Зейiн салып қарасақ...

Зейiн салып қарасақ...

Зейiн салып қарасақ...
ашық дереккөзі

Зейтiн Ақышевтiң есiмi барша қазаққа етене таныс. Кезiнде шығармашылық адамдардың барлығы дерлiк жақсы көрген, биязы мiнездi, терең бiлiмдi, мәдениеттi ағаның үйiнде болып, әдемi басылған екi кiтапқа қол жеткiздiм. Аты да, заты да таныс есiм "Иман Жүсiп" романы. Үшiншi рет толықтырылып басуы Иман Жүсiп Құтпанұлы туралы, оның қилы-қилы тағдыры, қоғамдық қайраткерлiк iстерi көркем тiлмен көрiнiс бередi. Оқиғалар үздiксiз жалғасып, шығарма тереңiне сүйрей жөнеледi.

Зекең ағамыздың бұл шығармасы ертеректе "Шынардың шыбығы" атпен шыққан. Роман әдебиетшiлер мен қалың оқырмандар қауымынан жылы лебiз алған шығарма болатын. Жазушының жүз жылдығына орайластырып шығарылған шығармадан бүгiнгi оқырман терең рухани ләззат алары сөзсiз. Аталған шығарма үш бөлiмнен құралып, әкесi Құтпан, арғы бабасы, Тұрғанбай датқа жайлы да сыр шерткен. Өз кезеңiндегi атақты әншi – серi, сазгер, батыр болған Иман Жүсiп Құтпановтың барша өмiрi бүгiнгiлерге терең тағылым. Иман Жүсiптiң өскен ортасы, қазақтың атақты палуандары Қажымұқан, Балуан Шолақпен, дауылпаз ақын Сәкенмен кездесу, орыс көшпендiлердiң Арқа жерiне қоныстану, ояздар мен болыстардың қиянатымен күресу, түрмеге айдалу оқиғалары да өте нанымды әрi зор шабытпен бейнеленген. Иман Жүсiптiң:

Шiдердiң үш балағын атқа салдым,

Иман Жүсiп хатқа салдым.

Құдай берген қуатым бойға сыймай,

Жұдырықтай басымды отқа салдым,

деген өлеңiнен-ақ оның бар болмысын бiлуге болады.

Сөйтiп патшалық таңы сөнiп, октябрь төңкерiсi жарық бередi деген үмiтпен кеңес өкiметiне қызмет iстеуге кiрiседi. Алайда кеңес өкiметiнiң қызметiне кiрiп алған Райымхан болыс, Пересыпкин сияқты бұрынғы жасауылдар қолынан майып болады.

Оқырманға ой салған қаламгердi бүгiнгi ұрпақтарға қайта таныстырсақ, марқұм Зейтiн ағаның рухы биiктей түспек.

Зейтiн Ақышев 1911 жылы бұрынғы Керек уезi, Далба болысының №8 ауылында (қазiргi Павлодар облысы, Баянауыл ауданы) сәуiр айында туылған деп жазылған. Алайда ұрпақтарының айтуынша, ол кiсi қыркүйек айында туса керек. Ол алғаш молда алдын көрiп, кеңес мектебiнде оқиды, кейiн Омбы мектебiне ауысады да, Омбы жұмысшы факультетiн 1931 жылы бiтiрiп шығады. Осы жылы Баянауыл аудандық оқу бөлiмiнде iс жүргiзушi, инспектор, өзi туған ауылындағы жетi жылдық мектепте әуелде мұғалiм, одан соң директор болады. Сол Зекең ашқан мектеп бүгiнде Шәкен Айманов атымен аталған. Зекең Баянауыл ауданында оқу ағарту саласын дамытуға, балаларды мектепке тарту сияқты iстерде нәтижелi жұмыстар жүргiзедi. Оң-солын таныған тұста Голощекин жүргiзген саясаттың салдарынан З.Ақышевтiң туыстарының басын бiрiктiрген 32 шаңырақ жан-жаққа тарап кетедi. Осы тұста Зейтiннiң ата-анасы да қайтыс болыпты.

Бiлiмiнiң аздығын сезген ол жоғары оқу орнына түседi. 1939 жылы Семей педагогика институтының физика-математика факультетiн бiтiрген соң, Павлодар педучилищесiнде оқытушы, Баянауыл орталығындағы мектепке директор болып тағайындалды. Оның алдынан ақын Мұзаффар Әлiмбаев, жазушы Қалмұқан Исабаев, Кеңес Одағының Батыры Құдайберген Сұрағанов, қоғам және мемлекет қайраткерi Сұлтан Сәрсенбаев сияқты ондаған шәкiрттерi, жүздеген шәкiрттерi өткен.

Мұнан кейiн Алматы облысындағы Шұбар ауылындағы орта мектеп директоры, республикалық оқу методикалық педагогика баспасында аға редактор, редакция меңгерушiсi, бас редактор қызметiн атқарған. Жалпы З.Ақышевтiң қызметi оқу-ағарту саласынан алшақ кетпедi. 1955-60 жылдары республикалық "Қазақстан мұғалiмi" газетiнiң бас редакторы қызметiн атқарған. Осы тұста газет бетiнде қазақ мектептерiнiң азайып бара жатқаны, әсiресе солтүстiк облыстада қазақ мектебi жабылып жатқаны жайлы өткiр материалдарды ұйымдастырады. Партия саясатына қарсы мақалалар жазды деп 1960 жылы бас редакторлықтан босатылады.

1970-1972 жылдары Қазақ Совет энциклопедиясы Бас редакциясында аға ғылыми редактор болып, қазақ энциклопедиясын жарыққа шығарда алғашқылардың бiрi болып еңбек еттi.

Зейтiн ағамыздың "Ағаш үй" атты алғашқы өлеңi 1930 жылы "Колхоз" атты газетте жарияланған. Мiне, содан берi ұстаздық қызметiн шығармашылықпен байланыстыра жүргiздi. Оқу-ағарту саласы балалар жайлы жазған "Бiздiң шамшырақтар" атты кiтабы 1962 жылы баспадан шықса, 1967 жылы "Достарым менiң", – "Ақбел асуы атты алғашқы романы 1975 жылы, "Жесiрлер"– 1973, "Бұршақ соққан жер"– 1976 жыл, "Жаяу Мұса" романы 1981 жылы жарық көрiп, оқырмандардан жылы баға алған-ды.

З.Ақышев драматург ретiнде халық композиторы Жаяу Мұсаның өмiр желiсi мен тарихи деректерiне құрылған драма жазды. Бұл драмасы академиялық театр мен облыстардағы театрларға қойылған. "Келiндер", "Теңгенiң темiрi", т.б. шығармалары халық театрының сахнасында қойылып келдi. Сондай-ақ жазушы В.Панаваның "Кружилика" романын (1952), А.Купринның "Жекпе-жек"(1955), Я.Коластык "Талап атай" повестерiн (1956) қазақ тiлiне аударып, орыс қаламгерлерiнiң шығармаларын қазақ оқырмандарына таныстырған жазушышлардың бiрi.

Зейтiн Ақышевтiң екiншi бiр романы "Жаяу Мұса" деп аталған. Атақты өнерпаз, композитор, батыр жiгiт ретiнде елге танылған Мұса Байжановтың өмiр жолы, сол кезеңнiң басты қайшылықтары, адамдар арасындағы теңсiздiк, қазақ ауылдарының тұрмыс-тiршiлiгi, орыс қоныстанушыларды суреттеумен қатар Мұсаның балалық шағының ауыр кезеңдерi оқырманды бей-жай қалдырмайды.

Мұсаның генерал Черняев, әсiресе Шоқан Уәлихановпен танысып, сырласуы, атақты Мұса, Мұстафа Шормановтар бейнесi де дәл берiлген. Мұса тапқыр, айлакер би болса, Мұстафа әдiлетсiз, алды-артын ойламайтын болыс болғанын суреттейдi.

Зейтiн Ақышевтiң "Жаяу Мұсасында" қазақ сахарасындағы сол кезеңдегi оқиғалар көркем тiлмен суреттелiп, қазақ халқының ұлттық дәстүрлерi мен әдет-ғұрпы терең көрiнiс тауып отырады. Жалпы Зекеңнiң бұл шығармасы да қазақ әдебиетiне қосылған сүбелi үлес болған-ды.

Ал Зекеңнiң адамдарға деген жанашырлығы, қамқорлығы жайында белгiлi қаламгер, көрнектi аудармашы Әбiлмәжiн Жұмабаев айтып берген едi… Жаяу Мұсаның баласы Салық әйелiмен Алматыға келген сайын Зекеңнiң үйiнде көп болады екен. Әсiресе ол кiсi Алматыға қараша айында келiп, Баянауылға мамыр айының ортасында ғана оралатын. 3 бөлмелi үйiнде Зекең оларлы қымсынбай күтiп, ақар-шақар болып, ел мен жер жағдайын, ағайын-туыстарды сұрастырып, бар әңгiмеге қанығып, көңiлi көтерiңкi болып қалатынын Әбекең айтқан-ды.

Азаматтығы мен кiсiлiгi мол ағамыздың қыркүйек айында туғанына жүз жыл толмақ. Соған орайластыра шығарылған қос томы және өзi жайлы оқырмандарға сөз тарттық.

15 қыркүйек
Тынышбек ДАЙРАБАЙ
қосымшаның жауапты редакторы Таңсұлу Алдабергенқызы