ТҰРМЫС ЖАҒДАЙЫ ҚИЫНДАР МЕН ЖАҢА ПӘТЕРЛЕР
ТҰРМЫС ЖАҒДАЙЫ ҚИЫНДАР МЕН ЖАҢА ПӘТЕРЛЕР
Жуырда Халықаралық астаналар мен iрi қалалар ассамблеясы ТМД елдерiндегi 85 қаланың iшiнен Шымкент қаласын үздiк деп танып, арнайы дипломмен марапаттаған болатын. Күннен күнге көрiктенiп келе жатқан қалада саябақтар құру, көшелердi кеңейту, аулаларды ретке келтiру жұмыстары былтырдан берi қарқынды жүргiзiлiп келедi. Зәулiм ғимараттар салынды, әлi де салынып жатыр. Сәтiн салса, олардың бiрқатары алдағы тәуелсiздiк тойында ашылады деп жоспарланған.
Шымкентте "Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту" бағдарламасы аясында алғаш рет тозығы жеткен үйлердi жаңарту жұмыстары да жүргiзiлуде. Биыл шаһардағы пайдалануға берiлгенiне 40-50 жылға жуықтаған 50-ге тарта көпқабатты баспананың кем-кетiгi жөнделiп, инженерлiк жүйелерi қалпына келтiрiлуде. Сондай-ақ мемлекеттiк тұрғын үй бағдарламасының шарапатымен тағы мың отбасы жаңа пәтерге қоныстанғалы отыр. Жуырда өңiрге арнайы iс-сапармен келген бiрiншi вице-премьер Өмiрзақ Шөкеев осы жұмыстардың барысымен танысты.
Шымкентте қазiр бас-аяғы 41 көпқабатты үйдiң құрылысы жүрiп жатыр. Биыл оның 18-i елдiң игiлiгiне берiледi. Жаңа пәтерлердiң тең жарымынан көбiне банк арқылы қаржы жинақтап жатқан салымшылар қоныстанбақ. Өзгесi "Жұмыспен қамту-2020" бағдарламасы аясында баспаналы болатын отбасыларға тиесiлi. Сондай-ақ биылдан бастап алғаш рет Шымкенттегi жаңа үйлер жалға берiлмек. Оған тек әлеуметтiк жағдайы төмен отбасылар қоныстанады.
– Бағдарлама бойынша 54 пәтерлiк бiр үйдiң құрылысы бiттi. Жыл соңына дейiн 36 пәтерлiк екiншi үйдiң құрылысы аяқталады. Биыл сонда бас-аяғы 80 пәтер берiлмек. Олар тұрмысы төмен отбасыларға уақытша тұру үшiн берiледi, – дейдi Шымкент қаласының әкiмi Арман Жетпiсбаев.
Өмiрзақ Шөкеев өңiрде "Тұрғын үй жинақ банкi" арқылы тұрғын үй салу жұмыстарының өте жақсы дамып келе жатқанына ризашылық бiлдiрдi.
– Биылдың өзiнде 1000 пәтер пайдалуға берiлмек. Бұл деген – өте жоғары көрсеткiш,– дедi ол.
Шымкенттегi көпқабатты баспаналардың денi осыдан жарты ғасыр бұрын бой көтерген. Барлығының дерлiк шатыры тозып, қабырғалары құзданып тұр. Коммуналдық жүйелерi шiрiген. "Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту" бағдарламасы аясында биыл Шымкенттегi осындай 49 көпқабатты тұрғын үйде жөндеу жұмыстары жүргiзiлуде. Тозығы жеткен тұрғын үйлердi жаңғырту жұмысы әзiрге пилоттық жоба ретiнде жүзеге асырылып жатыр. Ө.Шөкеев келер жылдан бастап бұл жұмыстың ауықымы кеңейетiнiн айтты.
22.09.2011