ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҚАЙСАР ҰЛЫ

ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҚАЙСАР ҰЛЫ

ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҚАЙСАР ҰЛЫ
ашық дереккөзі
323

Танымал қаламгер Ерғали Сағаттың қаламынан туған шығармалар оқырман қауымды ешқашан бей-жай қалдырған емес. Таяуда жазылып бiткен «Жаңа жарық Димекең» атты эссе кiтабы да өзiне тән ерекшелiктерiмен тәнтi етедi. Оқырмандарымыздың назарына осы кiтаптан үзiндi ұсынуды жөн көрiп отырмыз.

(Редакциядан)

2005–2007 жылдары жер-жердегiдей құрылыс жұмыстарының дүмпуi күрт үдедi де, Алматы тiршiлiгi одан тысқары қала алмады. Қаланың аумағындағы бос жерлер, орталықтағы бағасы жоғары жатаған үйлi кварталдар құрылыс алпауыттарының көзiне iлiнiп, артынша тез-тез сатылып жатты. Өкiнiштiсi, кейiн әлгi жердi сатып алған бiрқатар “ақшалы алпауыттарыңыз” жоспарланған құрылыстарын тұрғыза алмады да, қаланың тұс-тұсында биiктiгi екi метрден асатын темiр шарбақты қоршаулар көбейiп кеттi. Сөйтiп әдемi қаланың ажарын қашырып алған күндер де болған.

Қалаға Есiмов басшы болып келгеннен қаланың қараусыз қалып, күл-қоқысқа бөккен жерлерi бiрте-бiрте тазарды. Артынша қала тұрғындарының мұқтажына сай мәдени-демалыс орындарына айналды. Әлеуметтiк бағытта қызмет жасай бастады. Шарбақтары алынды. Қоқыстары тазартылды. Тастақ жерлерiне құнарлы қара топырақ төгiлiп, тегiстелдi. Гүлдi клумбалар мен жасыл газондар өсiрiлдi. Париждiң Сенасы мен Праганың Влтавасы жағалауындағы демалыс орындарына сән бергендей әсем де өрнектi, көз жауын алған жаңа орындықтар қойылды. Сөйтiп жүрек айнытып, кешкiлiкте үрей шақыртқан жерлер көз қуанышына айналған.

Сондай келеңсiз күйге ұшыраған, байырғы қала тұрғындарын дүрлiктiрiп, жанын ауыртқан орын – “алтын квадрат” аталған Панфилов көшесi мен Абылай хан даңғылы аралығындағы жер едi. Жоғары тұсында Құрманғазы көшесi жатты. Бұл жерде көненiң көзiндей екi қабатты бiрiнен бiрi аумайтын, үнемi қала қонақтарының көзайымы болып көрiнетiн сегiз сарғыш үй тұратын. Әсемдiгi пәлендей кiсi қызығарлық болмағанымен, әруақты көненiң көзi болатын. Отызыншы жылдары астана Ақмешiттен Алматыға көшiрiлгенде қазақ елiнiң жаңа қадамына ерiк-жiгерiн арнаған үкiмет адамдары, өнердiң қажымас қайраткерлерi тұрған тарихи үйлер болатын.

Талайы 37-шi жылғы зұлматтың құрбаны болып кеттi. Айсыз қараңғы түнi қара жамылып, қара машинамен тiмiскiлеп келгендер осы үйлердiң подьездерiнен талайды сүйретiп әкеттi. Босағаларына боздаған боздақтардың көз жасы тамған. Сол үшiн де тимеуге, сол үшiн де ардақтап ұстауға болатын едi. Өскен ел, өскен елдiң халқы сөйтер едi. Өкiнiштi. Амал не, өзiнiң өткен жолына құрметпен қарайтын көне дүние елдерiнен үйрене алмадық, үлгi ала алмадық. Солар сияқты бұл үйлердi мұражайлы орындарға айналдыруға болатын едi, “болатын едi” дейтiн алматылық бекзат кiсiлер де. Кешегi жазықсыз құрбан болғандардың жасып қалған ұрпақтары да солай ойлайтын. Бiрақ өре жетпедi, өктемдiк үстемдiгiн жасады.

Алғаш өзi жоспарлатқан 17 аспалы да айналма жолдардың екеуiн салып үлгерген Виктор Храпуновтың қала жұртшылығы алдында жүзi жарқырап қалған шақ болатын. Әлгi тарихқа қатысы бар үйлердi сүрмек болғанда қалалықтар оған үдере қарсы тұрып жол бергiзбеген. Халықтың үнiне құлақ асты ма, әлде халықтың қаһарынан қаймықты ма, райынан тез қайтып едi сонда. Бiрақ бәрiбiр артынша келген басшылық ол жердiң ойран-топайын шығарды. Қала тұрғындары қатты қарсылық көрсеттi. Аштық та жариялады. Бiрақ бәрiбiр ол әрекеттерiнен еш қайран болған жоқ… Абырой болғанда “Шаңырақтағыдай” қантөгiс, кiсi өлiмi орын алмады.

Бұл тәптiштеп неге айтылады? Келешекте елдiң тұтқасын қолына ұстайтын бүгiнгi ұрпақ өкiлдерi аға ұрпақтың көзiндей көрiнетiн қасиеттi жерлерге құрметпен қараса, тiптi қорқа қараса дегендiк.

Димаш Ахметұлы қандай да болсын қастерлi орындарға, аға буын ардақ тұтқан мекендерге әр кезде үлкен құрметпен қарапты.

“Құдайсыз” заманда туса да, Құран оқыған ғой Димекең. Бәлкiм соның да әсерi шығар Ар жолынан адас кетпегенi. Бiзге мәлiмi кезiнде Өзағаң – Өзбекәлi Жәнiбековтiң, Кеңес Аухадиевтiң ұлт мүддесiндегi ұсыныстарын құп көрiп, кешегi Офицерлер үйi Ықылас атындағы көне музыкалық аспаптар мұражайына, бұрынғы Керуен сарай, Сауда көшесiндегi көнеден жеткен Қызыл таң үйлерiн тiкелей өзi араласып көне қалпында сақтап қалуы соған айғақ. Олар аз да болса аяулы Алматының басынан өткен тереңдегi тылсым тарихынан бүгiнгi ұрпаққа сырлы да сырбаз тiл қатады. Өз болмысымен, өзiнiң көне бояуымен қала сәулетiн өткен күндермен жалғап сән берiп те тұр. Өкiнiшке қарай, одан соң мұндай iс жалғасын тапқан жоқ.

Өзiмiз әр кез тамсана қарайтын көне дүние – Европа елдерiнде ұлт тарихына қатысты әрбiр тасын, қирандыдан қалған әрбiр көне қабырғасын, қызметiн ғасырлар бойы тұрып адал да абыройлы өтеген тарихи үйлерiн көздiң қарашығындай сақтайды. Күнбе-күн келiп жатқан мың-сан туристерiне олардың ел тарихындағы мәнi мен маңызын айтып мақтаныш көредi. Жас буынның туған қаласы, туған елiне деген патриоттық сезiмiн оятып, аға ұрпақ еңбегiн құрметтеуге тәрбиелейдi.

Бәрiне тоқталып қайтейiн, қырық тепеден (қырық төбе дегенi, бейнелеп айтқаны) тұратын айбарлы астана – Анкара тәуелсiздiк алған соң астана болып жарияланған. Осы қалаға алғаш көшiп келiп жұмысын жасаған Парламенттiң көне үйi көнеден жеткен көзайым болып әлi де тұр. Қабырғасына жарқырата жазып ескерткiш тақта қойылған.

Бұл үйде түрiк халқының көсемi Ататүрк сол ауыр жылдары езiлген халқының еңсесiн көтерiп, ұлтқа арнап егiле сөз сөйлеген. Түркi халқын жау алмас үшiн ынтымақты, жауына ымырасыз, тiлiн, дiлiн құрметтейтiн бiртұтас бауырмал халық болуға шақырып үндеген.

Осыдан соң бiзге ой келген. Астана Алматыдан Астанаға көштi.

Бiрақ Алматы 37-шi жылдарғы зұлматтың, Ұлы Отан деп аталған қияметқайым соғыстың ауыртпалығын бастан кештi.

Аранын ашқан ашаршылықтың зардабын тартты. Соған куә болған тас үйлер аз ба мұнда?

НКВД-нiң сұр үйлерi әлi де сұсты. Соның жер астындағы қапас та қараңғы бөлмелерiнде қарға адым жердегi жарық дүниеге қол созып, көтерiлiп шыға алмағандары қанша едi.

Алматының Астана алаңында ұлы шаһардың ғана емес, бүкiл қазақтың жанына жақын еңселi сұлу ғимарат бар. Кешегi билеушi партияның Орталық Комитетiнiң аппараты мен республика Министрлер Кеңесiнiң ғимараты. Осы үйде ұзақ жылдар елдiң тағдыры шешiлген. Қазақтың небiр жайсаң ұлдары түн қатып жұмыс жасаған.

Сол үйдiң қабырғасына Дiнмұхаммед Ахметұлы Қонаев ұзақ жылдар осында жұмыс iстеген деп жазудың қаншалықты қажетi боларын бiлмеймiн, бiрақ “бұл үйде Советтiк дәуiрде партияның Орталық Комитетi, республиканың Жоғары Кеңесi мен Үкiметi орналасып, жұмыс жасады. Елдiң тәуелсiздiгi туралы алғашқы тарихи құжаттар осы үй iшiнде қабылданды, Тәуелсiз Қазақстан республикасының тұңғыш президентi халыққа арнап сөз сөйледi”, – деп жазылса бүгiнгi жас ұрпаққа, жүздеген жылдардан кейiнгi, мыңдаған жылдардан кейiнгi келер ұрпаққа өткен тарихымыздың тағылымын көз көрген тiрi мүлiк ретiнде еске сап тұрмай ма? Сонда әркiмнiң туған қаласына деген сүйiспеншiлiгi, мақтанышы артпай ма? Өткендi бiлген баланың өзегiнде ұлтына деген асқақ сезiм шоқтай жанып маздай бермей ме деймiз ғой, баяғы.

Тәуелсiздiгiнiң бесiгi Вашингтонды американдықтар қалай ардақтайды, түрiктер Анкараны қалай асқақтатады. Бiздiң тәуелсiздiгiмiздiң алтын бесiгi Алматы емес пе? Демек елдi сүйер, елiне сүйсiнер ұрпақты тәрбиелеу бүгiнгi сiз бен бiздiң асыл мiндеттерiмiз болып қала бермек. Жауапкершiлiгi бар мiндет, ауыр мiндет. Өйткенi оның жолы тым ұзақ, тым ауыр, тым азапты болды.

Соның бiрi бүгiнгi жас ұрпақтың жадынан өше қоймаған 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы. Ол туралы аз айтылған да, аз жазылған да жоқ. Әлi де ақиқаты айтылады. Жаңа есiмдер де аталатын болар. Бiрақ қалай болғанда да жас ұрпақтың жадында жаңғыра берерi анық. Келер ұрпақ халқының, бабаларының қандай жолдан өткенiн бiлсiн. Өткен жолын бiлген, өткен жолын ұмытпаған, өткен жолынан сабақ түйген елдiң алды қашанда ашық, көгi жарқын болмас па?

Елдар айтады: 1986 жылы 17 желтоқсан күнi үйге келгенiмде Димаш Ахметұлы жанын қоярға жер таппай, дегбiрсiзденiп, көңiл-күйi болмай отыр екен. Ол кiсiнiң беймаза күйге түскенiн бiрiншi рет көргенiм едi. Сабырға шақырсақ та, сабасына түсе алмай: “Жастарға жаным ашиды, оларға қиын болады, азаптың бәрiн солар тартады. Оларға түсiндiретiн адамның табылмауы қалай екен, ә? Менi қойшы, ғайбаттау мен кiнараттаудың қандайына болса да дайынмын, халық тұрғанда жала жабылмайды маған”, – дедi.

Димаш Ахметұлының басына түскен ауыр жылдары едi бұл. Бiрақ езiлмедi, қайсар адам өзiн қалыпты ұстай бiлдi. Шыдамдылық көрсеттi, ақиқаттың жеңетiнiне бек сендi. Сенiм алдаған жоқ. Өкiнiштiсi, 1990 жылы Димаш Ахметұлының 50 жыл отасқан зайыбы Зуһра Шәрiпқызы қиянатты көтере алмай, о дүниеге озды…

Иә, 1986 жылы бар-жоғы 18 минутқа созылған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң кезектен тыс пленумы Димекеңдi қызметтен босатқан.

Сонда Димекеңнiң жанында Олжас Сүлейменовтiң ғана қалғанын көпшiлiк жақсы бiлетiн. Залдың iшiнде. Кеше ғана Димеке деп алыстан қол соза жүгiргендер сол сәттен 180 градусқа бұрылып кете берiптi. Әне, зиялы деген аға ұрпақтың өзiнен кейiнгiлерге көрсеткен өнегесi. Өскен халықтарда ше? АҚШ президенттерiн қалай шығарып салып, жаңа сайланғанын қалай қарсы алып жатады. Ағылшындар да, немiстер де. Орыстар да. Тiптi көршi қырғыздар да демократияның һақ жолына түсiп, өткен олқылықтарының орнын толтыруға талпынуда.

Қателесiппiз. Сондағы зал iшiнде қарамай кеткендер халық емес, қара басының қамын ойлаған шоғыр екен. Бiреулер олардiкi де жөн деседi. Ал, халқы сол күнi, сол сәтте-ақ Колбин деген мұжықтың құйрығы орындыққа тимей жатып алаңға ұрандап шыққан. Димекеңнiң “азаптың бәрiн солар көтередi, солар тартады” деп өкiнiштен опық жеп, жаны ауырғаны содан ғой.

Қазақ көрген қорлықтың шегiне жеткен кезi едi бұл уақ. Көзi ашық көтерiлiсшiлер Қонаевтың атын атамады. Залалымыз тимесiн дегенi. Қазақ басшы өзiмiзден де табылатын едi, бұл қай қорлық деп атойлады. Намыстың аяққа басылып тапталуынан туған халықтық алапат ашу, халықтық алапат наразылық болатын.

Кейiн әдiлеттiң ақ туын адал ұстаған Димекеңнiң жақтастарының қатары – уақыт өткен сайын, әдiлдiк пен пенделiктiң ара жiгi ашылып айқындалған сайын өсе берген.

Және бұл КСРО атты империяның өзегiне жегi құрт түсiрген алғашқы халықтық көтерiлiс болатын. Ол әлi де терең зерттеудi, әлi де терең талдауды қажет ететiн көтерiлiс. Болашақ тарихшылар зерделi зерттеп, әдiл төрелiгiн айтып, жаңаша ғылыми бағасын беретiн болар да.

“Еш жерде өзiн таныта қоймаған Колбин деген Қазақстанға келiсiмен менменсiп, паңданып шыға келдi. Ол келiсiмен-ақ, республика, облыс деңгейiндегi Қазақстан Компартиясы басшыларын қудалау басталды.

Д.А.Қонаевқа “саяси қылмыскер” деген айдар тағып, оған 1986 жылғы Желтоқсан оқиғаларын ұйымдастырушы ретiнде жала жапты”, – деген Асанбай аға Асқаров. Ұмытпасам, бұл сөздi Асекең төрт жылғы түрмедегi азабынан босап, ағайын-туыстардың ортасынан көрiнiп, шер тарқатып жүрген кездерiнде айтты. Кезiнде Тұрмыстық қызмет көрсету министрлiгiн басқарған Кеңесхан Ақаев ағамыздың дастарқаны басында ашылып айтқанын өз аузынан естiген едiм.

Қонаевтың көрген азабы бұл ғана емес-тi. Оның басына бұған дейiн де Орталықтың көрсеткен>құқайы аз болмаған.

Алпысыншы жылдар басталғанда тыңның желпуiне желпiнген Хрущевтiң бастамасымен Қазақстанда бiрқатар облыстар бiрiктi де, тағы екi – Батыс Қазақстан және Оңтүстiк Қазақстан өлкелерi құрылды. Бұның алдында орталығы Ақмола қаласы болып Тың өлкесi құрылған. Бұған бес облыс бiрiктiрiлдi. Алтыншы етiп Қарағанды облысын қосып, содан соң бүкiл Тың өлкесiн РСФСР құрамына өткiзудi талап еткенде төзiмi таусылған Қонаевтың қарсы шыққаны белгiлi. Сонда А.И.Микоян орнынан тұрып: “Қонаев дұрыс айтып отыр, өлкенi беру республиканың нансыз, көмiрсiз қалуы ғой”, – деп жақтаған. Таусылып айтқандай болыпты.

Бұдан түптiң түбiнде республиканың дербестiгiн әлсiретудi көрiнеу көзге мақсат еткен Хрущевтiң партиядағы қызмет бабын асыра пайдаланғанын байқаймыз.

Қазақстанды өлкелерге бөлшектеу зардабының салдары ауыр болды. Экономикалық жағынан да, әлеуметтiк-психологиялық жағынан да. Көптеген әкiмшiлiк қызмет орындарындағы қысқартулар жұмыссыздардың санын күрт арттырып жiбердi. Ұлттық республикаға деген мұндай сорақы көзқарасқа Д.А.Қонаев солай, аздаған микояндардың қолдауымен қарсы тұра алды. “Бұл кейбiреулер ойлағандай Қонаевтың ұлтшылдығы емес-тi”, – деген Асанбай Асқаров ағамыз сүйсiнiп. Сөйтiп, Димекеңнiң өмiрiндегi және бiр ауыр оқиға осылай аяқталған-ды.

Бiрақ қадалған жерден қан алатын күндер аяқталмапты. Хрущевтiң бойында империялық шовинистiк эгоизмге жан бiтiп, әр тұста астыртын әрекет жасалған. Димекеңнiң қарсылығына қарамастан Мақтаарал, Жетiсай және Киров аудандары ақыры Өзбекстанға берiлiп кетедi. Сол кездегi облыс басшылары В.А.Ливнецов, Б.Садуақасов, Димекеңнiң орнына келген республика партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы И. Юсупов деген құйыршық шешушi роль атқарды. Сол арқылы ол билiктiң биiк баспалдағына соқпағын жасады. Қазақ жерiнiң тағдыры ұйғырдың жанын ауыртпайтын. Алайда араға екi жылға жетер-жетпес уақыт салып ақыры екiжүздi Юсуповтың сатқындық iсi қаралады. Жамандыққа – жамандық, жақсылап жазасын алды. Республика экономикасының дамуына келтiрiлген елеулi қателiктерi мен кемшiлiктерiне байланысты партияның пленумында өткiр мәселе талқыланып, ақыры халықтың қарғысын арқалап қызметiнен босайды.

Қонаев араға екi жыл салып, 1964 жылы қайтадан тарих сахнасына көтерiлген.

Көп нәрсенi өзiнiң қалауына орай Мәскеудiң кесiп-пiшiп отырғанына қарамастан, билiкке қайта оралған Қонаев ұлт мүддесiне қатысты мәселелердi ешуқытта естен шығармады. Әсiресе, осы қайта оралған жылдарында.

Өзбекстанға ертеректе өтiп кеткен аудандарды керi қайтаруда, Шардара өңiрiнде атом электр стансасын салғызбауда, Ерейментау топырағында немiс автономиясын ашуға жол бермеуде айрықша мiнез көрсетiп, табандылық танытты.

Мәскеу басқаша ойлағандардың көмейiн бiтеуге күш салғандай едi. Бiрақ оларынан түк шықпады. Қонаев ол кесапаттың да алдын алып, ауыздықтады. Кезiнде “Медеу” плотинасын салдырып, тасқынның тiзесiн бүктiргендей. Ол ерлiгiн сүйген халқы әлi ұмыта қойған жоқ. Дүлдүл ақын Жұбан Молдағалиев ол туралы өзiнiң әйгiлi “Сел” поэмасын жазып қалдырды.

Бiр iспен де адамның аты мәңгiлiкке жасайды. Жақсы iспен, әрине. Ал ондай жайлар Димекеңнiң өмiрiнде көп болды. Осы жылдары елiмiзде өндiрiс қарқыны 10 есеге өскен. Олжас Сүлейменовтiң айтқанына сенсек, сонда мұндай қарқын Одақтас республикалардың бiр де бiрiнде болмаған екен. Ол кезеңдi кейбiреулер “Қонаевтың өрлеуi” деп айтады. Дұрысы, оның Қазақстанды өрлеткен жылдары болды.

Сонда да Қонаевты аяқтан шалу қалмапты.

Құдайдың құдiретi, ендi қарамайсыз ба, Хрущевтiң iсi өлiп, арада тағы да отыз жылға жуық уақыт өткенде Орталық Димекеңнiң жағасына қайта жармасты. Қайтадан елiрiп балағынан тартты. Желтоқсандағы көтерiлiстi телiдi. Оның шiрiп келе шатқан, империяның тереңiнен сыздап жарылған жара екендiгiн мойындағысы жоқ. Үлкендi-кiшiлi кейбiр “кезекшi жазғыштар” сол күндерi орайын тауып Димекеңдi сүйкеп өтуге тырысып баққан.

Сондайлардың қолымен ұлт зиялыларына көп қиянат жасалды. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына жыл өтпей жатып баспадан шыққан “Кеңестiк Энциклопедиялық сөздiктен” Д.Қонаевтың атын алдырып тастады. Бiрақ халқының жүрегiнен сызып тастай алған жоқ. Димекеңнiң өзi айтпақшы “Жалада шындық болмайды” деген сол. Болған жоқ.

Сол күндерi Димекеңдi қаралауға тырысқан Беркiмбаев жазғандарында Димекеңдi алдамшы, өтiрiкшi етiп көрсетуге тырысып бақты. Бар күш-жiгерiн жұмсады. Көп басылым жолатпаған. Ақыры Н. деген белгiлi азамат басқаратын журналға жариялатқан. Бiрақ авторы көп ұзамай айықпас дертке шалдығып, көз жұмды.

Бұл туралы ақиқат мәлiметтi Камал Сейтжанов ағамыз жария еттi де.

Димекеңнiң шапағатын бiр кiсiдей көрген, жұрттың айтуынша еркiн тiлдескен кiсiнiң бiрi – Балғабек Қыдырбекұлы. Сол кiсi айтады: “iстелген iстiң, жетiстiктiң көп болғаны сияқты, кемшiлiктiң де аз болмағаны белгiлi. Мұның бәрiн Димекеңнiң бiлместiгiнен емес, көбiне шамадан тыс сақтығынан болды ғой деп ойлаймын.”

“Жаңылмайтын жақ, сүрiнбейтiн тұяқ болмайды” деген сөз бар. Димекең де аяғын шалыс баспады деу де қиын.

Сол кезде “Казахстанская правда” газетiнде Н.Хрущевтiң И.Юсупов деген құйыршығының Қонаев туралы iштар, ызаға булыққан қызғанышты мақаласы жарияланады. Қайсы бiр ғасырда қазақ жерiне келiп қоныстанған ұйғыр халқына қазақ халқының көрсеткен қонақжайлығын ұмытты. Кiсiлiктi сыйламау – қылмыс. Өз халқына өнегесiз үлгi қалдырды. Сонда да ақылы асқақ, сабыры сары алтындай салмақты қазақ халқы, тiптi оның қызба деген өкiлдерiнiң өзi кеудесiнен итермедi, бетiнен қаққан жоқ.

Халықты тұтас кiналаудан аулақпыз. Сонда да юсуповтардай шамасын болжамайтын кейбiр көргенсiздер Ұлы Даланы мекен еткен жергiлiктi халықтың шабынан түртiп қояды. Онысы масаның ызыңындай көрiнiп, тыныш жатқан жұртты бiрдемеге шақырғандай. Бiрақ асқынса оның зардабы қандай боларына, қалай боларына түсiнiгi жетпейтiндей-ақ.

Кезiнде Хрущевтiң сөзiне елiрген Юсупов, ендi колбиншiлердiң құйыршығына айналып, “Димекеңнiң ескерткiшiн алып тастау керек”, деп байбалам салған сонда. Жарықтық, артынша азапты тiршiлiк кешiп, аяқ қолы қалтырап, ауыр кеселден көз жұмды.

Бұлардың бәрi Димекең Желтоқсан оқиғасынан соң оңалмайтын шығар деп ойлаған болулары керек. Ал Димекең болса сол Юсуповқа кезiнде қала басшысы Кеңес Мұстаханұлына телефон шалып, жаңа үй бергiзген екен. Оны бiреу бiлсе, бiреу бiлмейдi.

Мұндай тапсырыспен, ұйымдастырылып жазылған күлдi-бадам дүниелер болмады демеймiз, болды. Әйтсе де, ақиқаттан алыс болған олар Ар таразысына тартылуға жарамай қалды.

“Желтоқсан көтерiлiсшiлерi мүлде қарусыз едi. Олардың соғыспақ ниетi де жоқ едi. Демократия, гласность деген соң соған сенiп қалып, ЦК шешiмi дұрыс емес дегендi бiлдiру үшiн алаңға шыққан жастар ғой, – деп жазады Шерағаң. – Сонда мұншама қатыгез, соншама аяусыз айуандық бiзде қайдан оянып шыға келдi?

Әлi күнге дейiн кешегi империя етiгiнiң темiр өкшесiн аңсайтындар бар. Әлдеқалай империя құшағына қайта кiрсең, тұяқ серiппе. Тұяқ серпiсең күнiң әлгiндей болады. Империя табиғаты, оның мiнез-құлқы сондай. Таңқаларлық мiнез, сол империяға қайта қосылайық деп ұран тастайтын ұлттық нигилистер, өз ұлтын менсiнбейтiн шалақазақтар герой болып, қоқырайып жүредi. Көпшiлiк оған қол шапалақтайды. Сонда бұл ұлттық сананың мүкiстiгi ме, немене…

Апыр-ай, айтуға ұят, айтпайын десең арыңа қиянат, сонда сол Колбинге қол қусырып, басын иiп тұрып:

– О, айналайын ақ патшам, жиырма бес жыл бойы басымнан қара бұлт арылмай қойып едi. Мiне, ендi сен келiп, таңым атты, күнiм шықты! – деп бөркiн аспанға атып қуанған қартамыс қазымырды да көрдiк. Неге жиырма бес жыл? Жиырма бес жыл Қазақстанды Дiнмұхаммед Қонаев басқарды. Әлгi жалаңқия сөздi айтқан жазушы жиырма бес жыл бойы Қонаевтың ерекше iлтифатында болып, қамқорлығын көрдi. Орнынан Қонаев қалай түстi, әлгi үшiн ол демде “қара бұлт” болып шыға келдi. Халқына, Отанына, астанасына қан жаудыра келген Колбинге қошамет қыламын деп, жас өрiмдердiң төгiлген қаны менен көз жасынан жасқанбай жағымпаз болып, өзеурей жалпаңдағандарды да көрдiк.

Дегенмен жас баладай кексiз халықпыз. Геноцид – аштықтан жартымыз қырылып қалып, қарны тойған күнi сол геноцидтi ұмытып жүре берген халықпыз. Әрине, ұмыттырады, зорлап ұмыттырады…

Колбинге қарсы, жалпы империяға қарсы сөз айтып шырылдаған жалғыз Шерхан емес. Әсiресе, сол отты күндерi тайсалмай Колбиннiң, оның демеушiлерiнiң бетiне жасқанбай бетпе-бет кеп тiк қараған Жұбан Молдағалиев, Сейдахмет Бердiқұлов, Сафуан Шаймерденовтiң орны бөлек. Олар әдiл сөздi сырттай емес, көзiнше айтты. Сондай қайраткер жазушының бiрi – Софы Сматаев. Сол кезде ол Колбин басқаруға келген Орталық Комитеттiң апаратында қызмет жасап жүрген. Софы секiлдi осында жұмыс жасап жүрген басқа да белгiлi қаламгерлер бар едi. Бiрақ олар Софыдай батылдық таныта алмады. Айтқанына көндi, айдағанына жүрдi.

Ол турасында Софының өзi: “…Геннадий Колбин менi ұмытпастай болған. Мен де оны әредiк еске алам… Өйткенi сол кездегi құдiреттi Бiрiншiге өз пiкiрiн батыл айтып, қарсы келгенiме мақтанайын демеймiн, бiрақ сол Бiрiншiнiң, оның төңiрегiндегi кейбiр жандайшаптардың келеңсiздiгiмен келiспей, халқымның шын талантты ұлдарын жақтап, өрескел тапсырмаларын орындамайтынымды айтып, алғаш болып, жауапты партия қызметiн өз еркiммен тастап кеткенiм үшiн екi рет Секретариатқа салынғанымды және ұстанымымды қорғап қалғанымды кәдiмгiдей наразылық әрекетiне балаймын”, – деп жазады.

Империялық саясат “гүлдеген” тұста оның қол астындағы ел халқының құлдық санасы да “гүлдеп”, мүкiстене түлейдi. Әлгiндей патша алмасқан тұстағы “құлпыру” – сол құлдық сананың мүкiстiгi.

“Мен үшiн Димекең – ұлы тұлға. Ол кiсiнiң жұмыстан басқа жұмысы жоқ едi. Ойлайтыны – тек жұмыс, туған халқының қамы болатын. Маған қайсыбiр колбиншiлер: “Сәке, бiздiң күнiмiз туды. Қай жаққа шығасың, тез өзiңдi анықта” – дегенде, мен оларға: “Айналайын, бауырларым, маған өкпелемеңдер, мен Димекеңдi сатып кете алмаймын, Димекеңдi сатқаным – әкемдi сатқаным,” – деп жазды белгiлi мемлекет және қоғам қайраткерi, ұзақ жылдар Қазақстанның Мәскеудегi Тұрақты өкiлдiгiн басқарған Сәбит Хайырұлы Жаданов ағамыз. Сол тұста зиялылардан Жаданов секiлдi үлкен шоғыры болмаса, көбiнiң көңiлi аумалы-төкпелi болды.

Димекеңдi сатпаған жадановтар ғана емес, бүкiл халық болды десек, бұл да артық айтқандық емес. Бұл сөзiмiздi Димекеңнiң көзi тiрiсiнде-ақ ұлы халқы ақтап, алдын күтiп аялап, ұлы төрелiгiн айтып та, дәлелдеп те қойған.

Оның ұлт мүддесiне орай жасаған бiз айтқан, бiз айтпаған қыруар жұмыстары жеткiлiктi едi. Ел ол кiсiнiң Орталықты, яғни Мәскеудi пайдаланып республикада 40-қа жуық қала салдырғанын, оның арасында Алматы тағдырын ұмыт қалдырмағанын айтып әлi күнге дейiн қайран қалады.

Дерек көздерiне сенсек, елуiншi жылдардың аяғында әрбiр 100 қазақтың 16-сы ғана ой еңбегiмен айналысыпты және бұл кезде техникалық жоғары оқу орындары қазақтан 1000 инженер де даярлап шығармаған екен.

Ендi қараңыз, 1955 жылы, яғни Димекең Қазақ КСР Министрлер Кеңесiнiң төрағасы болып келгенде елiмiзде 26 ғана жоғары оқу орны болған ғой. 1986 жылы Димекең зейнетке шығып кеткенде жоғары оқу орындарының саны 55-ке жетiптi.

Демек осы күндерi әр деңгейдегi әкiмшiлiк пен халық шаруашылығының әр саласында қызмет жасап жүрген оқымысты жандардың бәрi дерлiктей Димекең өркендеткен заманның түлектерi болып шықпай ма? Демек Димекеңнiң адал iсiн жалғастырушылар әлi сапта деген сөз.

Ол кезде шындығында барлық облыс орталықтарында педагогикалық институттар ашылған. 1955 жылы елiмiздегi студенттердiң жалпы саны 70 мың болса, 1986 жылы 275 мыңға жетiптi.

1955 жылы елiмiздегi арнаулы бiлiм беретiн оқу орындарының саны 100 ғана болса, 1986 жылы 240 -тан асқан. Ал кәсiптiк-техникалық бiлiм беретiн оқу орындарының саны 1955 жылы 189 ғана екен, ал 1986 жылы 450-ге көтерiледi

Демек қазақ елiнiң жаппай сауаттанған кезi Димекең басшылықта болған 60-90 жылдар аралығында артып, өзге жылдарға қарағанда үлес салмағы анағұрлым күштi болған. Бұл – ендi ешкiм ешқандай дау айта алмайтын ақиқат.

Бұл көрсеткiштер қазақ ұлтының сапасын жақсартты. Бiлiмдi ұрпақ елдiң әр саласының өсуiне айтарлықтай ықпал еттi. 1955 жылы елдегi қазақтың саны 3 миллионға жетер-жетпес 2,7 миллион ғана болатын, ал 1985 жылы қазақтың саны 7 миллионға жеттi. Бұл жылдар бұрын-соңды болмаған демографиялық өрлеу кезеңi болды.

Димекең ел басқарған тұста Қазақстанның еңбеккер халқы жетi рет миллиард пұттан астық берiптi. Қасiретiмен қатар келген Тың – Қазақстанды ғана емес Кеңестер Одағы нанмен толық қамтамасыз еттi. Ол тұста жалпы ауыл шаруашылығы өндiрiспен қатар деңгейлес дамыған, қалыспай өркендеген. “Димекең басқарған 30 жылда елiмiздiң барлық саласы – экономика, ауыл шаруашылығы, құрылыс, бiлiм және мәдениет зор қарқынмен дамыды”, – деп белгiлi ғалым, академик, қонаевтанушы Көпжасар Нәрiкбаевтың ағынан жарылып айтуы тегiннен тегiн емес.

Айтса айтқандай, ол кезде елiмiз көп жағынан ұтты. Көбекең Бiлiм министiрi болып жүргенде Димекең жоғары оқу орындарына 84 ауданнан ауыл балаларын қабылдауға арнайы тапсырма берiп, айрықша көңiл бөлiптi.

“Алыс ауылдарға қаланың балалары бара бермейдi, сондықтан ауылдан шыққан балаларды оқытып, ауылды көтеруге жiберу керек”, – дейдi екен.

Шынында, сол алпыс пен тоқсаныншы жылдардың арасында жоғары бiлiм алған жастардың денi ауылды ғана емес, тұтастай елдi де көтердi. Тәуелсiздiк жылдарының басында да билiктiң биiк сатысында солар болды. Елдiң еңсе көтеруiне ақыл-ойы мен адал еңбегiн арнады.

Димекең де қаладан гөрi жұмыс уақытында ел iшiнде, ауылда көбiрек болатын. Әсiресе алыс ауылдарға ат басын жиi бұратын, ауыл еңбеккерлерiмен емен-жарқын дидарласатын. Малшымен де, диханмен де. Ел iшi қандай едi, шiркiн! Ауыл әркiмнiң сағынышы едi. Сол үшiн де Димекең ауылға ерекше көзқараста болыпты. Жалпы, ол кезде Мәдениет үйiнсiз, кiтапханасыз, Тұрмыстық қызмет көрсететiн орындарсыз ауылдар, елдi мекендер болмайтын. Ауыл мен қала арасында айырмашылық аз едi…

Солай болған… Десек те жер-жерде сол олқылықтардың орнын толтыруда талапты жұмыстардың жүргiзiлiп жатқаны бүгiнде жанға жұбаныш әкеледi. Бiрақ Қонаевтың тұсында болғандай бола ма?

“Шелекте темекi көшетiн отырғызу үшiн ол кезде таудағы қардың еруiн күтiп отыратын. Қазiр сол аудан тұрғындары Үлкен Алматы каналы арқасында су тапшылығын ұмытты десе де болады. Кейде сол аудандарға жолым түсе қалса, көз көрген тұрғыластарым, ауыл тұрғындары “Үлкен Алматы каналының құрылысы өткен ғасырдағы қазақ ауылдары игiлiгiне жасалған жақсылық, бiз мұны “Димекеңнiң көзi” деп, көзiмiздiң қарашығындай сақтаймыз деп отырады” дегенi бар Кеңес аға Аухадиевтiң. Ал оның қаншалықты еңбекпен жүзеге асырылғаны, қаншалықты ақыл-ой, күш-жiгер жұмсалғаны бүгiнде айтуға оңай, әйтсе де оның азабы мен рахаты ол кезде Алматы облыстық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы болғандықтан бұл кiсiге жақсы таныс едi.

Осындай-осындай халқы үшiн атқарған жұмыстардың нәтижесi болар Қазақстанның қай түкпiрiне барсаң да, қандай жандармен тiлдессең де Димекеңдi жанашыр көрiп, арқа тұтады. Ұлы адамның табаны тиген жерге, балаларының аяғын тигiзетiн. Ол әрине, жеке басқа табынушылық емес. Дүниенiң құлы болмай, Жаратқанның сүйiктiсi болып, Ар алдында перiштедей таза да қарапайым тiршiлiк кешкен әулие жанның тағдырын ұрпағыма дарыта гөр деген ақ тiлеуi. Демек халқы да қалтқысыз сүйген.

Рас, зейнетке шыққанда “жарықтықтың таудың таза етегiнде жұпар ауа жұтып тынығатын қарапайым саяжайы болмауы қалай, жеке көлiгi жоғы несi”, – деп таңданғандар көп болды. Әйтсе де, Димекең жаяу қалған жоқ. Халқы қайда барамын десе де қолтығынан демеп алып жүрдi. Қымбат көлiк сыйлаған жеке кәсiпкер азамат та болды. Ықыласына рахмет айтып, көңiлiн қалдырмай одан алған көлiгiн немере бауырына сыйға тартқан. Ол да бүгiн Димекеңнiң мұражайында қасиеттi мүлкi ретiнде көзайым болып тұр.

Димекең ұлы даланы аралауды, ұлы даланың халқымен сырласуды жақсы көретiн. Барған жерiнен ештеңе дәметкен емес. Керiсiнше, қаншама тұлпар сыйланды, басқа да қаншама кәде-сыйлар жасалды, соның бiрде-бiреуiн алмай, сол маңдағы қолы қысқа жандарға, жетiм балалардың үйлерiне тарту етiптi.

Бiр ғана оңтүстiкке – Тараз, Шымкент сапарынан 2 түйе, 29 ат мiнiптi. Шапанның санында есеп болмаған көрiнедi. Шапандарын менiң жолымды берсiн деп жас жiгiттердiң иығына жауыпты. Аттарды ақсақалдарға, көп балалы үйдiң кенже ұлдарына, жетiм балаларға мiнгiзiп, тарту етiптi.

Осындай дүниеге құмарлығы жоқ пәк адамдар болады. Олар әр халықта бар, бiрақ көп емес. Ондай жүрегi таза жандарды содан ба әулие едi ғой деп жатады. Димекең сондай жандардың қатарында болды. Дүниенi қарпыған жоқ. Кешегi Сәкендер, Ахмет, Мағжандар, Тұрар, Жұмабектер … секiлдi ұлтыма, халқыма болсын деп өттi. Сөйтiп, солар секiлдi өзiнiң заманына сай өшпес соқпағын жасады.

* * *

1993 жылдың 25 тамызы күнi Қазақстан тарихына жарияланбаған ұлттық қайғы күнi болып кiрдi. Д.А.Қонаевпен қоштасуға ондаған мың алматылықтар Абай атындағы опера және балет театрына келдi. Көптеген мың адам Д.А.Қонаевпен қоштаса алмады, бұйрық алған милиция адам ағысын тез тежеп тоқтатқан.

Димекеңнiң соңғы сапары жолында театрдан зиратқа дейiн нәзiк гүлдер төселiп жатты. Мұндай құрмет, мұндай iзет бұл елде бұрын-соңды болмаған едi.

Ерғали САҒАТ
08. 09. 2011 ж.

Серіктес жаңалықтары