ӨНДIРIСТI АЙМАҚ ӨРГЕ ЖҮЗУДЕ
ӨНДIРIСТI АЙМАҚ ӨРГЕ ЖҮЗУДЕ
Елiмiздiң астықты һәм өндiрiстi өңiрi – Қостанай облысына сапар шегуге талайдан берi iштей бекемденiп жүргенмен, сәтi түсе қоймаған едi. Өткен аптада ENRC корпорациясы Рудный қаласында I Халықаралық ғылыми-техникалық конференциясын ұйымдастырып, ақпарат құралдары өкiлдерiне өндiрiстiк аймақтың тыныс-тiршiлiгiн етене таныстырды. Бұл шараға қатысу мүмкiндiгiне бiз де ие болдық.
Әуелгiде «Қостанайға iссапарға барасың ба?» деген ұсыныс түскенде көз алдыма бидайы пiсiп, масағы майысып тұрған сап-сары егiн алқабы келе қалған. Көңiлiм алабөтен күй кешiп, сол алқапты көруге асыққаным рас. Алайда бұл жолғы сапарымыз Қостанай облысындағы атағы әлемге әйгiлi кендi қала – Рудныйға бағытталды. Баяғы мектепте жиi ауызға алатын Соколов-Сарыбай кен байыту өндiрiстiк ошағының отаны. Жәй ғана атын естiгенiмiз болмаса, бұл қаланың тарихы тереңде жатқанын кiм бiлген?
ENRС құрамына кiретiн «Соколов-Сарыбай кен байыту өндiрiстiк бiрлестiгi» АҚ (ССКӨБ) мамандары алдымен Рудный қаласындағы бiрқатар кәсiптiк бiлiм беретiн оқу мекемелерiнiң бүгiнгi жағдайын паш еттi. Себебi темiр кенiн өндiру және байыту бойынша жетекшi кәсiпорынға қарайтын әр түрлi зауыттар мен кәсiпорындарға қажеттi кәсiби мамандар осы бiлiм ошақтарынан шығады. Ұсыныс бар жерде сұраныс та көп. Рудный қаласында кәсiптiк бiлiмi бар маман жұмыссыз қалмайтын көрiнедi. Бүгiнгi таңда ССКӨБ-нiң жергiлiктi кәсiптiк лицейлерiнiң материалдық базасын жақсарту үшiн қолдан келгеннiң бәрiн жасап жатқанын аңғару қиын емес. Оған өндiрiстiк бiрлестiктiң кәсiптiк лицейлердi өз қоластына алып, жан-жақты көмек көрсетiп жатқаны бiр бөлек, тiптi интерактивтi тақта сынды заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз еткенi мысал бола алады. Бiз бас сұққан №11 кәсiптiк лицей аумалы-төкпелi заманда ешкiмге керексiз болып қалған екен. Кейiннен елiмiз кәсiптiк-техникалық мамандықтарға деген сұраныстың күннен-күнге артып келе жатқанын ескерiп, кәсiптiк бiлiм мекемелерiне қаржыны молынан бөле бастағаны мәлiм. Қазiргi кезде қамқорлыққа алынған бұл оқу орны аяғынан қайта тiк тұрып, өндiрiске, кәсiпорынға ауадай қажеттi мамандарды дайындауда. Атап айтқанда, жону iсi және металл өңдеушi, өткiзушi, жерасты ғимараты құрылысы, өнеркәсiптiң электромеханикалық құралдары, электровоз машинисiнiң көмекшiсi т.б. мамандықтары бойынша бiлiм алған жастарды ССКӨБ-нiң өзi жұлып әкететiн көрiнедi. Содан да болар, теориялық бiлiмдi соңғы үлгiдегi құралдармен толықтыра түсудi құп санаған бiрлестiк болашақ мамандарға тiкелей өндiрiс ошағында тәжiрибеден өтуге де мүмкiндiк жасап қойған.
Ал келесi атбасын тiреген №5 кәсiптiк лицейi де Қостанай облысы әкiмдiгi мен ССКӨБ-нiң ерекше қамқорлығының арқасында сапалы бiлiм беруге тырысып жатқан көрiнедi. Оқу орны директоры Аманжол Сағынаевтың айтуынша, кәсiптiк лицейден жыл сайын 50 маман қанаттанып шығады екен. Тiптi оқушылар бюджеттiк оқу бөлiмнен бөлек ақылы топқа да қабылданды. Олардың ақшасын ССКӨБ-тiң өзi төлеп оқытады. «Қазiр 17 мамандық бойынша – дәнекерлеушi, сылаушы, бояушы, тас қалаушы сынды өндiрiстiң жетiк мамандарын дайындаймыз», – дейдi №5 кәсiптiк лицей директоры. Айта кету керек, бұрын мұнда қазақ тобы болмаған екен. Соңғы уақытта өңiрге келiп жатқан оралмандардың көбеюi – бiр мамандық бойынша қазақ тобының ашылуына түрткi жасапты. Бұл топ 2005 жылдан бастап қазақтiлдi мамандарды дайындауда. Ал бұл оқу орындарын тәмамдаған жастар мен бiлiктiлiгiн арттырғысы келген мамандар ССКӨБ-нiң кадрлар дайындайтын оқу орталығында бiлiмiн шыңдай түседi.
Жас мамандардың негiзгi мәселесi – баспана. Осы мақсатта ССКӨБ екi, үш бөлмелi «Жас мамандар үйiн» салып берiптi. Арнайы келiсiм-шартпен берiлген 36 пәтердiң бәрi керектi жиһазбен де жабдықталған. Ал болашақта жас мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшiн 2,5 млрд. АҚШ доллары көзделiп отыр. Бұдан соң ССКӨБ-нiң әлеуметтiк мәселелер жөнiндегi вице-президентi Ерлан Әлкеновтiң жолбастауымен күмбезi «мен мұндалаған» зәулiм мешiтке әдейi ат басын бұрдық. ССКӨБ 2009 жылы бiр мың адамға лайықталып салынған мешiттiң құрылысына шамамен 258 млн. теңге жұмсапты. Әрбiр тасы мен таңбасы көздiң жауын алатын Алланың үйiне кiрген жанның таңдай қақпай шығуы мүмкiн емес. Қазақы ұлттық нақышпен өрнектеп жасаған. Бiр өкiнiштiсi, даңғарадай кең мешiтке келетiн мұсылман жамағаты аз екен. Рудный мұсылмандары мешiтiнiң бас имамы Сейт Темiрбекұлының айтуынша, мұндағы мұсылманның саны 15 пайызға ендi ғана жеткен көрiнедi. Бас имам мешiттiң iшi мұсылман бауырларға толады деген үмiтiн жасырған жоқ. Сонымен қатар қаладағы үлкен шiркеудiң де құрылыс жұмыстары бiтуге таяу. ССКӨБ-нiң әлеуметтiк мәселелер жөнiндегi вице-президентi Ерлан Әлкеновтiң айтуынша, шiркеу құрылысына шамамен 150 млн. теңге бөлiнген.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ