«БАЛАПАН» 1-ГЕ ТОЛДЫ
«БАЛАПАН» 1-ГЕ ТОЛДЫ
Елiмiздегi тұңғыш балалар телеарнасы «Балапанның» эфирге шыққанына да бiр жыл! Арна бүгiнде күллi қазақтың рухани құндылығына айналды деуге негiз бар. Өйткенi «Балапанның» мақсаты да осы – қазақ баласының ана тiлiнiң қадiр-қасиетiн сiңiре отырып, бiлiм мен тәрбие көзi болуды дiттеген бiрегей ақпарат құралы болу.
«Балапан» телеарнасы – балалардың қамқоршысы, ата-аналардың ажырамас серiгi. Осы орайда, тәй-тәйлап, бiр жасқа аяқ басқан «Балапан» өзiнiң атаулы мерейтойын қайырымдылық iспен атап өтудi жөн көрген екен. Қыркүйектiң 27-сi күнi «Қазақстан» ұлттық телеарнасында тiкелей эфирде ауыр науқасқа шалдыққан Рамазан Есмағамбетов (аяқталмаған остеогенез), Диана Мақсат (церебральдi сал ауруы), Гүлнәз Омарбекова (микрокорнеа, петерс синдромы) есiмдi бүлдiршiндердiң емiне қаражат жинау мақсатында қайырымдылық акциясын өткiздi. Акцияның мақсаты – елiмiздегi әр баланың тағдырына бей-жай қарай алмайтындығын көрсету. Бүгiнгi сәби – ертеңгi келешегiмiз екенiн ескерсек, баланың денсаулығының жақсы болуы – мемлекет үшiн, халық үшiн ең басты құндылық екенiн ұмытпағанымыз абзал.
«Балапан» – тәулiгiне 12 сағат мемлекеттiк тiлде хабар таратып отырған бүлдiршiндердiң телеарнасы. Бiр жылдың iшiнде көрермен назарына 12 бағдарлама, 1 мультипликациялық сериал ұсынылды. Атап айтсақ, бүлдiршiндердi шынығуға шақырған «Алақай, балақай!», «Толағай», тәттi ұйқыға жетелейтiн «Айжұлдыз», бiлiмнiң есiгiне қанат қақтыратын «Әлiппе», бала қиялының ұшқырлығына жетелейтiн «Шеберхана», бүлдiршiннiң танымын арттыратын «Кел, ойнайық!», «Еркетай» сияқты бағдарламалар «Балапанның» сәнiн кiргiзiп, отандық ақпарат кеңiстiгiндегi өзiндiк беталысын танытты.
1-ге аяқ басқан «Балапан» арнасы келешекте де балалар киносы мен анимациялық фильмдерiнiң отандық қорын қалыптастыруға негiз болатын телеарнаға айналмақ.
29.09.2011