Кеудесi сырлы саз едi

Кеудесi сырлы саз едi

Кеудесi сырлы саз едi
ашық дереккөзі
175

Қазақ мәдениетi ауыр қазаға ұшырады. Белгiлi композитор, Қазақстанның халық әртiсi, профессор, Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты Мыңжасар Маңғытаев дүние салды.Мыңжасар Маңғытаев 1937 жылы 23 желтоқсанда Оңтүстiк Қазақстан облысы, Шәуiлдiр (Отырар) ауданының Маяқұм ауылында туған. 1965 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттiк консерваториясын Қ.Қожамияровтың класы бойынша бiтiрдi. Осы жылы еңбек жолын Қазақ ССР Мәдениет министрлiгiнiң өнер басқармасында аға инспектор болып бастады. 1967-1969 жылдары Қазақстан Композиторлар одағының жауапты хатшысы, 1969-1976 жылдары "Жазушы" баспасы өнер және музыка редакциясының бас редакторы қызметтерiн iстедi.

Композитор М.Маңғытаев бұдан кейiн бiрқатар жылдар шығармашылық жұмыста болды. Ал 1988-1991 жылдар аралығында Алматы облыстық музыка қоғамына төрағалық еттi. 1991-1993 жылдары Қазақстан Композиторлар одағы төрағасының бас кеңесшiсi, ал 1997 жылы республикалық дәрежеде зейнеткерлiкке шыққанға дейiн екiншi хатшы мiндеттерiн атқарды.

Шығармашылығына ұлттық саздың бояуын тиiмдi пайдалана бiлген Мыңжасар Маңғытаев сол үрдiспен "Отырар" операсын, "Қозы мен Баян" балетiн, "Арман", "Құлагер" симфониялық поэмаларын, "Шексiз махаббат" ораториясын, "Ақсақ құлан", "Қаратау әуендерi" атты хорға арналған поэмаларын, ұлы Абайдың өлеңдерi бойынша бiрнеше әуен жазды. Оның үш жүзден астам әндерi, вокалдық-хор, аспаптық, симфониялық оратория-кантаталары, оркестрлiк поэма-сюиталары, кинофильмдер мен спектакльдерге жазған музыкалары заман тынысын, өмiр келбетiн, дүние сұлулығын жырға қосты.

М.Маңғытаев халқының ән өнерiне сiңiрген осындай еңбектерi үшiн 1998 жылы Қазақстанның халық әртiсi атағын алып, 2006 жылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты атанды.Абзал азамат, белгiлi композитор Мыңжасар Маңғытаевтың жарқын бейнесi бiздiң жүрегiмiзде әрдайым сақталады.

Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлiгi

Серіктес жаңалықтары