"КӨГIЛДIР ОТЫННЫҢ" КҮРМЕУI ТАРҚАТЫЛМАҚ
"КӨГIЛДIР ОТЫННЫҢ" КҮРМЕУI ТАРҚАТЫЛМАҚ
"Бейнеу-Бозой-Қызылорда-Шымкент" магистральды газ құбыры тәуелсiз Қазақстан тарихындағы ең iрi әлеуметтiк жобалардың бiрi саналады. Бұл жоба iске асқан кезде 577 елдi мекенге "көгiлдiр отын" жеткiзiледi. Оның iшiнде ең көп қамтылатыны Оңтүстiк Қазақстан облысының елдi мекендерi. Аталған облыстағы 230 ауыл тұрғындары өзiмiзде өндiрiлiп, өңделген газды тұтынбақ.
Жуырда оңтүстiкке арнайы iс-сапармен келген премьер-министрдiң бiрiншi орынбасары Өмiрзақ Шөкеев және Мұнай және газ министрi Сауат Мыңбаев, "ҚазМұнайГаз" ҰҚ АҚ Бас директоры Қайыргелдi Қабылдин мен Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Асқар Мырзахметовтiң қатысуымен Түркiстан қаласының маңында "Бейнеу-Бозой-Қызылорда-Шымкент" магистральды газ құбыры желiлiк бөлiгiнiң алғашқы торабын символикалық түрде түйiстiру рәсiмi өттi.
Бұл жоба Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2008 жылы халыққа арнаған Жолдауында айтылған болатын. Салтанатты шара барысында жиналғандарға Өмiрзақ Естайұлы Елбасының осынау қуанышты оқиғаға арнайы жолдаған құттықтау хатын оқып бердi.
– Бүгiнгi iс-шараны түркiстандықтар үшiн тарихи оқиға деп бағалаған жөн. Бұл жобаның техникалық-экономикалық есеп-қисабының өзi бiрнеше жылға созылады. Ұзындығы 1475 шақырым болатын газ құбырының құрылысы екi кезеңде iске асырылмақшы. Газ құбырының бiрiншi кезеңiнде 6 млрд. текше метр "көгiлдiр отын" елiмiздiң батысынан оңтүстiгiне тасымалданады. Осының арқасында импорттық газға деген тәуелдiлiктен құтыламыз. Бұл жобасы Қазақстанның әлеуметтiк-экономикалық дамуына зор ықпал ететiн болады. Мұны Елбасының Оңтүстiк өңiрiнiң халқына қамқорлығы деп түсiнген жөн, – дедi үкiмет жетекшiсiнiң бiрiншi орынбасары.
Алғашқы кезең аяқталғанда елiмiздiң оңтүстiк өңiрдегi 5 миллионға тарта халық тұратын елдi мекендер көгiлдiр отынды тұтынатын болады. Ары қарай газ құбырының мүмкiндiгi арта келе жылына 10 миллиард текше метр газ тасымалдамақшы. Келешекте оны 15 миллиард текше метрге жеткiзу жоспарланып отыр.
– Бiрiншi кезеңде Ақтөбе облысындағы Жаңажол газ кен орнынан алынған өнiммен қамтамасыз етемiз. "Бейнеу-Бозой-Қызылорда-Шымкент" магистральды газ құбырының құрылысы толық бiткен соң Батыс Қазақстан облысының газы жеткiзiледi. Қазақстаннан шығатын газ тұтынуымызға толығымен жетедi, артығын Қытайға сатамыз, – дедi "ҚазТрансГазАймақ" АҚ-ның бас директоры Қайрат Шәрiпбаев.
Аса маңызды стратегиялық нысан саналатын магистральды газ құбырының құрылысына 3500-ге жуық жұмысшы тартылады. Ал оны пайдалану кезiнде 600 маман тұрақты жұмыс iстейдi. Қазақстанды, Түркiменстанды, Өзбекстанды және Қытайды бiрiктiретiн ауқымды жобаны "ҚазТрансГаз" АҚ-ы мен Қытай мұнай газ компаниясы тең құқықты әрiптестiкте жүзеге асырмақшы. Оны Азия мемлекеттерiнiң өзара ынтымақтастығын арттыратын ғасыр жобасына баласа да болады.
Салтанатты шара барысында қонақтардың қатысуымен үлкен iстiң алғашқы қадамы ретiнде Түркiстанды қажеттi мөлшердегi газбен қамтамасыз ететiн автоматтандырылған газ тарату станциясының iргетасына ескерткiш капсула орнатылды. Болашақ ұрпаққа арналған аманат жолдауға "ҚазМұнайГаз" ҰҚ АҚ бас директоры Қ.Қабылдин мен облыс әкiмi А.Мырзахметов қол қойды.
22.09.2011