ӨНЕРГЕ БАС ИГЕН АНА

ӨНЕРГЕ БАС ИГЕН АНА

ӨНЕРГЕ  БАС  ИГЕН  АНА
ашық дереккөзі
271

Таяуда өткен ғасырдың куәсi, бүгiнгiнiң асыл анасы Хабиба Елебекова тоқсанның бесеуiне шыққан шағында киелi сахнамен қоштасу кешiн өткiздi. Үлкен жасын кiшiрейтiп, ақ жаулығымен киелi сахнаға еңкейе бас иiп сәлем берген ел анасы көптiң көзiне жас алғызды. Бар өмiрiн халқына, 80 жылға жуық өмiрiн өнер мен Жүсекесiне (Жүсiпбек Елебеков) арнаған ана кеш тiзгiнiн сүйiктi iнiсi Тұңғышбай Жаманқұловтың қолына тапсырды.

Кеш барысында апамыз М.Жұмабаевтың «Сағындым», «Мен кiммiн?», «Ой» өлеңдерi мен «Қорқыт» поэмасынан үзiндi оқығанда залдағы дүйiм жұрт сiлтiдей тынған. Қазақстанның еңбек сiңiрген әртiсi Ғазиза Әбдiнәбиева, Қазақстанның халық әртiсi Досхан Жолжақсынов сөз алып, күллi қазақтың аяулы анасына айналған Хабиба апаға бар жақсылықтарды тiледi. Актер Ерлан Бiләлов Естайдың «Қорлан» әнiн шырқаса, Шәмшәгүл «Сегiзаяқ» әнiн көпке шашу еттi. Өз кезегiнде Хабиба апа Мағжанның «Сүй, жан сәулем», «Шолпы», «Сүйгенiм анық» сынды махаббат лирикаларын жанын салып оқығанда залдағы қонақтар риза болысып, ұзақ қол шапалақтап қошемет көрсеттi. Ұйғыр театры мен Ғ.Мүсiрепов театрларының ұжымдары да кеш қонағы болып, асыл ананың қуанышын бөлiстi.

Хабиба Елебекова сахнамен қоштасса да, қасиеттi сахна мен дүйiм жұрт ол кiсiнiң өнерiмен қоштаспасы анық.

Хабиба апаның өткенi – қазақтың өткенi. Тарихтан сыр шертiп, өнегелi әңгiме айтқан апамыздың тағылымды әңгiмесi жұртшылықтың жүрегiн жаулағаны анық.

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ,

А.Иассауи атындағы ХҚТУ-нiң журналистика бөлiмiнiң студентi

01.09.2011 ж.

Серіктес жаңалықтары