213
АТА ЗАҢ ҰЛЫҚТАЛҒАН КҮН
АТА ЗАҢ ҰЛЫҚТАЛҒАН КҮН
Ата заңымыз – ел дамуы мен гүлденуiнiң берiк негiзi. Конституция күнiне орай, Алматы қаласы Алатау ауданының әкiмдiгi мерекелiк шара ұйымдастырып, ауданның бiрқатар азаматтарын алғыс хатпен марапаттады.
Аудан халқын құттықтаған Алатау ауданының әкiмi Бағдат Мәнiзоров бұл күнге Тәуелсiздiгiмiз бен Ата заңымыздың мызғымас бiрлiгi мен тұтастығының арқасында жетiп отырғанымызға екпiн түсiрдi. «Ата заңымыздың 1995 жылы бүкiлхалықтық референдумда талқыланып, Тәуелсiздiгiмiздiң алтын бесiгi Алматыда қабылданғанына баршамыз куә болдық. Осылайша елiмiз тарихи баянды шешiм қабылдап, жасампаз жаңа дәуiрге қадам басты», – дедi әкiм өз сөзiнде. Алатау ауданы әкiмi Бағдат Мәнiзоров ашылғанына үш жыл толған жаңа ауданның бүгiнгi тыныс-тiршiлiгiнiң түзелiп, тұрғылықты халықтың әлеуметтiк жағдайының дұрысталуын баянды Тәуелсiздiгiмiзбен байланыстыра келе, аз уақыттың iшiнде қол жеткен жетiстiктердi де тiлге тиек еттi. «Бас-аяғы үш жылдың iшiнде Алатау ауданына қалалық және республикалық бюджеттен 48 млрд. теңге бөлiндi. Ауданда заман талаптарына сай 1200 орындық емхана, жалпы бiлiм беретiн 2 мектеп және дарынды балаларға арналған республикалық спорт мектеп-интернаты ашылды. 4 балабақша ашылып, жолдарға асфальт төселдi. Газдандыру жұмыстары аясында жалпы ұзындығы 200 шақырым газ құбыры жүргiзiлiп, электр қондырғылары iске қосылды. 5 жарым млрд. теңгеге заманауи қазандық пен 6 млрд. теңгеге ауданды электрмен қамтамасыз ететiн станция салынды», – дедi әкiм. Жасыратыны жоқ, Алатау ауданы жылдан жылға гүлденiп келедi. Ойдым-ойдым көшелер жөнделiп, аудан инфрақұрылымы жандана түскен. 178 көше ашылып, жаңа атаулар берiлген. Тұрғындар құжатын да, емiн де ауданның өзiнен ала беретiн жағдайға жеткен. Тiптi, Алматы қаласы бойынша «Алтын алқа», «Күмiс алқа» иегерлерiнiң басым көпшiлiгi осы ауданда. Алатау ауданы тұрғындарының жанына батқан негiзгi мәселе – жердi заңдастыру. Қазiргi таңда аудан әкiмдiгi көмегiнiң арқасында көптеген азаматтар жерiн заңдастырып алыпты. Нақтырақ айтсақ, бүгiнде 4 мыңдай адамның үйi заңдастырылған. Егер әр отбасында 6-7 жаннан болса, шамамен 25-30 мың адам толыққанды Алатау ауданының азаматы атанып, әлеуметтiк көмектiң барлық түрiн алуға мүмкiндiк алуда. Айта кету керек, ауданда заңсыз жер сатуға бiржола тосқауыл қойылған. Естерiңiзде болса, алаяқтық iсi бойынша 16 азаматтың үстiнен iс қозғалған болатын. Ашық соттың нәтижесiнде 8 адам сотталып, оның кейбiрi 8 жылға дейiн бас бостандығынан айрылды. Әрине, бұл заңсыз жер сатуды кәсiпке айналдырушыларға үлкен сабақ болары сөзсiз. Сондай-ақ, жер телiмдерiн заңдастыру кезiнде арнайы қоғамдық комиссия құрылған-ды. Аудан әкiмiнiң айтуынша, алаяқтыққа жол бермеу үшiн комиссия жұмысын ашық жүргiзiп, әдiл шешiм шығаруға тырысыпты. Тiптi бiр жер телiмiне үш адамнан таласқан жағдайда комиссия бәрiн анықтап, қарапайым жұрттың көз жасына қалмауды басты қағидаға алыпты. «Алатау ауданында ауызсу мәселесi де шешiмiн тауып келедi. Ол үшiн су құбырлары тартылуда. Ауызсу мен жарық көзiне жарымай отырған «Ақбұлақ» елдi мекенiнiң мәселесi де күн тәртiбiне қойылды. Осы игi iстердiң бәрi – Тәуелсiздiгiмiз бен Конституциямыздың жемiсi», – деп түйдi Бағдат Мәнiзоров мырза. Мерекелiк шарада әннен шашу шашылып, жырдан өлең төгiлдi. Ауданның талантты бүлдiршiндерi өнерлерiн ортаға салып, халықтың iлтипатына бөлендi. Алатау ауданы әкiмдiгi мектепке алғаш қадам басқалы отырған 350-дей балғынға мектеп формасы мен мектепке қажеттi құрал-жабдықтарды тарту етiп, жергiлiктi халыққа мәре-сәре қуаныш сыйлады.01.09.2011 ж.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ