ҚУЫРШАҚТАРДЫҢ ҚЫЗЫҚТЫ ТОЙЫ

ҚУЫРШАҚТАРДЫҢ ҚЫЗЫҚТЫ ТОЙЫ

ҚУЫРШАҚТАРДЫҢ  ҚЫЗЫҚТЫ  ТОЙЫ
ашық дереккөзі
202

Бiр жұма бойы оңтүстiк астана жұртшылығы қуыршақтардың өнерiн тамашалауда. 25 қыркүйектен басталған өнер додасы 2 қазанға дейiн созылмақ. Алматы қаласы әкiмдiгi, Мемлекеттiк қуыршақ театрымен Дүниежүзiлiк қуыршақшылар ассоциациясы бiрлесiп өткiзiп жатқан аталмыш шараға әлемнiң түрлi мемлекеттерiнен арнайы қонақтар қатысуда.

Қуыршақтардың карнавалы елiмiздiң тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығы аясында өткiзiлiп отыр. "Өмiр мұрасы" ұранымен өтiп жатқан бұл шараның ұйымдастырушыларының басты мақсаты – қала тұрғындары мен қонақтарының күзгi уақыттарын көңiлдi әрi пайдалы өтуiне ықпал ету. Карнавал аясында Халықаралық қуыршақ театрлары фестивалi, халықаралық қуыршақ фильмдерi фестивалiнiң салтанатты шеруi, мастер-кластар өтуде.

Карнавалға байланысты қуыршақ театрының актрисасы Гүлжәмила Iлиясова апайымыз өз ойымен бөлiскен едi.

– Қуыршақ театрының жағдайы жаман емес. Құдайға шүкiр, актерлердiң жағдайы жақсы. Театрымыз 75 жасқа толды. Осы жетпiс бес жылдың iшiнде қазақтың талай ертегiлерiн, орыстың ертегiлерiн жас жеткiншектерiмiзге ұсынып келедi. Өткен жылы Прага қаласында болған Дүниежүзiлiк қуыршақ өнерiнiң байқауына қатысып, бiздiң театр Гран-при алып келдi. Осы тамыз айында жапон елiнде "Қаңбақ шал" 2-орынды иемдендi.Сондықтан, бiздiң қуыршақ театрының мәселесi жақсы, бiзге деген көрерменнiң де көзқарасы жақсы.

– Қуыршақ театрында жағдай жақсы деймiз. Қуанарлық жайт-ақ. Жас буын актерлер жиi келе ме?

– Жас актерлерiмiз де бар. Жақсы жас мамандар келiп жатса, ол да құба-құп. Жас буын өз өнерлерiн, өз жаңалықтарын ала келсе, оларға бiздiң театрымыздың есiгi әрдайым ашық. Әзiрге, театрдың репертуары жүрiп жатыр. Бас ауыртатын проблема жоқтың қасы деп айтар едiм.

– Театр көрермендерсiз өмiр сүре алмайды. Қала тұрғындары қуыршақ театрына жиi келе ме?

– Көрерменiмiз жоқ деп айта алмаймын. Келiп тұрады. Ашып айтатын болсақ, қазақ көрерменiне қарағанда орыс көрермендерi басым. Бес-алты жыл бұрын қазақ спектакльдерiнде бес-алты адам отыратын. Бес-алты адам үшiн де ойын қойылатын едi. Өйткенi жарнама болсын дейтiнбiз. Қазiр жарты залдан артық көрермен отырады. Оған да тәубе деймiз.

– Мектептерге, балабақшаларға барып, өнер көрсетiп тұрасыздар ма?

– Жиi барамыз. Бiздердi шақыратындар да бар арнайы. Кейбiр мектептермен тығыз қарым-қатынастамыз.

– Қазiр кiшкентай көрермендердiң көбi Шрекке, Спанчбобқа, Нарутоға қарап өсiп келедi. Олар неге Тазша баланы, Алдар көсенi, Қаңбақ шалды iздемейдi?

– Қазақтың қуыршағының үлгiсi жоқ деп айта алмаймын. Қаңбақ шалды бiле бермейтiнi рас. Жалғыз қуыршақ театрында қойылғанымен, барлық балаға оның насихаты жете бермейдi. Ол үшiн үлкен экранда, баспасөз беттерiнде, радиоларда насихатталу керек. Қазiргi қазақ тiлiнде оқитын балаларды тәрбиелеу үшiн ана тiлiнде қазақ ертегiлерi туралы кiтаптар жиi шығарса, жөн болар едi. Қазақ ертегiсiн оқыған бала қуыршақ театрының кейiпкерлерiн жақсы бiлiп келер едi. Олар Қаңбақ шалды, Тазша баланы бiлер едi. "Алтын сақа" ертегiсiн бiлер едi. Олардың бәрi бiздiң театрымыздың архивiнде бар.

– Бұл ертегiлер театрдың репертуарында жиi қойыла ма?

– Жиi қойылмайды. Бiрақ қазақ ертегiлерiнiң желiсi бойынша қойылып жүрген жаңа спектакльдерiмiз бар. Олардың қатарында "Қаңбақ шалды" айтуымызға болады.

– Қуыршақ театрының актерiн дайындайтын оқу орны Өнер академиясы екенi белгiлi. Қуыршақ театрының актерлiгiне оқуға келетiндер көп пе?

– Өнер академиясында оқитын студенттердiң көбi бiздiң театрға келедi. Бiрақ қуыршақ саласын меңгергiсi келетiндер бұрынғыдай көп емес. Алғашқы оқу жылында он бес бала оқуға түсетiн болса, кейiннен оның көбi басқа салаға ауысып кетедi екен.

– Мұның себебi қаржыда жатыр деп ойламайсыз ба? Ақшасы аз салада жұмыс iстегiсi келмейтiн болар, бәлкiм?

– Олар тегiн грантта оқып жатқан балалар. Қазiргi бiздiң театрымыздың актерлерiнiң жалақысы тiптен төмен деп айта алмаймын. Драма театрлардың актерлерiнiң жалақысынан кем емес. Әрине 100-150 мың деп айтпаймын. Орташа жалақымыз бар.

Карнавал аясында ең маңызды оқиға 1 қазан күнi болмақ. Ол күнi ҚР Бiрiншi президентi атындағы саябақта 21 елден келген қуыршақшылардың қатысуымен аспан астындағы үлкен сахна алаңына айналады. Ал 2 қазан күнi "Көк-төбе" паркiнде "Битлз" тобының ескерткiшiнiң жанында барлық шетелдiк ұжымдар әйгiлi "Битлз" тобының әуендерiнiң ырғағымен қуыршақ нөмiрлерiн ұсынатын болады.

Едiге БЕКТАС

29.09.2011

Серіктес жаңалықтары