САРБАЗДАР ӘСКЕРИ ӨМIРГЕ ШЫҢДАЛУДА

САРБАЗДАР ӘСКЕРИ ӨМIРГЕ ШЫҢДАЛУДА

САРБАЗДАР ӘСКЕРИ ӨМIРГЕ ШЫҢДАЛУДА
ашық дереккөзі
199

Елiмiздiң айрандай ұйыған тыныштығының бұзылмауы — ұлттық қауiпсiздiгiмiздiң берiктiгiне байланысты. Ал оны сақтайтын – бүгiнгi өрен жастар! Сол себептен де ел Үкiметi жастардың ұлттық рухта тәрбиеленiп, бiлiм алуына барлық мүмкiндiктi жасауда.

Өткен аптада Қорғаныс министрлiгi бiр топ журналистерге Алматыдағы Құрлық әскерлерiнiң әскери институтында бiлiм алу мүмкiндiгiне ие болған жас сарбаздардың оқу-жаттығу дайындығын паш еттi. Негiзiн сонау 1970 жылы қалаған оқу орнынан елiмiздiң қорғаныс, әскери саласында еңбек етiп жүрген талай бiлiктi мамандардың қанаттанып шыққаны белгiлi. Олардың қатарында генерал-майор Бақытжан Ертаев, Республикалық "Ұлан" гвардиясының бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Абай Тасболатов сынды ел азаматтары бар. Бүгiнгi ұрпақ дәл осындай ұлтжанды азаматтарға ұқсап бағуға тырысатыны анық.

Ұлттық қауiпсiздiгiмiздiң болаттай берiк болуына Елбасының өзi, "Нұр Отан" ХДП ерекше көңiл бөлуде. Бiз оны аталмыш оқу ғимаратының табалдырығынан аттағанымызда-ақ байқадық. Курсанттардың жан-жақты бiлiм алуы үшiн материалдық оқу базасы да сұранысқа сай жасақталған. Тiптi, мұнда кәдуiлгi танктi жүргiзудi арнайы тренажермен үйренетiн қондырғы да бар. Бұрын-соңды әскери курсанттар теориялық бiлiмдi тек кiтаптан, қолмен сызу арқылы алатын болса, жаһандану заманы мұны да жеңiлдете түсiптi. Соңғы жылдары курсанттар Украина, Ресей, Белоруссиядан әкелiнген тренажерлердiң көмегiмен танк басқаруды, автомат атуды, жауға қарсы тойтарыс берудiң әдiс-тәсiлiн меңгеруге көшкен. Мысалы үш адамдық Т-64, төрт адамдық Т-62, он адамдық БТР тренажерлерiнiң тiлiн бiлген кез-келген курсант алған бiлiмiн соғыс алаңында дәлелдей алады.

Оқу корпусын аралай жүрiп, кейiнгi кезде елiмiздiң бiлiм ошақтарына жаппай енгiзiлiп жатқан интерактивтi тақта мен мультимедиялық қондырғыны көзiмiз шалды. Сөйтсек, бүгiнгi курсанттар маневр тұрғысынан шабуыл жасаудың да қыр-сырын осы электрондық құрал арқылы меңгерiп, жаттығады екен.

Бұдан соң сарбаздардың жатын орны мен тамақ iшетiн орнына бас сұқтық. Аппақ төсек, мұнтаздай бөлме! Мұнда 4 жыл оқитын курсанттың арманы жоқ шығар дестiк бәрiмiз. Шынында да, Құрлық әскерлерiнiң әскери институтында бiлiм алатын әрбiр курсант – Үкiметтiң жiтi назарында. Штаб бастығы Серiк Асановтың айтуынша, бiр курсанттың толыққанды бiлiм алуына ел қазынасынан 4-9 млн. теңге шамасында қаржы жұмсалады екен. Демек оқу орнын тәмамдаған мамандар бар күш-жiгерiн Отанды қорғауға, елдiң бейбiтшiлiгiн сақтауға жұмсауы тиiс!

Құрлық әскерлерi әскери институтына қабылданған болашақ сарбаздар сап түзеп, қатарға тұрды. Кеше ғана ата-анасының аялы алақаны мен жылуын сезiнiп жүрген бала әп-сәтте әскери өмiрдiң заңдылығын бойына сiңiре бастаған. Олар әуелгi кезекте суық қарудың құрылысымен танысып, ұрыс алаңында өрттi қалай сөндiру керектiгiн меңгерiп, жаудан қорғанатын жасырын бекiнiс қазуды үйренiптi. Оңтүстiк Қазақстан облысынан арнайы осы оқу орнына келген Бақдәулет Райымбек бiр айдың iшiнде дала жаттығуларынан өтiп, инженерлiк-тактикалық сабақты игергенiн айтады. "Барлық жағдай жасалған. Бала кезiмнен әскери мамандық иесi болуды армандап едiм. Ендi тек оқу керек болды. Бұйырса, елiмiздi қорғайтын ержүрек азамат болып шығуға тырысамын", – дедi мақтанышпен.

Құрлық әскерлерi әскери институтының басшысы, генерал-майор Сәбит Құдайбергенов: "Елiмiз әскери мамандарды дайындауға көп көңiл бөлуде. Биыл Қорғаныс министрлiгi мен Үкiметтiң қаулысына сәйкес, бiрiншi курсқа 7 мамандық бойынша 350-дей курсант қабылданды. Оның iшiнде 4 курсант Түркияда бiлiм алу сертификатын жеңiп алды. Курсанттардың тұрмыстық жағдайын да көрдiңiздер. Олар алдымен өз-өздерiн қамтамасыз етуге үйренiп жатыр. Қыркүйек айында ант қабылдап, 4 жыл бойы бiлiмiн шыңдайтын болады. Сондай-ақ бiзде Тәжiкстан, Қырғызстаннан келген курсанттар да оқиды", – дегендi жеткiздi. Алайда 4 жылдың iшiнде әскери қатаң талапқа бейiмделе алмайтын курсанттар да болады екен. Олардың 5-7 пайызы оқудан шығып қалатын көрiнедi.

Бiр байқағанымыз, Құрлық әскерлерi әскери институтында бiлiм беру тек орыс тiлiнде жүргiзiлетiн көрiнедi. Өйткенi құрал-жабдық терминдерiнiң бәрi орысша. Оқулық та орыс тiлiнде. Расында да, курсанттардың қолындағы парақтары сарғайған оқулықтардың кеңестiк кезеңнен қалғаны көрiнiп тұр. Оның бәрiн түсiнiп оқу орысшасы нашар, ауылдан келген курсантқа қиын түсетiнi айтпаса да түсiнiктi.

Сарбаздар дайындық сынынан өткеннен кейiн, тiлшiлерге де тапанша таратылды. Қолына суық қару ұстап көрмеген БАҚ өкiлдерi өздерiн әскери азаматтай сезiнiп, мәз болысты. Кез келген ақпаратты қалт жiбермейтiн журналистер қауымы нысана көздеуден де қалыс қалмады.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары