ҚЫЗЫЛ ТӨЛҚҰЖАТТЫ ҚИМАЙТЫНДАР

ҚЫЗЫЛ ТӨЛҚҰЖАТТЫ ҚИМАЙТЫНДАР

ҚЫЗЫЛ ТӨЛҚҰЖАТТЫ ҚИМАЙТЫНДАР
ашық дереккөзі
182

Кеңестiк империя ыдырағаннан кейiн 500 мыңға жуық адам азаматтықсыз қалған. БҰҰ өкiлдерi қолдарындағы қызыл төлқұжатты тәуелсiз елiнiң жаңа құжатымен ауыстыруға асықпайтындар саны бұдан да көп болуы мүмкiн екендiгiн айтады.

2011 жылдың 30 тамызында БҰҰ-ның 1961 жылы қабылданған Азаматтығы жоқтықты қысқарту туралы Конвенцияға 50 жыл толды. Соған қарамастан дүние жүзiнiң көптеген елiнде азаматтық алу мәселесi өте қиын. Ондаған жылдар бойы Еуропаның көптеген елдерiнде қуғынға ұшыраумен келе жатқан сығандар әлi күнге дейiн азаматтық алуда қиындықтарға кездеседi. Кезiнде Сталиннiң айдауымен жер аударылған месхеттердiң мыңдаған ұрпағы КСРО ыдырағаннан кейiн азаматтығы жоқтардың қатарын толықтырды. Иран мен Ирак арасындағы соғыстың кесiрiнен көптеген күрд босқынға ұшырап, азаматтығынан айырылды. КСРО ыдырағаннан кейiн Одақ құрамында болған республикаларда, әсiресе Латвия мен Эстонияда ешбiр елде мемлекеттiк тiркеуде жоқ адамдардың саны көбейген. Бүгiнде Азия мен Африкадағы тәуелсiздiгiн ендi алған мемлекеттерде адамдарға ұзақ уақыт бойы азаматтық берiлмейдi. Бiрiккен Ұлттар ұйымының хабарлауынша, Жер шарындағы 12 млн. адамның азаматтығы жоқ. Алайда арнайы санақ жүргiзiлмегендiктен, азаматтығы жоқтардың нақты саны әзiр белгiсiз. Заңға сүйенсек, азаматтығы жоқ тұлға бiрде бiр мемлекеттiң қарауында болмағандықтан адам құқығы, әлеуметтiк жеңiлдiктер, бiлiм алу, үйлену сияқты адами құндылықтардан шет қалған. "Жығылғанға үстiне жұдырық", азаматтығы жоқтардан туған миллиондаған баланың да құқығы аяққа тапталуда. Бүгiнде әсiресе Оңтүстiк-Шығыс Азия, Орталық Азия, Шығыс Еуропа, Африка мен Таяу Шығыстағы ахуал аса күрделi.

БҰҰ Бас комиссарының босқындар iсi жөнiндегi басқармасы БҰҰ Бас ассамблеясының шешiмiмен 1950 жылы 14 желтоқсанда құрылған. Агенттiктiң мiндетi – бүкiл әлемдегi босқындар құқығын қорғау және оларды шешуге ықпал ету. Жарты ғасырдан астам уақыт iшiнде Агенттiк Жер шарындағы миллиондаған адамның тағдырына араша түсiп, олардың жаңа өмiр бастауына көмектестi. Бүгiнде әлемнiң 110 елiнде БҰҰ Бас комиссарының босқындар iсi жөнiндегi басқармасының 6 650-ге жуық қызметкерi 34,4 миллион адамға көмектесуде. Қазақстандағы ресми қызметiн 1995 жылы бастаған Агенттiк бүгiнде баспана беру жүйесiн нығайту және сақтау; босқындардың халықаралық қорғалуын қамтамасыз ету; туған елiне ерiктi репатриация, баспана болған елде жергiлiктi интеграция мен үшiншi елге көшiп-қонуды қосқанда, босқындарға қатысты ұзақмерзiмдi шешiмдердiң iске асуына ықпал ету; өзiндiк-жұмыс бастылық, кәсiби оқу және т.б. сияқты босқындардың өзiн-өзi қамтамасыз етуге бағытталған бағдарламаларға қолдау көрсету; азаматсыздықты болдырмауға және қысқартуға бағытталған құқықтық және әкiмшiлiк шектердiң дамуы мен нығайуына ықпал ету; араласқан миграциялық ағындар аясында босқындардың қорғалуына және гуманитарлық кеңiстiктiң қамтамасыз етiлуiне ықпал ету; төтенше жағдайларда әрекет етуге дайындықты қамтамасыз етуде Үкiметке қолдау көрсету және көмектесу саласында қазақстандық билiкпен, мемлекеттiк органдармен, аймақтық, халықаралық және үкiметтiк емес ұйымдармен тығыз байланыста.

Дүйсенбi күнi қазақстандық журналистерге арнап баспасөз мәслихатын өткiзген БҰҰ Бас комиссарының босқындар iсi жөнiндегi басқармасының аймақтық үйлестiрушiсi әрi осы ұйымның Орталық Азия жөнiндегi аймақтық үйлестiрушiсi Сабер Азам: "Азаматтығы жоқтық мемлекеттiк үшiн ғана емес, азаматтықсыз қалғандар үшiн де өте күрделi проблема болып табылады. Олар басты құқықтардан қағылады. Бiлiм алуға, медициналық қызметтердi пайдалануға. Еңбек нарығына араласуға, бiр жерден екiншi бiр жерге көшiп-қонуға құқы жоқ. Олардан туылған балалар кәмелеттiк жасқа толмағандарға тағайындалатын көмектерге қол жеткiзе алмайды. КСРО құрамында болған елдер аумағындағы азаматтығы жоқтар негiзiнен – Одақ кезiндегi ескi төлқұжаттармен қалғандар" дедi. Азам мырзаның айтуынша, қазiр қолдарында жеке куәлiгi не төлқұжаты жоқтар қатарын сирету үшiн алдымен оларды тiркеуге алу iсi жүзеге асырылуда. Жуырда ғана ұйымдастырылған тiркеу шарасының арқасында Түркiменстандағы мыңдаған адам елiнiң азаматы саналуына мүмкiндiк туған. Ал Қазақстанға келсек, ресми түрде тiркелген 8 мыңға жуық азаматтығы жоқ отандасымыз бар. БҰҰ өкiлдерi нақты көрсеткiштi арнайы санақтан кейiн ғана айтуға болатынын көлденең тартады. БҰҰ БКББ құқықтық мәселелер жөнiндегi кеңесшiсi Рубен Лью Қазақстанда тұратын, бiрақ азаматтығы нақтыланбағандар ресми түрде мойындалмаса да, азаматтықсыз саналатынын айтады: "Осындай тұлғаларды ресми тiркеуден өткiзу жұмысын бастағалы отырмыз. Сонымен қатар тiркеу барысында азаматтығы жоқтардың ресми мәртебесi де анықталуы тиiс". Бүгiнде азаматтығы жоқ тұлғаларға қатысты заңнамалық құжаттарға өзгертулер мен толықтырулар енгiзуге байланысты жұмыс тобы әрекет етуде.

2011 жылдың 25 тамыздағы мәлiметтер бойынша 1954 жылғы Конвенцияны небары 66 мемлекет қабылдаған. Ал БҰҰ-ға мүше 193 елдiң тек 38 мемлекетi азаматтығы жоқтар санын қысқартуға бағытталған 1961 жылғы Конвенцияны қабылдапты.

08.09.2011 ж.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары