АҚЫН ЕСIМI АНАДОЛЫДА ҰЛЫҚТАЛДЫ

АҚЫН ЕСIМI АНАДОЛЫДА ҰЛЫҚТАЛДЫ

АҚЫН ЕСIМI АНАДОЛЫДА ҰЛЫҚТАЛДЫ
ашық дереккөзі
218

2011 жылы, 13-15 қыркүйек күндерi Түркияның Ялова қаласында Қасым Аманжоловтың туғанына 100 жыл толуына байланысты түркi тiлдерiнiң өзара аударма мәселелерi туралы екiншi халықаралық симпозиум өткiзiлдi. Бұл Қасым Аманжоловтың туғанына 100 жыл толуына орай 8-11 қыркүйек аралығында Қарағандыда өткiзiлген тойынан кейiн жалғасын тапқан игi шара. Қарағандыдағы дүбiрлi тойға қатысқан ТҮРIКСОЙ төрағасы Дүйсен Қасейiнов, Еуразия жазушылар одағының төрағасы Яқып Делiөмероғлы Қарағандыдан тiкелей Ялова қаласына келдi.

Орталық кеңсесi Анқарада орналасқан Еуразия жазушылар одағы, ТҮРIКСОЙ, Ялова әкiмшiлiгi және ТИКА ұйымы бiрлесе өткiзген жиынға Түркия, Қазақстан, Азербайжан, Өзбекстан, Татарстан, Башқұртстан сынды бiр қатар түркi елдерiнен көптеген ғалымдар мен өнерпаздар, журналистер мен аудармашылар қатысты.

Ғылыми-тәжiрибелiк конференцияның ашылу салтанатында Еуразия жазушылар одағының төрағасы Яқып Делiөмероғлы Қарағандыдағы тойға қатысқанын, өмiрiнде мұндай дүбiрлi де үлкен той көрмегенiн, мұның бәлкiм бiр ақынға жасалынған ең үлкен той екенiн, тойда 250 үй тiгiлгенiн, бәйге жарыс, айтыс болып, көп нәрсе атқарылғанын, тойға қайран қалғанын атап өттi.

Жиынның алғашқы отырысында ғалымдар Қасым Аманжоловтың өмiрi мен мұрасын талқылады. Өйткенi бiздiң ойымызша, Аманжоловтың қазақ әдебиетi мен поэзиясында Қазақстанның тәуелсiздiгi мен қазақ халқының еркiндiк махаббатына байланысты ерекше орынға ие болған. Қазақ әдебиетiнде дәл Қасымдай екiншi бiр ақын жоқ болса керек.

Себебi Сталиннiң және Кеңестiк идеологияның айдарынан жел есiп тұрған шақта, атап айтқанда, 40-50 жылдары шығармашылық салада еңбек еткен, бұған қарамастан, белгiлi ғалым Серiк Қирабаевтың сипаттағанындай тәуелсiздiк ақыны бола бiлдi.

Сол жылдары тәуелсiздiк жайлы сөз қозғау мүмкiн емес едi. Сонда Аманжолов қалайша тәуелсiздiк ақыны деп аталады деген сұрақ көкейге келедi. Әрине сол кезде тәуелсiздiк жайлы ашықтан ашық сөз қозғау мүмкiн емес едi. Бiрақ әдебиеттiң ұлылығы осында жатыр. Ғалымдардың, саясаткерлердiң ашық түрде айта алмаған арман тiлектерiн әдебиетшiлер, әсiресе ақындар астарлап айта бiледi.

Мәселен Аманжолов былай дейдi:

Ей, тәкаппар дүние,

Маған да бiр қарашы,

Мен – қазақтың баласы.

Осы үш жол сөйлемде көп мағына жатыр. Кеңестiк идеологиялық қысымның күшейген, Марксизм-Ленинизмнен басқа ешнәрсе айтуға мүмкiншiлiк берiлмеген тұста айтылған осы сөздердi былай деп түсiндiм.

Бiрiншiден, ақын бұл жерде сол идеологияға менсiнбей қарайтынын көрсетуде. "Әй, тәкаппар, өзiнен басқаны сыйламаған, менсiнбеген Кеңестiк идеология, маған қара, мен қазақпын" деп айғайлауда. "Менiң өзiмнiң ұлттық тарихым, салт-санам бар, соларға да кеңшiлiк бер, оларды да жырлайық", – дейдi.

Екiншiден, ақын "әй, тәкаппар Компартия, маған қара, мен қазақпын. Байқа, бұғауға көнбеймiн. Тегiнде ажалың менiң қолымнан болады", – дейдi. Расында да, 1986 жылы желтоқсанда қазақ жастары көтерiлiп, Кеңестiк тарихта тұңғыш ашық халықтық көтерiлiстi жасады. Бұдан кейiн Балтық елдерiнде, Қавказияда түрлi өңiрлерде халықтар көтерiлiп, аяғында осыдан 20 жыл бұрын 1991 жылы Кеңес Одағы келмеске кеттi.

Мiне, сондықтан Қазақстанның тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығында Қасым Аманжоловқа қаншалықты ұлы той жасалса да орны бар. 1955 жылы дүние салған ақынды туған халқы Кеңестiк қысымдар салдарынан бағасын бағалап, тойын сол заматтан берi өткiзе алмаған едi. Ендi ел ес жиып етегiн жауып 20 жылдығын тойлаған шағында ақынды қастерлеп тойын жасап жатыр.

ТҮРIКСОЙ төрағасы Дүйсен Қасейiнов Қасым Аманжоловтың тек қазақ халқының емес, бүкiл түркi дүниесiнiң ұлы ақыны екенiн атап өттi.

Ялова әкiмi Яқып Қошал таяу арада қалада түркi дүниесi ақындар мұражайын ашатындықтарын, ақындар iшiнде бiрiншi мәрте Қасым Аманжоловқа орын беретiндiгiн сүйiншiледi.

Белгiлi ақын Бауыржан Жақып ақын өмiрiне жан жақты тоқталды. Қарағандылық әншi Мейiрхан Адамбеков Қасым әндерiн айтты. Осыдан кейiн Қасым Аманжолов туралы деректi фильм көрсетiлдi.

Әбдiуақап ҚАРА,

Мимар Синан көркем өнер университетiнiң профессоры

22.09.2011

Серіктес жаңалықтары