ҚАЗАҚ БҰЛБҰЛЫНА ҚҰРМЕТ

ҚАЗАҚ БҰЛБҰЛЫНА ҚҰРМЕТ

ҚАЗАҚ БҰЛБҰЛЫНА  ҚҰРМЕТ
ашық дереккөзі
385

Өткен аптада Алматыдағы Күләш Байсейiтова атындағы дарынды балаларға арналған мектеп- интернатының алдында КСРО-ның халық әртiсi, Мемлекеттiк сыйлықтардың лауреаты, әйгiлi әншi, "қазақтың бұлбұлы" атанған Күләш Байсейiтованың 100 жылдығына орай, дарын иесiнiң ескерткiшi қойылды.

Қазақтың дарынды қызына арналған ескерткiштi қоюға бұлбұл әншiнiң атындағы мектеп-интернаты мен "Құбыла", "№1" құрылыс компаниясы, сонымен бiрге, қала әкiмдiгi мен Бостандық ауданы әкiмдiгi мұрындық болыпты. Зәулiм ескерткiштiң биiктiгi – 3 метр. Мүсiн сынама қоладан құйылған. Тума талант иесiнiң, халықтың құрметiне бөленген әншiнiң мүсiнiн салу да оңай шаруа емес. "Ескерткiштi тұрғызуда әйгiлi әншiнiң қарапайымдылығы мен сұлулығын көрсетуге тырыстым. Оның бейнесiн мұражайында тұрған тарихи суретiне қарап жасадым. Мүсiндi жасауға бiр ай уақытым кеттi", – деп ағынан жарылды ескерткiштiң авторы, мүсiншi Тiлеубердi Бинашев.

Ашылу салтанатына қала әкiмi Ахметжан Есiмов, ҚР Мәдениет вице-министрi Асқар Бөрiбаев, мектеп ұжымы, өнер қайраткерлерi мен зиялы қауым, әншi, музыканттар, Күләш Байсейiтованың туған-туыстары мен балалары қатысты.

Күләш Байсейiтова өзiнiң қысқа ғұмырында қазақ көгiне жарқырап шықты. Қазақты ғана сұлу өнерiмен тамсандырып қойған жоқ. Әлем оның үнiне елтiдi. Жезтаңдай әншiнiң талантына Мәскеу жұртшылығы бас идi. Ол өнерлi ордада туып өсiп, халық әндерiнен бойына қуат жинап, көкiрегiне нәр алды. Бұлбұлдың өнер жолы атақты әртiс Серке Қожамқұловтың драма үйiрмесiнен басталған екен. Қайталанбас өнер иесi өзiнiң әншiлiк дарынын Италияда шыңдады. Таңғажайып, әсем даусымен, әртiстiк дарынымен ерекшеленген Күләш Байсейiтова жастайынан-ақ халқына жарқырай танылды. Тума талант иесi бар-жоғы 24 жасында КСРО Халық әртiсi атағын алды. Сол жолы оған Сталин сыйлығы қоса берiлдi. Қазақ жерiндегi алғашқы опера театрының негiзiн де қалауға көп күш салды. Әншi орындаған "Гәкку", "Қазақ вальсi" сонау 40-шы жылдан күнi-бүгiнге дейiн халықтың санасында сақталып келедi.

"Қазақ қыздарының iшiнен шыққан тұңғыш опера әншiсi Мәскеу сахналарында ән салып, Кеңес Одағында талғампаз көрермен қошеметiне бөлендi. Ол сомдаған қазақ аруларының қайталанбас бейнелерi халықтың мәңгiлiк есiнде қалады. Өзiнiң бар ғұмырын қазақ өнерiн дамытуға арнаған оның өнерге адалдығы, адамгершiлiгi мен кәсiби шеберлiгi қазақ өнерiнiң қайраткерлерiне, барша жас қауымға үлгi, өнеге. Бүгiнде осындай асыл қыздарымызды ұлықтау ел тәуелсiздiгiнiң арқасында, мемлекет басшысының қолдауымен мүмкiн болып отыр. Әйгiлi әншiнiң бүкiл шығармашылық уақыты өткен Алматы қаласы Күләш атын әрқашан ардақ тұтып, есiмiн жас ұрпаққа өнеге етiп келедi. Бүгiнгi ескерткiш сол құрметтiң бiр көрiнiсi. Бұл жалпы тәуелсiз елiмiздiң ұлттық өнерге, өнер тұлғаларына деген құрметтiң бiр белгiсi", – деген едi ескерткiштiң ашылу салтанатында қала әкiмi Ахметжан Есiмов.

Рас, бiртуар дарын иесiнiң ғұмыры келте болды. 45 жылдық аз ғұмырында артына өшпес iз қалдырып кеткен өнер иесiнiң ескерткiшi қазақ халқының бұлбұл қызына арнаған мәңгiлiк сыйы деп қабылдағанымыз абзал.

Аққу ғұмыр, жезтаңдай әншi өмiрден озса да, ол сомдаған жарқын бейнелер халқының жүрегiнде мәңгiлiк сақталып келедi.

22.09.2011

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары