ҰСТАЗДАРДЫҢ АЛДЫНДА ҰЯТҚА ҚАЛЫП...

ҰСТАЗДАРДЫҢ АЛДЫНДА ҰЯТҚА ҚАЛЫП...

ҰСТАЗДАРДЫҢ АЛДЫНДА ҰЯТҚА ҚАЛЫП...
ашық дереккөзі
208

Алдағы жексенбi — мұғалiмдер күнi. Бұл күн таңның атысы мен күннiң батысына дейiн балаға бiлiм нәрiн берiп жүрген ұстаз қауымының ұлық мерекесi. Алайда кәсiби мейрамын көтерiңкi көңiлмен қарсы алғысы келген алматылық мұғалiмдердiң жанын мазалап жүрген түйткiлдi мәселелер де аз емес.

Бiлiм және ғылым министрлiгi жаңа оқу жылынан бастап мұғалiмдердiң жалақысының көтерiлетiндiгiн айтқан болатын. Яғни жоғары санаттағы мұғалiмдердiң айлығы 100 пайызға, бiрiншi санаттағылар 50 пайызға, ал төменгi санаттағылар 30 пайызға дейiнгi үстемеленген жалақыны алады делiндi. Ал Алматы қаласының әкiмi Ахметжан Есiмов бұған дейiн де үлкен шаһарда бiлiм беретiн ұстаздардың жалықысының аздығын айтып, бiрнеше рет мәселе ретiнде көтерген-дi. Қала әкiмiнiң былтырғы тамыз кеңесiнде Бiлiм және ғылым министрлiгi алдына мұғалiмдердiң жалақысын көтеру жөнiнде ұсыныс жасағандығын барша ұстаз қауымы бiледi. Ол: "Бала тәрбиесi мен оларға бiлiм берумен айналысып жүргендер айтарлықтай жалақыға лайықты. Алматыдағы өмiр деңгейiн ескерiп, бұл мәселеге дифференциялданған түрде келу керек", – деп бүгiнгi нарық заманында қаладағы мұғалiмдер жалақысының мардымсыздығын тап басып айтқан-тұғын. Алайда "бұл мәселе өз шешiмiн тауып отыр. Яғни 2011 жылдың 1 қыркүйегiнен бастап қалыпты жағдайда мұғалiмнiң жалақысы 47 мың 428 теңге болса, қосымша төлемдермен 58 мың 930 теңгеге көтерiледi. Ал жоғары санаттағы мұғалiмнiң толық жүктемедегi жалақысы қосымша төлемдердi қосқанда 116 мың 897 теңге алатын болады" деп сендiрген қала әкiмi Ахметжан Есiмов Үкiметтiң республикалық қаржы есебiнен қала педагогтарының жалақысын көтеру мақсатында 282,8 млн. теңге қарастырылып отырғанын да сүйiншiлеген. "Әрине, мұның өзi әлi болса да жеткiлiксiз. Дегенмен iс орнынан қозғалды. Бiз әлi де педагогтардың жалақыларын көтеруге барынша қол жеткiзетiн боламыз", – деп ұстаз қауымына үмiт сыйлаған әкiм уәдесiнде тұрды ма?

Қуанышы қойнына сыймай жүрген Алматы қаласының мұғалiмдерi қыркүйектiң жалақысын асыға күткен. 116 мың теңгенiң шамасындағы жаңа жалақыны алам деп жүрген жоғары санаттағы бiраз ұстаздардың көңiлi су сепкендей басылған сияқты. Өйткенi олардың еңбекақысына әкiм айтқан үстеме қосылмаған болып шықты.

Айтпақшы, елiмiздiң Бас прокуроры Асхат Дауылбаевтың айтуынша, Бiлiм және ғылым министрлiгi екi жылдың iшiнде 8 млрд. теңгенi желге ұшырыпты. Олар "Бiлiм берудiң 2008-2010 жылдарға арналған бағдарламасының" жүзеге асу барысын тексере келе, небiр былықтың куәсi болыпты. Мәселен бағдарлама бойынша, 2011 жылдың 1 қаңтарына дейiн Президент атындағы интеллектуалды мектептiң жиырмасы қолданысқа берiлуi тиiс болған. Бiрақ оның тек алтауы ғана салынып бiтiптi. Мұндай жағдайлар Астана, Алматы, Қарағанды секiлдi қалаларда бiрнеше мәрте қайталанған. Сондай-ақ министрлiк 12 жылдық бiлiм беру жүйесiне көшудiң аясында түрлi бағдарламалар әзiрлемек болып, қазына қаржысының 4,5 млрд. теңгесiн жұмсап тастаған. Бiрақ бұл бағдарламалар шикi болғандықтан, оны ендi Жұмағұловтың командасы қайта жасап жатқан көрiнедi. Әшкере болған осы және өзге де деректерге байланысты Бас прокуратура 5 бiрдей қылмыстық iс қозғады.

Серіктес жаңалықтары