ЕҢ АРЗАН ЖОЛАҚЫ ШЫМКЕНТТЕ. ӘЗIРГЕ...

ЕҢ АРЗАН ЖОЛАҚЫ ШЫМКЕНТТЕ. ӘЗIРГЕ...

ЕҢ АРЗАН ЖОЛАҚЫ ШЫМКЕНТТЕ. ӘЗIРГЕ...
ашық дереккөзі
381

Алдағы уақытта Шымкентте қоғамдық көлiктердегi жолақы автобустарда-50 теңге, бағыттағы таксилерде-50 теңгенi құрауы мүмкiн. Жыл басынан берi өздерiнiң мұң-мұқтажын алға тартып, жолкiренi көтеру туралы қалалық әкiмдiкке қайта-қайта ұсыныс жолдап жүрген көлiк компанияларының талап-тiлегi ендi ескерiлетiн сияқты. Қалалық әкiмдiк олардың бұл ұсынысын орынды деп тауып отыр.

Осыдан бiраз уақыт бұрын қала әкiмi Арман Жетпiсбаев бұл ұсынысты облыс әкiмдiгiнiң мәжiлiсiнде мәлiм еткен болатын. Облыс әкiмi Асқар Мырзахметов тарифтi көтеру қарапайым халықтың қалтасына ауыр соғатынын, сондықтан алдымен қоғамдық тыңдау өткiзу қажеттiгiн ескерткен. Тамыз бен қыркүйекте осыған байланысты қалалық әкiмдiк Шымкенттегi үш ауданның халқымен кездесiп, тарифтi көтеру мәселесiн талқылауға салды.

– Халықтың талап-тiлегi ескерiлетiн бiрнеше қоғамдық тыңдаулар өткiзiп үлгердiк, әлi алда тағы осындай бiрнеше кездесулер бар. Атап өтер жайт, қоғамдық тыңдау өткiзудегi мақсатымыз көлiк компанияларының қалтасын қомпайту немес сойылын соғу емес, тасымалдаушы мен жолаушы екеуiнiң жағдайына қанығу, ортақ келiсiмге келу болып табылады. Бiздiң шамалауымызша, қоғамдық тыңдауға қатысқан азаматтардың 70 пайызы тарифтiң көтерiлуiне мүлдем қарсы. 20 пайызы жолақыны 40-45 теңгеге көтеруге келiсетiндiгiн бiлдiрiп отыр. Тек 10 пайызы ғана тасымалдаушылардың талап-тiлегiн, қалыптасып отырған жағдайды түсiнiп отыр. Өйткенi егер тариф көтерiлмесе, ертең қыстыңгүнi көлiктердiң 30 пайызы өз қызметтерiн атқара алмай қалады. Яғни, осыншама оқушы, жұмысшы дiттеген жерiне жете алмай қалады деген сөз, –дейдi қала әкiмiнң орынбасары Бахадыр Нарымбетов.

Әкiм орынбасарының айтуынша, көлiк компанияларының қойып отырған талабын негiзсiз деуге болмайды. Бүгiнгi күнi Шымкентте 1239 қоғамдық көлiк қызмет етсе, оларың 16 пайызының пайдаланылып келе жатқанына 15 жылдан асып кеткен (норматив бойынша 10 жыл мiнiлген қоғамдық көлiк жарамсыз деп есептеледi). Көлiктердiң 31 пайызының "жасы" 10-15 жыл аралығында, 38 пайызы 3-10 жыл аралығында. 2006-2007 жыл аралығында қалаға 250 жаңа автобус келсе, 2008-2009 жылдары -25, 2010 жылы -33, ал 2011 жылы бiрде-бiр автобус сатып алынбаған.

Сатып алынатын қоғамдық көлiктiң бағасы да удай. Мәселен қытайлық автобус-23 мың доллар тұрады, бiрақ ол тез тозатындықтан 2 жыл өтпей жатып-ақ шығын талап етедi. Ал одан гөрi сапалылырақ Беларуссияның автобусы– 130 мың, "Мерседестер"-236 мың доллар тұрады. Соңғы үш жылда доңғалақтардың, жанар майдың бағасы да айтарлықтай өскен. Доңғалақтар 2008 жылы орта есеппен-11 мың теңге тұрса, 2011 жылы 18 мың теңге деп белгiленiп отыр. Ал А-80 бензинi үш жыл бұрын 42 теңгенi құраса, қазiр 86 теңге. Мұндай шығынмен автобус паркiн жаңарту мүмкiн емес.

– Қалыптасқан жағдайдан "арбаны да сындырмай, өгiздi де өлтiрмей" шығатын екi жол бар. Оның бiрiншiсi тарифтi өсiру, екiншiсi көлiк компанияларына мемлекеттен берiлетiн дотацияны 2-3 есеге көтеру. Шешiмдi қабылдау үшiн барлық мәселенi жiтi зерттеумiз керек. Тарифтi көтерер болсақ, бiзге тиiмдiсi автобустарда да, бағыттағы таксилерде де бағаны-50 теңге деп белгiлеу. Бұл мектеп жасындағы оқушылары және студенттерi бар отбасыларға ауыр соғары анық. Сол үшiн тарифтi елу теңгеге көтерер болса, онда барлық оқушылар мен студенттерге 50 пайыздық жеңiлдiк жасауымыз қажет. Яғни олар автобустарда 25 теңге төлейдi. Мұндай жеңiлдiк жасалынбайынша тарифтi көтеруге болмайды. Қазiргi уақытта қала әкiмiне оқушылар мен студенттерге аранайы жеңiлдiк жасау үшiн дотация бөлу туралы хат дайындалып жатыр. Дотацияның нақты көлемi анықталуда, – дейдi Бахадыр Мәдәлiұлы.

Ал әзiрге республикадағы ең арзан жолақы Шымкентте. Қазiр мұнда ол автобустарда -35 теңге, микроавтобустарда-40 теңге (салыстырмалы түрде қарар болсақ Таразда-автобустарда -45 теңге, ал микроавтобустарда-55 теңге, Өскенменде – 50-55 теңге, Қостанайда-50-50 теңге, Астанада – 60-65 теңге, Алматыда-50-50 теңге). Басқа бiрде-бiр қалада мұндай арзан баға жоқ.

Қалалық әкiмдiк егер жолақы қымбаттайтын болса, көлiк компанияларымен келiсiм-шарт қайта жасалып, оларға қойылатын талап күшейедi дейдi. Талаптың ең үлкенi-барлық көлiк компаниялары жыл сайын автобустардың 20 пайызын жаңартып отыруы тиiс.

Бақытжан ӘБДIРАШҰЛЫ
08. 09. 2011 ж.

Серіктес жаңалықтары