ҰЛЫ МҰХТАРДЫҢ ҰЛЫ МҰРАЛАРЫ

ҰЛЫ МҰХТАРДЫҢ ҰЛЫ МҰРАЛАРЫ

ҰЛЫ МҰХТАРДЫҢ ҰЛЫ МҰРАЛАРЫ
ашық дереккөзі
268

Сейсенбi күнi М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты құрылғанының 50 жылдығы және М. О. Әуезов шығармаларының елу томдық академиялық басылымының тұсаукесерi өттi. Аталмыш шарада "Қазiргi кездегi өнертану, әдебиеттану, фольклортанудың өзектi мәселелерi" деп аталатын екi күндiк конференция өткiзiлiп, артынша белгiлi классик жазушы М. О. Әуезовтiң ескерткiшiне гүл шоқтары қойылды.

Осыдан елу жыл бұрын Әдебиет және өнер институты құрылып, сол жылы аталмыш институтқа белгiлi жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтiң есiмi берiлген болатын. "Әдебиет", "асыл сөз" әрқашан да халықтың мұң-мұқтажын, арман-тiлегiн көксеген өмiр айнасы екендiгiн ескерсек, бұл саланың тарландары елiмiз тәуелсiздiк алғалы берi әдеби тарихымызды жаңғыртуда сүбелi жұмыстар атқарып келедi. Оның бастамасын "Мәдени мұра" бағдарламасы бойынша аталмыш институттың атсалысуымен шығарылған көптомдықтар, "Қазақ кеңес әдебиетiнiң энциклопедиясы", "Фольклортану, әдебиеттану және өнертану" топтамасы, қазақтың халық ауыз әдебиетiн бiрiктiретiн "Бабалар сөзiнiң" 100 томдық кiтабының дестесiнде берiлген. Ол жүздеген жылдар бойына қалыптасқан қазақтың халық ауыз әдебиетiнiң бай мұрасын бейнелейтiн ертегiлерден, аңыздардан, эпостық шығармалар мен тарихи дастандардан тұрады. Тағы бiр орасан зор құндылық бiрнеше ғасырлар бойына Қазақстанда қалыптасқан, көркем әдеби ойдың түп-негiзi туралы әңгiмелейтiн Қазақстанның ақын-жазушылары шығармашылығының негiзгi үрдiстерi мен ерекшелiктерiн ашып көрсететiн "Қазақ әдебиетiнiң тарихы" топтамасы. Сондай-ақ, "Әлемдiк әдебиет кiтапханасы" дестесi бойынша шыққан "Көркем әдебиет" топтамасында әлемдiк классиканың жетiстiктерi көрiнiс тапқан. "Философия" топтамасында қазақ халқының бай философиялық мұрасынан мағлұмат беретiн шығармалардың таңдаулы үлгiлерiн тұтас бiрiктiруге тұңғыш қадам жасалып, "Қазақ халқының ежелгi уақыттан бүгiнгi күнге дейiнгi философиялық мұрасы" дестесi шығарылды. Ұлы Даланың көрнектi ұлдары – Қорқыт ата нақылдарынан басталған, Абай мен Шәкәрiмнiң дүниетанымында жалғасын тапқан философиялық көзқарастар әлемдiк iзгi рухани мәдениеттiң iнжу-маржандары болып саналады. "Тарих ғылымы" топтамасындағы "Қазақстанның тарихы жөнiндегi жазба деректер" сынды көптеген жинақтар мен көптомдықтар шығарылды. Асыл қазыналарымыздың қайта жаңғыруына ұйытқы болып, сол игiлiктi iстiң басы-қасында жүрген киелi шаңырақ ұжымы – Әдебиет және өнер институтының мамандары. Аталмыш институттың директоры, ҚР ҰҒА академигi, филология ғылымдарының докторы, профессор Сейiт Асқарұлының айтуынша, бүгiнгi мерейтойды атап өтуге негiзделген конференция тақырыбын "Қазiргi кездегi өнертану, әдебиеттану, фольклортанудың өзектi мәселелерi" деп алудың өзi тәуелсiздiк алғаннан кейiнгi бiздiң әдебиетiмiз бен өнерiмiз көп өзгерiстерге ұшырап жатқандығын айтады. Жаһандану үрдiсi бiздiң ұлттық әдебиетiмiз бен өнерiмiзге, фольклорымызға әсер етпей қоймайды. Сол жаһандану үрдiсiне жұтылып кетпеу үшiн ұлттық мәдениетiмiз бен әдебиетiмiздi жаңғырту мақсатымен ұлттық әдеби мәтiндердi жарыққа шығарып, әдебиет пен өнер тарихын қайта жаңғыртуды көздейдi. Бұл шаралардың барлығы батыстың тобырлық мәдениетiне қарсы тұру үшiн жасалып отыр. Әдебиеттiң рухани жалғасын жасау мақсатында 10 томдық "Әдебиет тарихы" жазылып, онда арғы сақ, ғұн дәуiрiнен бастап, қазiргi күнге дейiнгi әдебиеттiң тарихы қамтылған. Ол жөнiнде Әдебиет және өнер институттың директоры, ҚР ҰҒА академигi, филология ғылымдарының докторы, профессор Сейiт Асқарұлы: "Қазiргi өнерiмiз де, мәдениетiмiз де әлемдiк үрдiске кiрiктiрiлiп кеттi. Мұнда әдебиет томаға тұйық қалмайды өз алдына. Бiз де әлемдiк мәдени нарықтан өз орнымызды алуымыз керек. Сондықтан да осыны зерттеу бүгiнгi күннiң талабы. Биыл бiз М. О. Әуезов шығармаларының елу томдық академиялық толық басылымын шығардық. Бұл жинаққа Мұқаңның Кеңес үкiметiнiң тұсында жарияланбаған шығармалары шықты. Мұндай елу томдық жинақ бiздiң тарихымызда болмаған. Елу томдықтың мазмұны мен ауқымы, әлеуметтiк салмағы жағынан қазақтың мәдениетi мен көркемдiк әлемiн белгiлi бiр белестерге көтерген құбылыс ретiнде бағалауға болады. Басылым елiмiздiң ұлттық рухани қазынасын жаңарған құндылықтар негiзiнде танымдық, эстетикалық тұрғыдан байыта түспек", – дедi. Екi күнге созылған мерейтойда белгiлi классик жазушы М.О.Әуезовтiң елу томдығының тұсауы кесiлiп, оның ескерткiшiне гүл шоқтары қойылды.

Маржан КЕҢЕСБАЙ

29.09.2011

Серіктес жаңалықтары