ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨРМЕ АШЫЛДЫ
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨРМЕ АШЫЛДЫ
ҚР Құрылыс және тұрғынүй-коммуналдық шаруашылығы iстерi жөнiндегi агенттiк, Алматы қаласының әкiмдiгi және көптеген елдердiң Қазақстандағы дипломатиялық миссияларының қолдауымен, Алматыдағы «Атакент» Iскерлiк-ынтымақтастық көрме орталығында KazBuild және Aqua-Therm Almaty көрмелерi өтуде. Төрт күнге (6-9 қыркүйек) созылатын бұл шараны ұйымдастыруға мұрындық болғандар – ITE Group Plc (Ұлыбритания), Iteca (Қазақстан), EUF (Түркия), Fin-Mark (Италия) және Gima (Германия). Ескеретiн жайт, KazBuild пен Aqua-Therm Almaty көрмелерiнiң халықаралық деңгейге сәйкес келетiнiн UFI Дүниежүзiлiк Көрмелiк ұйымдар ассоциациясы тарапынан бекiтiлген.
KazBuild 18-Қазақстандық халықаралық «Құрылыс» пен Aqua-Therm 4-Қазақстандық халықаралық арнайы «Жылыту және желдету, кондиционерлеу, сумен жабдықтау және сантехника» көрмелерiн ұйымдастырушы Iteca компаниясы өкiлдерiнiң айтуынша, биыл көрмелер саны былтырғыға қарағанда 20 пайызға өсiптi. Жер шарындағы 27 мемлекеттiң 440 қатысушы атсалысқан шарада олардың 56 пайызы тұрақты қатысушы санатында болса, 44 пайызы өнiмдерiн елiмiзде алғаш рет ұсынушылар тiзiмiнде. Көпшiлiк назарына ұсынған өнiмдердiң басым үлесi қазақстандық кәсiпорындарға тиесiлi (42%). Сондай-ақ, еуропалық компаниялар 22 пайызға теңдессе, ТМД елдерi арасында бiрiншi кезекте Ресей тұр – 15%. Кейiнгi кездерi көрмеге қатысуға ниет бiлдiрген мемлекеттер де өсу үстiнде. Мәселен биыл KazBuild-2011 және Aqua-Therm Almaty-2011 көрмелерiнде халыққа өз өнiмдерiн таныстыруда Әзiрбайжан, Иордания, Кувейт, Лихтенштейн, АҚШ пен Швеция, Италия, Оңтүстiк Корея, Дания, Греция, Чех Республикасы, Литва, Швеция, Украина, Финляндия, Бiрiккен Араб Әмiрлiктерi, Испания, Қытай, Иран, Египет, Беларусь, Кувейт, Қырғызстан, Польша т.б. мемлекеттердiң кәсiпорындары белсендiлiк танытуда. Шараның басты қатысушыларының бiрi ITE Group Plc тобының аймақтық директоры Эдуард Строон: «Жаңа уақыт жаңа мiндеттердi жүктейдi. Құрылыс саласында қазiр қуат үнемдейтiн, аса тиiмдi әрi жоғарытехнологиялы шешiмдер қолданысқа енгiзiлген. Көрмеге қатысушы компаниялардың басым бөлiгi тың да соны дүниелерiн ала келгенi қуантады. Негiзi кәсiпкерлiкке қатысты көптеген мiндеттердi жүзеге асыруда, жаңашылдық пен инновациялық технологияны жұртшылыққа таныстыруда көрме таптырмас құрал саналады», – дедi.
KazBuild-2011 шарасында мамандар назарына жарық беру, жылыту, әрлеу және сырлау, құрғақ құрылыс қоспалары, эксклюзивтiк тастардың жаңа жинағы, соққыға төтеп беру қабiлетi жоғары паркеттiк едендер, ағаш пен пластиктен жасалған бұйымдар, сантехника заттары, құлыптар, қауiпсiздiкке қатысты т.б. 150-ге жуық түрлi жаңа өнiм ұсынылды. Aqua-Therm Almaty-2011-де қазандықтар, радиаторлар, жылы едендер секiлдi жылыту жүйесiне, сондай-ақ, жуынатын бөлмелерге, суды тазартуға, ағын суды өңдеуге керектi т.б. 60-тан астам жаңа өнiм көз қуантты.
ҚР Статистикалық агенттiктiң хабарлауынша, 2011 жылдың алғашқы жартысында елiмiздегi құрылыс пен тұрғынүй-коммуналдық шаруашылық iстерiне салынған инвестиция көлемi былтырғы жылғымен салыстырғанда 124,3 пайызға артып, жалпы қаражат 171,4 млрд. теңгеге жеткен. Қазақстан бойынша 21 228 пәтер пайдалануға берiлсе, 2,4 шаршы метр жер баспана ретiнде кәдеге жаратылған. «Кейiнгi кездерi күрделi құрылыстың жалпы бағыты құрылыстың тағы бiр саласы – көрiнiстiк сәулет және қаланың дизайнымен толықты. Мамандардың күшiмен қайта жаңғырған ландшафт пен дизайн саласы үздiксiз өсуге мүдделi. Сондықтан Green Terra 2011 көрмесiн өткiзудi жоспарлап отырмыз» деп мәлiмдеген Iteca компаниясының құрылыс көрмелерi жөнiндегi менеджерi Максим Шапошников алдағы болатын шаралардан да хабардар еттi.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ