Шашасына шаң жұқпаған жүйрiктер

Шашасына шаң жұқпаған жүйрiктер

Шашасына шаң жұқпаған жүйрiктер
ашық дереккөзі
284

Өткен жексенбi күнi Алматы облысы, Қарасай ауданы аймағында орналасқан "Ақсай" ипподромы келер жылдың басында 100 жылдығын атап өткелi отырған Дiнмұхамед Ахметұлы Қонаевтың мерейтойын бастап та кеттi.

Аса көрнектi мемлекет және қоғам қайраткерi, үш мәрте Социалистiк Еңбек Ерi, Ленин ордендi, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигi, техника ғылымдарының докторы, саналы ғұмырын өзiнiң туған халқына арнаған қадiрмендi қазақ азаматы Димаш Ахметұлы рухына тағзым етушiлер бұл шараны қыздыра түстi.

1960-1986 жылдар аралығында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң бiрiншi хатшысы болып қызмет атқарған Д.А.Қонаевтың еңбектерiн насихаттау, жастарымызға ұлттық салт-дәстүрiмiздi насихаттау, салауатты өмiр салтын қалыптастыру мақсатындағы ұйымдастырылған бұл шарада Қонаев мұражай-үйi ұйымдастырған "Д.А.Қонаевтың 100 кiтабы" тақырыбында жылжымалы кiтап және фото көрмелерi көпшiлiк назарына ұсынылды.

Мерейтойлық шара таңертеңгi сағат 10-да Қазақстан эстрада жұлдыздарының концертiмен басталып, "Отырар сазы" фольклорлық халық аспаптар ансамблi, "Үш қоңыр" тобы мен қазақтың әншi қызы Роза Рымбаева жиналған жұртқа ән-шашу шашты. Нұрғали Нүсiпжанов, Толқын Забирова, "Алтынай" бишiлер тобы мен Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының әншiлерi өз өнерлерiмен тәнтi еттi. Той-думан ұлттық ат жарысымен жалғасты.

Ат жарысы демекшi, бiздiң елiмiзде ат спортына ерекше қамқорлық жасалынып жатқанын, ер мiнездi азаматтарымыздың ер қанаты саналатын сәйгүлiктерге деген сүйiспеншiлiгiн тағы бiр рет сезiнiп, сүйсiнiп отырдық. Алдын ала белгiленген бағдарлама бойынша 25 шақырымға – аламан, 16 шақырымға – топ, 11 шақырымға – құнан, 9 шақырымға – тай бәйге басталғаннан-ақ, жиналған топтың делебесiн қыздырып, қиқулаған дауыстар одан сайын ипподром аспанын жаңғыртқандай. Шын мәнiнде, сәйгүлiктердiң үстiндегi бастарына қызылды-жасылды орамал байлаған өрiмдей жас балаларға қарап, жүрегiң елжiрейдi. Шаппақ түгiлi өмiрi атқа отырып көрмеген жанымдағы кiп-кiшкентай немерелерiмiздiң өзi бiр орнында тұра алмай теңселiп кеткендей күй кештiк. Жай адамның делебесiн қоздыратын мұндай ат жарыстары ұлттық дәстүрiмiздiң қайталанбас үрдiсi екенiн дәлелдеп мiне, алғашқы айналымның да шаңы көрiндi. Жанымыздағылар аттарын жазбай танып, "ой, мынау пәленшекеңнiң сәйгүлiгi" деп өзара қызу тартысқа түсiп кеткендей.

Түсе ауа бере жарыс та өз мәресiне жеттi. Алғашқы тай бәйгеде Ернар Қойшыбаев есiмдi өспiрiм "Шағала" атты сәйгүлiгiмен оза шауып, бас жүлде "ВАЗ 2107" автокөлiгiн иеленсе, екiншi-үшiншi орынды Ерлан Ерсұлтан мен Мұратжан Нүсiпжанов есiмдi бозбала қанжығасына байлады.Құнан бәйгеден Ғабит Үмбетовтiң қосқан сәйгүлiгi бас жүлденi иеленсе, Жандос Назарбаев, Болатбек Дүйсенов екiншi-үшiншi орынды бөлiстi.

Өткiзiлген бәйгеге халықаралық ат жарысы болғандықтан Астана, Қызылорда, Петропавл, Талдықорған, Қарағанды, Тараз, Ақмола облыстарымен қоса Қырғызстан, Өзбекстаннан да сәйгүлiктер қатысқан бұл бәйгеде, әсiресе Алматы облысының шабармандары көзге ерекше түстi.Дiнмұхамед Ахметұлы Қонаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған ұлттық ат спорты түрiнен Халықаралық жарыстың соңы мың жарым адамға жайылған аспен қорытындыланды.

15 қыркүйек

Таңсұлу Алдабергенқызы

Серіктес жаңалықтары