ТАРИХИ ОТАНЫНАН БАҚЫТЫН ТАПҚАН

ТАРИХИ ОТАНЫНАН БАҚЫТЫН ТАПҚАН

ТАРИХИ ОТАНЫНАН БАҚЫТЫН ТАПҚАН
ашық дереккөзі
191

Қазақстан – әлемдегi өз қандастарын тарихи Отанына шақырып, келгендерiне жағдай жасап отырған үш мемлекеттiң бiрi. Ата-бабаларымыз ақ бiлектiң күшi, ақ найзаның ұшымен қорғап, ұрпағына мұраға қалдырған ұлан-байтақ қазақ жерiнде мемлекет құраушы ұлт-қазақтардың үлес салмағы кемшiн тартып келгенi баршаға мәлiм. Оның үстiне, сол барының өзiнiң басым көпшiлiгi солақай саясаттың салдарынан орыстанып кете жаздағаны да шындық.

Осындай "өлiп" бара жатқан тiлiмiздi "тiрiлтiп", жоғалып бара жатқан дiнiмiздi қайтарып, шөре-шөре әзәзiл саясатқа ерiп, енжарлыққа ұшыраған дiлiмiздi қатайтып, жаһанданудың үсiгiне ұрынғалы тұрған ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымызды жаңғыртып, iштей жанталасып жатқан жағдайда нартәуекел ерлiк, кемеңгер көрегендiкпен заманның зейiлiмен шетел асып кеткен қандастарымызды тарихи Отанына қайтаруға шешiм қабылдаған Елбасының елдiкке үндеген бағалы бастамасы бүкiл қазақ халқы тарапынан қолдау тапты.

Жалпы, тәуелсiздiгiмiздi алған 1991 жылдан берi облысымызға алыс-жақын шетелдерден құрамында 78996 адамы бар 15100 отбасы көшiп келген. Облыстық IIД Көшi-қон полициясы басқармасының бастығы Орал Үдербаев өңiрге көшiп келген оралмандардың хал-ахуалы облыс басшыларының жiтi назарында екенiн баса айтады.

Тек үстiмiздегi жылдың өзiнде облыс бойынша 1840 отбасына квота бекiтiлген. Өткен 7 айда облыс аумағына көшiп келген 948 отбасы квотаға енгiзiлген, құрамында 1583 адамы бар 417 отбасына 329 миллион 800 мың теңге төленiп үлгердi. Оралмандардың орнығуы, материалдық қамтамасыз етiлуi мемлекет қамқорлығында. Оралман қандастарды қабылдау және оларға қатысты қаржылық мәселелермен қатар, жаңа ортаға қалыптастыру, бейiмдеу, оқыту, әлеуметтiк және құқықтық қорғануға оқыту мәселелерi де оңды шешiмiн тауып жатыр.

Айталық, үстiмiздегi жылдың басынан берi Тараз қаласында оралмандарды уақытша орналастыру орталығы ашылған. Жалпы, пайдалы алаңы 372 шаршы метрдi құрайтын 10 бөлмелi бұл орталықта қазiр 6 отбасы (отбасы мүшелерi 25 адам) тұрып жатыр. Ондағы тұтынуға арналған тұрмыстық техника, үй жиһаздары, көрпе-төсек, ыдыс-аяқ, бәрi-бәрi мемлекет есебiнен.

Оралман жастардың жоғары оқу орындарының дайындық бөлiмдерiне қабылдануы мәселесi де өз деңгейiнде (мысалы ТарМУ) шешiлуде.

Осындай қамқорлықтарға қарамастан тырнақ астынан кiр iздегендей кiлтипан жайттар да кездесiп қалады. Дегенмен ризашылық басым. Ризашылық лебiзiн солардың өз ауыздарынан тыңдағанымыз жөн болар.

Қайыпназар Шотбасов, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесi, Байзақ ауданының Құрметтi азаматы:

– "Қолда барда алтынның қадiрi жоқ" дегендей, Қазақстанның шетелдерде өмiр сүрiп жатқан қазақтар үшiн қадiрi басым, бағасы жоғары. Көршi өзбек елiнде өмiр сүрiп, кеңестiк кезеңде қоян-қолтық араласып жатқанымызға қарамастан сол кезде де Қазақстанға бүйрегiмiз бұратын. Ал Қазақ мемлекетi тәуелсiздiгiн жариялағаннан кейiн елге қарай аңсарымыз ауды да тұрды. Ақыры 1999 жылы көштiң бетiн берi түзедiм.

Өзбекстанда ешкiмнен қысым көрген жоқпын. Кiлең қазақтар тұратын ауданда аудандық газеттiң редакторымын. Редакторлықты туған елде сондай газеттiң корректорлығына ойланбастан айырбастадым да жiбердiм. Еш өкiнбеймiн! Осында келгелi бергi он екi жыл iшiнде бес кiтапты жарыққа шығардым. Қазақстан Жазушылар одағына мүшелiкке қабылдандым. Шығармашылығым жетiлдi. Еңбегiм еленiп, ауданның Құрметтi азаматы атағына ие болдым.

– Бiз Қазақстанға 2001 жылы келдiк. Осында келер алдында соңғы отыз жылдан астам уақытта соғыстан көзi ашылмаған Ауғанстанда тұрғанбыз. Бiздi алдымен Пәкiстанға ауыстырды. Сонда 7-8 ай тұрғаннан кейiн, елшiлiк арқылы Қазақстанға жеттiк, – дейдi Шырын Халмамат.

– Қазақстан топырағына табанымыз тигендегi қуанышымызда шек болған жоқ. Ана жақта үнемi үрей құшағында жүргендегi арманымыз ата-бабамыздың кiндiк қаны тамған тарихи Отанымызға оралу болған.

Олардың Аса ауылына орныққалы берi он жылдың жүзi болды. Тағдырдың жазуы шығар, көшiп келгеннен кейiнгi екiншi жылда жолдасы Әбдiлдә дүниеден озды. Марқұмға атажұрттан топырақ бұйырғанына риза артында қалған ұрпақтары.

"Артында қалған ұрпақтары" демекшi, Әбдiлдәның 5 ұл, 2 қызы бар. Шырын Елбасы Жарлығымен "Алтын алқа" медалiнiң иегерi атанды. Үш ұлын үйлендiрген. Олардан 5 немересi бар.

"Жергiлiктi билiктiң көмегi бар ма?" деген сұрағымызға да ризашылық жауап алдық.

– Алғашқы келгенiмiзде барлық жағдайды жасады ғой. Қазiр де қажетiмiздi сұрап, жағдайымызды айтып барсақ, көмектен аянып қалмайды. Бiрақ, сұрана берiп не керек. "Көппен көрген ұлы той" деп жүрiп жатқан жайымыз бар.

– Аса ауылдық округi аумағында алыс-жақын шетелдерден келген ағайындар – 368 отбасында 3500-ден астам адам. Көпшiлiгi жергiлiктi тұрғындармен қоян-қолтық араласып, сiңiсiп кеткен. Бәрi де баспаналы. Үйi жоғына баспана салып алуға жер телiмiн беремiз. Мәселен Шырын апайдың екi баласы кезекте тұр. Жер телiмi берiледi, қалғанын өздерi қамдана жатар, – дейдi ауылдық аймақтың әкiмi Бақыт Қазанбасов.

Мақалада екi оралманның өз ауыздарынан естiгенiмiздi тәптiштеп баяндауымыздың себебi бар. Мақсат – кейбiреулер жат санайтын оралман қандастарымыздың атажұртқа келгеннен кейiнгi тұрмыс-тiршiлiгiнен хабардар ету.

Бүгiнгi таңда шетелдерден келген этностық қазақтардың ең көп қиындық көретiн мәселесi – тұрақты тiркелу. Өйткенi тұрақты тiркеуi жоқ адамға оралман куәлiгi берiлмейдi, демек квотаға да кiрмейдi деген сөз. Тiркеусiз жұмысқа орналасу мүмкiн емес.

Оралмандардың құжаттарын (аттестат, диплом, тууы туралы куәлiктерi тағы басқа) куәландырудағы қиындықтар өз алдына бiр мәселе. Бiрiнен кейiн бiрi туындаған мәселелер мiне, осылай (сыбайлас) жемқорлық пен парақорлыққа жол ашады.

Сондықтан "Халықтың көшi-қоны туралы" Заң жобасына iшкi iстер, ұлттық қауiпсiздiк мәселелерi жөнiндегi өкiлеттi органдар мен әдiлет органдары құзыретiне көшi-қон саласындағы түрлi жемқорлықтар мен заңсыздықтарды болдырмауды қадағалау мiндеттерiн қоса жүктеп қоюды енгiзгенiнiң еш артықтығы жоқ.

Оралман ретiнде тiркелiп, Қазақстан азаматтығын алуға құжат өткiзген, бiрақ соған қарамастан Қазақстан төлқұжатын алмай жүрген ағайындар баршылық. Кейбiр деректерге қарағанда, мұндай адамдардың саны 35 мыңдай. Ал сонда олардың төлқұжат алудан қашуының себебi неде?! Себебi түсiнiктi, олар азаматтыққа құжат өткiзуде Қазақстанда тұрақтап қалу емес, тек әртүрлi жолдармен квотаға кiрiп, ақша табуды ғана ойлаған.

Бейресми ақпарат көзi осылай дейдi. Осы нақты емес 35 мыңның бiрқатары немесе басым көпшiлiгi "өлi жандар" болуы да ғажап емес! Тiптi, олар өмiрде бар адамдар болып, ақшаны алғаннан кейiн түрлi жолдармен келген жағына қайтып кетiп жатса, оларды "отаншыл азамат" деп айтуға қалай ауыз барады?

Алдағы уақытта Қазақстан халқының санын 20 миллионға дейiн жеткiзу мақсатын алға қойған Президент Нұрсұлтан Назарбаев көшi-қон квотасының санын да 20 мыңға дейiн жеткiзудi межелеп отыр. Осы орайда, елiмiзде "Нұрлы көш" бағдарламасы қабылданды.

"Шамамен әр отбасына 1 миллион теңге жұмсалады" деп есептегенде, 20 миллиард теңге – қыруар қаржы. Елбасы ел ертеңiн ойлап, орынды қамқорлық көрсетiп отырғанын көзiмен көрiп, отаншылдық рухпен сезiнсе екен дейсiң осы қаржыны оңай олжа санаған сұғанақтар мен оралмандар несiбесiне суық қолын сумаңдатқан жолбикелерге.

29.09.2011

Серіктес жаңалықтары