазықсыз бiреудiң жанын қиып отыратын қыран бүркiттiң өмiрi де жиiркенiштi", – деп жауап бередi. Ал оқулық соңындағы түсiнiктемеде – Е.Пугачев дұрыс айтты деп жазылып қойылған едi…

Серiк Көмекбайұлының туа бiткен тағы бiр қасиетi – әншiлiк өнерi болатын. Көп пәтерлi үйде артық шыққан дауысқа өре қарсы түрегелетiн көршiлер, Серiк Көмекбайұлы қазақтың халық әндерiн нәшiне келтiрiп айтқанда, тырс етiп үндемейдi екен. Серiк Көмекбайұлының туысы Ұлтай Жақсыбаева былай деп еске алады: "1960 жылы мамыр айында бiздiң мектебiмiзге қазақтың классик жазушысы Мұхтар Әуезов келдi. Бұл бiздiң бұйығы ауылымыздың өмiрiндегi зор жаңалық болды. Ұлы жазушыны тұрғындар ыстық ықыласпен қарсы алып, оның құрметiне мектепте үлкен концерт берiлдi. Заманымыздың кемеңгерi Мұхтар Омарханұлына Серiк пен Тамараның қосылып ән шырқауы өте қатты ұнап, ол Серiктiң дауысын Рашид Абдуллиннiң дауысына теңедi. Тiптi сөз арасында Тамара мен Серiкке Алматы консерваториясына келiп оқыңдар деп кеңес бердi. Сол сапарынан кейiн жазушының ұсынуымен халық аузында: "Шаянға барсаң – әншiмiн деп әспенсiме", – деген қанатты сөз тiркесi пайда болды…

Алайда отбасыларында өзiнен кейiн 8 перзент бар болғандықтан, Серiктiң әншi болу арманы жүзеге аспайды. Қазақ мектебiнде оқыса да, орыс тiлiн толық меңгерген Серiк Көмекбайұлы әке жолын қумақ болып әуелi Мәскеудегi әскери училищеге түспек болады. Бiрақ шешесiнiң Кеңес Үкiметi "қырын қараған" қырым татары болуы себептi әскери оқуға қабылданбайды. Сол жылы күзде Шаяндағы кәсiптiк-техникалық училищенi бiр жылда аяқтап, келесi 1963 жылы ол Шымкенттегi химия-технология институтының "Химиялық өндiрiстiң машиналары мен аппараттары" факультетiне оқуға түседi. Серiктiң студенттiк өмiрдегi досынан өмiрiнiң соңғы күнiне дейiн аяулы досына айналған Дәуiтбек Сатыбалдиев былай деп еске алады: "Тарихқа "Хрущев заманы" деген атпен белгiлi ол уақытта, жоғары оқу орнындағы оқыту үдерiсi бойынша таң атқаннан кешкi 5-ке дейiн студенттер өндiрiсте жұмыс iстеп, аздап демалған соң кешкi 7-ден түнгi 11-ге дейiн – институтта оқитын. Қазiргi заман студенттерiнiң ешқайсысы төтеп бере алмайтын мұндай ауыр оқу үдерiсi бiздерге өте қиын тисе де, теория мен практиканы сабақтастырып оқу шын мәнiнде бәрiмiздi мықты шыңдады. Алайда келесi жылы Серiк Кеңес әскерi қатарына қатардағы жауынгер болып аттанып,төрт жылдан соң әскери әуе-десантының кiшi лейтенанты атағын алып, офицер болып оралды.Әскерден оралған бойы ауылдағы отбасына көмектесу үшiн Шымкенттегi фосфор зауытының жұмысы ең ауыр, бiрақ жалақысы жоғары Пеш бөлiмiне аға аппаратшы болып орналасты.Ауыр жұмыспен бiрге, қым-қуат қоғамдық жұмыстарды да бiрге жүргiзiп отырды. Фосфор зауытындағы орталық зертханада Серiктiң болашақ жары Тұрсынай Хурматуллақызы күндiз зертханашы болып жұмыс iстеп, кешке қарай онымен бiрге химия-технологиялық институттың кешкi бөлiмiнде оқыды.1971 жылы бiздер осы ғажайып жұпты үйлендiрдiк. Тұрсынайды айттыру үшiн Ташкенттен сәл әрi орналасқан Янгиюльге бiрге бардым және олардың тойында күйеу жолдас болдым"…

Өз ұжымында Серiктiң қоғамдық белсендiлiгiн, қарапайым адамдардың мүддесiн қорғаудағы берiктiгiн байқап, жұмысшылар әуелi оны цехтың кәсiподақ комитетiнiң төрағасы етiп, артынан кәсiпорынның осы лауазымына сайлайды. Құрамында 10 мың адам жұмыс iстейтiн "Шымкентшина" зауытына партия комитетiнiң хатшысы болып сайланып, осы зауыттың толық салынып бiту барысына зор үлес қосады. Көп өтпей Серiк облыстық партия комитетiнiң өнеркәсiп пен транспорт бөлiмiне жұмысқа шақырылады.

Серiк Көмекбайұлының бұдан кейiнгi еңбек жолын Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнде 1987 жылдан бастап бiрге қызмет атқарған химия ғылымдарының докторы, профессор, Алмабек Нұрышев былай деп еске алады: "1980 жылдың соңында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнде Химиялық өнеркәсiп бөлiмi құрылды. Осы бөлiмге кадрларды iрiктеу мен орналастыруды атқару кезiнде, осы салада мол тәжiрибе жинаған бiлiктi әрi iскер С.К.Торғауытовты қызметке алдық. Мәселен, араларында Серiк Көмекбайұлы да болған бөлiмдегi жiгiттер, тәуелсiз елiмiзге ең алғашқы инвесторлардың бiрi болған – "Эльф Акитен" аты шетелдiк мұнай өңдеу компаниясымен шарт мәтiнiн жасаған болатын. Одан соң республикамыздың "Мұнай туралы" бiрiншi Заңын қабылдайтын сәт туды. "Кәсiби бiлiгi төмен кейiнгi кейбiр жас мамандар – сол заңның көптеген баптарын осы шарттан көшiрiп жазыпты. Әсiресе, олар "өнiмдi бөлу", "бонус" және тағы басқа сияқты түсiнiктердi түсiндiруде әбден шатасқанын да естiдiк…

Серiк мүлтiксiз кәсiптiк қолтаңбасы бар және сонымен бiр дерлiкте таң қаларлықтай сыпайы және мәрт адам болатын. Көп жылдар бойы әңгiмелесу барысында, ол маған ең қалаулы жайларды әңгiмелеуге болатын және барлық жағынан оған сенуге және кез-келген iстi сенiп тапсыруға болатындай туған жақын адамым сияқты болып кеттi. Серiк өзiнiң жары Тұрсынаймен бiрге бiздiң үйге жиi келiп тұратын. Бiр атап өтетiн нәрсе, ол ешқашан да сөзiмен де, iсiмен де, тұрпайылыққа жол бермейтiн. Барлық уақытта сыпайы, алдын ала ескертiп отыратын, әдептi жан едi…"

Тұрсынай Хурматуллақызы, Серiк Көмекбайұлының жары:

"Серiк екеуiмiз өзiмiздiң отбасылық өмiрiмiздi жалға алған жекеменшiк бөлмеде бастадық. Серiк үй кезегiне әскерге кеткенге дейiн тұрғандықтан, бiздер үйленген кезде үйiмiздiң кезегi жақындады. Бiрақ сол уақытта Серiк Көмекбайұлы жұмыс iстеген кәсiпорынның пеш цехында апат болып, механик Рафхат Латыпов қатты қызған қож лавасына күйiп, бет-жүзi, мойны, қолы күйiкке ұшырап ауыр халде ауруханаға түстi. Ол әйелiмен және баласымен пәтерде тұратынын бiлетiн Серiк, өзiнiң келiп қалған үй кезегiн оған бердi. Жалпы Серiк үнемi жұмысшылардың iшiнде жүрiп, солармен бiрге қарапайым асханада тамақтанатындықтан, олар оны дос санайтын. Мұң-мұқтаждарын айтқанда да, оған ерекше сенiм артатын.

Запастағы офицердiң әйелi болудың не екенiн, өзiмiздiң үйлену тойымыздан кейiн бiр жыл өткенде бiлдiм. 1972 жылы Серiктi күтпеген жерден тұңғыш рет әскери қайта дайындау жиынына жөнелттi.1975-жылы Серiк тағы да аяқ астынан әлде қайда ызым-қайым жоғалды. Не хат, не хабар болған жоқ. Әйтеуiр арада 50 күн өткенде қайтып оралды. 1980-жылы ол Шымкент облыстық партия комитетiнде жұмыс iстеп жүргенде, оны Ауған соғысына аттандыратыны белгiлi болды. "Сен облыстық партия комитетiнiң қызметкерiсiң, саған бронь болуы қажет қой. Инсульттан кейiн әкең қатты науқас, шешең ауруханада – бұл әскерден қалуың үшiн орынды уәж ғой", – деп айттым. Ал Серiк болса: "Тұрсынай, мен бармасам, онда кiм барады, баруға тиiспiн…" дедi де Алматыдағы әскери жиынға кетiп қалды. Одан әрi бiздiң отбасымыз үшiн … соғыс басталды.

Серiк Көмекбайұлы өзiнiң шетелдегi iссапарлары туралы ешқашан да, ешнәрсе айтқан емес. Тек ол қайтыс болғаннан кейiн, арада үш жыл өткенде, ұлдарым Асхат пен Нұрлан әскери комиссариаттан әкелерiнiң әскери билетiмен есептiк карточкасын алып келдi. Ондағы ерекше графада "барлаушы" деп тайға таңба басқандай жазу тұр. Серiкпен бiрге Ауғанда болған В.Ф.Шиянның айтуы бойынша – полк құралып болған бойы бiрден Ферғанаға жеткiзiлiп, әуе-десанттық дивизияның базасында соңғы дайындықтан өтедi де, 1980-жылдың 13 тамызы күнi Ауғанстанның мемлекеттiк шекарасын кесiп өтедi. 12 ұшақ бортынан құралған барлық команда БТР-ға мiнiп, қару-жарақтарымен және радиостанцияларымен Кабулға келiп тоқтайды.

Көмек көрсетемiз деп барған ауғандықтардың оларға көзқарасы мен пиғылы қалай болды? Олар: "Ә-ә, шурави басыңды кесу керек?" – дейдi екен. Кесiп те жатыпты. Офицердiң басы 250 мың долларға, шенi жоғары офицердiң басы жарты миллионға бағалануы себептi, сарбазды былай қойғанда, жай диқан шаруаға дейiн ақша табу үшiн қолдарына қару алды. Сол кесiлген бастардың бiреуi Серiктiң басы болуы да мүмкiн едi. Мiне сол соғыстың шын келбетi! Әмбебап-барлаушы ретiнде ол Пәкiстан аумағындағы дұшмандар ордасында болып қайтыпты. Бұл өте қауiптi iссапарлар болатын. Оның мiндетi – ықпал ету ортасы, аумақ және билiк үшiн күрестi туындатып, дұшмандардың басшыларын бiр-бiрiмен бастарын соғыстыру едi. Бұл жерде соншалықты нәзiк, зергерлiк жұмыс талап етiлетiнi айтпаса да түсiнiктi. Бiрде, провинцияның губернаторын төнiп тұрған ажалынан арашалап алудың сәтi түсiптi… Өлiм де болды, қан да ақты. Ол сол үшiн де соғыс деп аталады емес пе?! Одан да әрi тереңдеп айтар болсам – Серiктiң нағыз тозақтың iшiнде болып келгенi даусыз!

Дәл осы себеппен ұлдарым Нұрлан мен Асхатты және бес немеремдi ертiп 9-мамырда – Алматыдағы 28 гвардиялық-панфиловшiлер атындағы саябаққа орналасқан интернационалист-сарбаздардың ескерткiшiне барып, алқызыл қалампырдың гүл шоқтарын қойып қайтамыз.

Ұлдарымызды "Әркiмге – еңбегiне қарай!", – деген әйгiлi лениндiк ұран бойынша тәрбиелеп өсiрдiк. Ол заманда бәрiмiз де жұмыс iстейтiнбiз, арамтамақ жатыпiшерлердi абақтыға жабатын. Кедейлер болмайтын. Әрине байлар болатын, бiрақ олар байлығын барынша бүркеп-жасыратын. Серiк Көмекбайұлы ұлдарымен ешбiр нұқып ақыл айтусыз, өзiмен тең ересектер сияқты жиi әңгiмелесiп отыратын. Марқұм, барлық уақытта үзiлдi-кесiлдi болмаңдар, жолдастарыңды, достарыңды сөкпеңдер, өмiрде бәрi де өзгерiп отырады, бiр кезде қателестi деген адамыңның бiр iсi өзiнше дұрыс болып шығуы ғажап емес дейтiн.

Серiк Көмекбайұлы – өндiрiс барысында облыстың 1-хатшылары А.Асқаров, Р.Мырзашев, Қазақстан Компартиясы ОК 1-хатшысы Д.А.Қонаевпен, кейiнгi буыннан қазiргi Премьер министрдiң орынбасары Ө.Шөкеевпен бiрге қызмет атқарысты. Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевты өнеркәсiп бойынша Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң хатшысы болып, артынан Қазақ КСР-нiң Министрлер Кеңесiнiң Төрағасы болып жұмыс iстеп жүрген кезiнен жақсы бiлетiн, онымен қызмет бабында кездесiп, тапсырмаларын орындап жүрдi. 1993-жылы қыркүйек айында ол Президентке шина мен резинотехникалық өнiмдердi өндiру бойынша елiмiздегi тұңғыш мемлекеттiк холдингтiк компанияны құруға ұсыныс жасады. Көп ұзамай Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң Қаулысымен "Қуат" (Мощь) Мемлекеттiк холдингi құрылып, Серiк Көмекбайұлы осы холдингтiң тұңғыш президентi болып екi жылдай жұмыс iстедi. Сол кездерi республикамызда бәрi қирап жатқан кезде, Шымкенттен жеңiл машиналарға арналған доңғалақтардың шығып жатқаны таң қаларлық нәрсе едi. Тарап кеткен кәсiпорын жұмысшыларының болашаққа деген үмiтi оянды…

Ол үнемi холдинг белгiлi бiр өндiрiске ие болмаса тiршiлiк ете алмайды деп айтып отыратын. 18 мамыр күнi ол ҚР Президентi Н.Ә.Назарбаевтың қабылдауында болып, өз тағайындауын алған едi. Оның айтуы бойынша өзiнiң лауазымы – "Қуат" Мемлекеттiк холдингiнiң президентi – "Шымкентшина" ӨБ-нiң директоры" болып аталуы керек едi. Бiрақ солай деп аталуға үлгерместен келесi 19 мамыр күнi менiң сүйiктi жарым Мерке ауылының тұсында жол-көлiк апатының салдарынан бақилыққа аттанды. Көп ұзамай елiмiздегi аты мәлiм"Шымкентшина" өндiрiстiк бiрлестiгi өз жұмысын тоқтатты. Артынан талан-таражға түстi. Нәтижесiнде қазiргi кезде қазақстандықтар жеңiл машина доңғалақтарын алыс және жақын шетелдерден импорттайтын болды!

Шымкент қаласының көптеген жергiлiктi тұрғындары Серiк Торғауытовтың есiмiн әлi ұмытқан жоқ. Тiптi, бiр көшенiң атын берсе де артық болмас едi деп ойлаймын. Аяулы жарымның бұл дүниеден озғанынан берi де 16 жыл өте шығыпты. "Уақыт – емшi" деп өзiмдi қанша жерден жұбатсам да, ол туралы өткен шақта айтудың өзi ауыр соғады. Ол менiң жанымның iшiнде, жүрегiмде, ойларымда, тiптi түнде ұйықтағанда түсiмде өмiр сүруiн жалғастырып келедi…"

Қалдархан ҚАМБАР

29.09.2011

Серіктес жаңалықтары