ЕЛ IРГЕСIН ЕСЕР АҒЫМ БҰЗАДЫ

ЕЛ IРГЕСIН ЕСЕР АҒЫМ БҰЗАДЫ

ЕЛ IРГЕСIН ЕСЕР АҒЫМ БҰЗАДЫ
ашық дереккөзі
200

Бүгiнгi таңда елiмiзде дiни ахуал тым шиеленiсiп кеттi. Қоғам iштей түрлi ағым өкiлдерiне бөлiне бастады. Әрқайсысының өз заңдылығы, өз ұстанымы бар. Тiптi кей өңiрде орын алып жатқан қақтығыстарға дiни ағым өкiлдерiнiң қатысы бар деген мәлiметтер өршiп тұр.

Жат пиғылды дiни ағымдардың қазақ топырағын ойран-топыр еткенiне талай жыл болыпты. Елiмiздiң түкпiр-түкпiрiне дендеп енген түрлi дiни ағымдардың қоғамға, нақтырақ айтсақ, кейбiр қазақ отбасына iрiткi салуы қасiрет емей немене? Әуелi жастардың санасын улап, ұрпақтың түп-тамырына балта шауып жүрген миссионерлiк топтардың әрекетiне шектеу қойдық па? Керiсiнше, сонау 1992 жылы қабылданған "Дiни қызмет және бiрлестiктер туралы" Заң күнi бүгiнге дейiн соларға есiктi айқара ашып, бейқам жұмыс iстеуiне толықтай мүмкiндiк жасады. Соның салдарынан кейбiр қазақ отбасыларының әрбiр мүшесi әр түрлi ағымның жетегiнде жүр. Кiм кiнәлi?

Расында да, заман талабына сай, заң да, талап та өзгерiп, толықтырылып отыруы тиiс. 19 жылда қазақтың басына нелер келiп, нелер өтпедi? Әрбiрден соң бұл жаңа туған сәбидiң кәмелеттiк жасқа толып, өмiрге басқаша көзқараспен қарайтын уақыты емес пе? Ендеше 19 жылда дiни тұрғыдағы күрмеуi қиын мәселелердi бiр iзге салатын мезгiл туған жоқ па?

Парламент палаталарының бiрлескен отырысында сөз сөйлеген Елбасы Н.Назарбаев мемлекеттi экстремизмнен қорғау қажеттiгiне басымдық берiп, "Бүгiнгi Парламент сессиясы барысында сондай-ақ "Дiни қызмет пен дiни бiрлестiктер туралы" Заң жобасы қабылданбақ. Дiнаралық келiсiм – бiздiң халық бiрлiгiнiң негiздерiнiң бiрi. Дiнаралық мәселеге қатысты, бiз мiндеттi түрде бұл заңды қабылдап, өзгерiстер енгiзуiмiз керек. Әңгiме ар-ождан бостандығына немесе сол сияқты нәрселерге тыйым салу туралы емес! Әңгiме мемлекеттi дiни экстремизмнен қорғау жөнiнде болып отыр. Бүтiн мемлекет, әсiресе исламды мемлекеттiк дiн ретiнде қабылдағандар өз бетiнше жүр. Неге бiз бәрiне жол беруге тиiспiз? Не iстегiмiз келсе, соны iстеймiз. Мұнда келгiсi келгендер келедi, бiр нәрсе ашқысы келгендер ашады. Мешiттердi өз әкесiнiң атымен атайды. Ол мешiттердi тiркеп жатқан ешкiм жоқ. Мемлекетте, өзiмiздiң үйiмiзде тәртiп сақтауымыз керек. Бiз бұл мәселеге байыппен барамыз", – дегендi қадап айтқан едi.

Әрине, қай қырынан алсақ та бұл кезек күттiрмейтiн мәселе екенi бесенеден белгiлi. Алайда бiз дiндi де дүрмек көкпарға айналдырып жiбергендеймiз. Елбасының осы тапсырмасынан кейiн Парламентте "Дiни қызмет және дiни бiрлестiктер туралы" Заң жобасына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу жұмысы қызу басталып кеткен болатын. Бiр қызығы, заң талқылауға салынған аз уақыттың iшiнде көпшiлiктiң ауаны Дiн iстерi агенттiгi Қайрат Лама Шарифтiң пiкiрiне ауған сияқты.

Заң жобасындағы жаңа нормалардың бiрi – дiни жоралар мен рәсiмдердi мемлекеттiк органдардың, қарулы күштер, құқық қорғау органдарының, қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз етумен, азаматтардың өмiрi мен денсаулығын қорғаумен байланысты басқа да қызмет мекемелерiнiң ғимаратында және де сол аумақтарда өткiзуге тыйым салынуы. Дiн iстерi агенттiгiнiң төрағасы Қайрат Лама Шарифтiң пайымдауынша, жұмысында намаз оқыған дәрiгер осы мұсылмандық парызын орындаймын деп жүрiп, өлiм аузында жатқан науқасқа дұрыс қарамайтын көрiнедi. Мемлекеттiк қызмет орындарында құлшылық бөлмелелерi жабылады дегендi естiген жұрт "қоғамда темекi шегетiн орын бар да, намаз оқитын орын болмай ма?", – деген ойларын ашық бiлдiруде. Тiптi жоғары оқу орындарында студенттердiң дәрiс бөлмесiнде намаз оқымауы да қатаң қадағалауға алынбақшы. Ал намаз оқитын мемлекеттiк қызметкер өз кеңсесiнде дiни жоралғыны өтейтiн болса, оған 50 мың теңге көлемiнде айыппұл салу қарастырылған-ды. Дiн iстерi агенттiгi төрағасы "Бұл норма қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету үшiн енгiзiлетiн болады", – деп түсiндiрдi. Бiрақ та агенттiк бұл талапты қорғап қалғанымен, "осы заңды белшесiнен басқандар айыппұл төлейдi" деген ережесiн ұстап қала алмады. Дiн iстерi агенттiгi тарапынан айтылған нормаға қарсы шыққан "Әдiлет" партиясының төрағасы Мақсұт Нәрiкбаев: "Бес уақыт намазымды қаза қылмаймын. Алла үшiн жасаған құлшылығымды өз жұмыс бөлмемде жасаймын. Сол үшiн менi жазалай ма?", – деген ойын жеткiздi.

Айтпақшы, бұл талап тұрғын үй тұрғындарына да қатысты. Яғни көршiлес тұратын азаматтардың бiр-бiрiнiң мазасын алмауы тиiс. Бұл әсiресе көп қабатты тұрғын үйдiң бөлмелерiн жалға алып немесе бiр ғимаратты түгелдей меншiктеп, дiни ағымдарын түнде де дауылпаз соғып, ән айту арқылы үгiттеп жүрген миссионерлiк ұйымдардың рәсiмiне шектеу қоймақ. Сондай-ақ, "Дiни қызмет және дiни бiрлестiктер туралы" Заң жобасын талқылау барысында көптен берi әңгiме арқауына айналған – хиджаб туралы да айтылды. Естуiмiзше, Шымкент қаласының кейбiр жоғары оқу орындарында хиджаб киген студенттердi дәрiске кiргiзбей қойған. Оқу орны басшылары олардың киiм үлгiсiн өзгертуiн талап еткен көрiнедi. Қазiр мұсылман-қыздар бұрынғыдай кең етектi қара көйлектiң орнына ақ жейде, басына ақ орамал тартуға көшiптi. Ал соңғы кезде қылмыстық оқиғалармен аты жайылған Ақтөбе облысының Бiлiм басқармасы хиджаб киетiн оқушылардың тiзiмiн жасапты. Облыстық басқарма бастығының орынбасары Жолдас Нұршин мырза: "Бұл олардың нақты санын бiлу үшiн жасалып отыр. Қазiр бiлiм мекемелерiнде "Лаңкестiк" бабы бойынша қамауға алынған ақтөбелiк Еркiн Досқалиев туралы "Адасқандар" атты деректi фильмi көрсетiлiп жатыр. Оқушылар және олардың ата-аналары дәстүрлi емес исламның қандай қауiп әкелетiнiн бiлсiн", – дептi баспасөзге берген пiкiрiнде.

Жақында "Дiни қызмет және дiни бiрлестiктер" туралы Заң жобасына байланысты қоғамдық ұйым өкiлдерi де баспасөз мәслихатын өткiзiп, "Жаңа заңның шикi тұстары көп. Әзiрленiп жатқан заң иманға бет бұрған азаматтардың құқын шектейдi" деп мәлiмдеген болатын. Алайда бұған қарамастан "Дiни қызмет және дiни бiрлестiктер туралы" Заң жобасын мәжiлiс бiрауыздан мақұлдап жiбердi. Тек депутат Бекболат Тiлеухан бастаған жетi депутат жаңа құжаттың жетiншi бабына қарсы пiкiрiн бiлдiрiп, "мемлекеттiк мекемелерде намазханалардың болуына тыйым салу – құқықты шектеу" десе де, қызу пiкiрталас тудырған заң жобасына Мәжiлiс депутаттарының басым бөлiгi дауыс берiп, екi оқылымда да мақұлдады. Ендi құжатты Парламент сенаты сүзгiден өткiзедi.

Камал Бұрханов, Мәжiлiс депутаты:

– Менiңше, 1992 жылы қабылданған заң дiнiмiздi қалпына әкелiп, тiрiлту үшiн арналған заң едi. 20 жыл бойы жат дiндер бiлгенiн iстедi. Ендi оны жүйеге келтiретiн уақыт жеттi. Тiптi бұл заңды ертерек қарастыру керек едi.

Ал қазақтың әйелдерi, қыздары қашан хиджаб киiп едi?! Бұл арабтардың әйелдерiнiң киiмi. Кейiннен исламның мәдениетi деп танылып кеттi. Бұл олардың киiмi, дәстүрi, этнографиясы. Ал қазақтың да ертеден келе жатқан киiмдерi бар ғой. Олар атқа мiнiп, ер азаматтар сияқты еңбек еткен. Қазақта әйелдiң отбасында алатын орны бөлек. Әр халықтың қалыптасқан дәстүрлi киiмi бар. Мына шығыстағы жапондар мәдениетi мен тарих жағынан мықты халық. Олардың да тарихи киiмi бар. Бiрақ олар соны киiп жүр ме? Олар да заманға сай киiнуде. Ал бiз арабтардан үлгi алғымыз келедi. Ислам дiнi мен араб мәдениетi аспан мен жердей. Бiз ең бастысы қазақ болып қалуымыз керек.

29.09.2011

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары