СЕНА ЖАҒАЛАУЫНДАҒЫ СӘТТI КЕЗДЕСУ
СЕНА ЖАҒАЛАУЫНДАҒЫ СӘТТI КЕЗДЕСУ
Қазақстан мен Франция арасындағы ынтымақтастық нығая түспек. Елбасы Н.Назарбаев апта басында жұмыс сапарымен Парижге келiп, осы елдiң Президентi Николя Саркозимен бiрқатар келiссөздер жүргiздi.
Екi мемлекеттiң достық пиғылдағы байланысы әрiден басталады. Өткенге шегiнсек, Франция — Қазақстан алыс шетелдер арасынан достық, өзара түсiнiстiк және ынтымақтастық туралы шартқа қол қойған алғашқы ел. 1992 жылдың қыркүйегiнде Н.Ә.Назарбаевтың Францияға жасаған алғашқы сапарынан кейiн бiр жыл өткенде, яғни 1993 жылы Франция Қазақстанға көмек ретiнде 300 миллион франк көлемiнде үкiметтiк несие бергенi жұрт есiнде.
Қазақстан мен Франция президенттерiнiң мұнан кейiнгi келiссөздерiнiң нәтижесiнде экономикалық өзара iс-қимылдың нақты мiндеттерi алға қойылып, ынтымақтастықтың басым бағыттары қарастырылды. Бұлар отын-энергетикалық кешенде, құрылыста, көлiкте, геофизикада, агроөнеркәсiптiк секторда, телекоммуникация саласында, әуе қозғалысын басқаруда, ақпараттандыруда, қымбат бағалы және сирек кездесетiн металдарды өндiру мен өңдеу мәселесiнде көрiнiп жатты. Құжатта қазақ пен француз басшылары екi елдiң ынтымағына көңiлдерi толатынын жеткiздi. Серпiндi индустриялды-инновациялық дамуға ұмтылған қазақ елiне француздың озық технологиясын тарту жайын пысықтады. Дәл қазiр қазақ елiнде француз компанияларының қатысуымен 22 инвестициялық жоба жүзеге асып жатқанға ұқсайды.
Франция – қазақ мемлекетiмен сауда-саттықтың көрiгiн қыздырып отырған алғашқы төрттiктiң бiрi. 2010 жылғы статистикаға қарасақ, қос мемлекет арасында 4 млрд. 900 млн. доллар айналған. 1993 жылдан берi француздың қазақ жерiне құйған инвестициясы 5,5 млрд. доллар болып отыр. Осы мақсатта 100-ден аса бiрлескен компания құны 440 млн. доллар тұратын 6 жобаны жүзеге асыруда. Елбасының француз компаниялары басшыларымен кездесуi кезiнде елiмiздiң индустриялық-инновациялық дамуында Францияның озық тәжiрибесi мен технологиясын қолданудың мәселелерi жан-жақты қозғалды. Бүгiнде француз әрiптестермен бiрлесiп, Қазақстанда радиоэлектроника құрастыру, титан құймаларын, жоғары сапалы цемент, азық-түлiк өнiмдерiн шығару жолға қойылуда. Таяу уақыттың өзiнде жер серiктерiн, тiкұшақтар, электровоздар, атом реакторлары үшiн отын өнiмiн өндiру жолға қойылмақшы.
"Алстом" компаниясының президентi Патрик Крон мырза: "Президент Нұрсұлтан Назарбаев саяси және экономикалық белсендiлiгi екi елдiң қарым-қатынасының тереңдеп дамуына зор ықпал етiп отыр. Ол елдi басқаруда үнемi тың бастамалар мен көрегендi шешiмдерiмен ерекшеленiп келедi. Қазақстанның инфрақұрылымы зор реформаларды өткерiп жатыр. "Алстом" сол iстерге үлкен ынтамен қатысып отыр. Мысалы бiз темiр жол саласында бiрнеше жобаны жүзеге асырмақпыз. Соған келiсiм жасадық" деп ағынан жарылса, "Обер энд Дюваль" компаниясының президентi Жорж Дюваль: "Бiз Қазақстаннан "Қазатомөндiрiс" ұлттық компаниясымен өте жақсы әрiптестiк орнаттық. Менiңше, Қазақстанның билiгi бизнестiң өркендеуiне мейлiнше тиiмдi жағдайлар жасап отыр деп айта аламын", – дедi.
Келiссөз қорытындысы бойынша қабылданған Бiрлескен декларацияда мемлекеттер басшылары екi елдi бiрiктiретiн стратегиялық әрiптестiк шеңберiндегi қатынастардың қарқынды дамуын қуаттады. Қазақстан-француз Президенттiк комиссиясының және оның құрылымдық құраушылары – Экономикалық ынтымақтастық жөнiндегi мемлекетаралық комиссия және Iскерлiк кеңес осы қатынастарды өрiстетуге мүмкiндiк туғызатынын айтып өттi.
Президент Н.Назарбаев Францияның Үлкен жиырмалыққа төрағалығындағы бастамаларына қолдау көрсетсе, ал Франция президентi Н.Саркози Қазақстанның қуатты экономикалық дамуымен құттықтап, елде жүргiзiлiп жатқан әртараптандыру мен инновация саясатына үлкен табыс тiледi. Сондай-ақ, Франция президентi Николя Саркози Қазақ елiнiң Ислам мемлекеттерi ұйымына төрағалығымен және Тәуелсiздiк алғанына 20 жыл толуына байланысты қазақ халқын, оның президентi Нұрсұлтан Назарбаевты шын жүректен құттықтады. Айта кету керек, 2013 жыл – Францияның Қазақстандағы Мәдениет жылы, ал 2014 жыл Қазақстанның Франциядағы Мәдениет жылы ретiнде атап өтiлмек.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ