"ЭЙР АСТАНА" ОТАНДЫҚ ҰШҚЫШТАРДЫ ДАЙЫНДАЙДЫ

"ЭЙР АСТАНА" ОТАНДЫҚ ҰШҚЫШТАРДЫ ДАЙЫНДАЙДЫ

"ЭЙР АСТАНА" ОТАНДЫҚ ҰШҚЫШТАРДЫ ДАЙЫНДАЙДЫ
ашық дереккөзі
281

"Эйр Астана" әуе компаниясы осыдан бiраз уақыт бұрын ұшқыштар дайындау орталығын ашуды қолға алған болатын. Көп ұзамай әуе компаниясы Эйрбас А-320 әуе кемелерiнiң ұшқыштарын жаттықтыруға арналған EVPT жетiлген виртуалды тренажерiн сатып алып, отандық ұшқыштарды дайындауға кiрiсiп кеттi.

"Эйр Астана" әуекомпаниясы Ab-Initio атты ұшқыштарды бастапқы дайындау бағдарламасы бойынша кәсiби оқытуды ұсынады. Нәтижесiнде әуе кемесiнде бiлiктi ұлттық ұшқыштардың қатарын арттыру көзделiп отыр. Ол үшiн әуе компаниясы радиотехникалық жүйе ұшқыштарын даярлаушы колледждермен өзара келiсiмiн де ұзартқан болатын.

Биылғы жаз мезгiлiнде Флорида технологиясы институты жанындағы ұшқыштар дайындауды бастайтын Колледжге 9 кадеттiң арасынан регби және халықаралық деңгейдегi спорт шеберi, Қазақстан құрамасының бұрынғы капитаны Тимур Машуров таңдап алынды. Ол өзге де кадеттермен бiрге қатаң талаптағы байқаудан өтiп, медициналық зерттеудiң үш баспалдағынан, сондай-ақ психометрикалық тестiлеуден, ағылшын тiлiндегi сынақтан сүрiнбей өттi.

"Кәсiби спорт шеберi ретiнде және әртүрлi кездесулерге қатысу арқылы кез-келген жағдайда өзiмдi еркiн, сенiмдi ұстауды үйрендiм. Бұл маған "Эйр Астана" компаниясының байқауынан ойдағыдай өтуiме септiгiн тигiздi", – дейдi Ab-Initio бағдарламасының кадетi Тимур Машуров. "Бiр жылдың iшiнде бiраз жердi аралай жүрiп, кеңселiк жұмыс маған қол болмайтындығын түсiндiм. "Эйр Астана" ұлттық әуе компаниясының ұшқышы болсам, бала кезiмнен армандаған ойымды жүзеге асырған болар едiм. Әрi бүгiнгi күнi сұранысқа сай кәсiби мамандықтың иесi атанып, отбасымды қаржылық тұрғыдан қамтамасыз етуге мүмкiндiк туатындығына сенiмдiмiн".

"Эйр Астана" әуе компаниясы биылғы жылы 42 үмiткердi таңдап алды. Олар қыркүйектiң 26-сынан бастап бiлiмiн шыңдауға кiрiсуге сақадай-сай. Жоспарға сәйкес, 2011 жылдың аяғына дейiн тағы да 18 кадет iрiктеледi. Ал "Эйр Астана" әуекомпаниясы бағдарлама жүзеге асқалы берi 93 ұшқыштың бiлiм алып, бiлiктi ұшқыштар қатарына қосылуына мүмкiндiк жасады.

Айта кету керек, әуекомпания Ab-Initio бойынша ұшқыштарды бастапқы дайындау бағдарламасының тұсауын 2008 жылы кескен болатын. Мұндағы мақсат – батыстық өндiрiспен шыққан ұшақтарды басқара алатын, ағылшын тiлiне жетiк, бiлiктi отандық ұшқыштардың жетiспеушiлiгiн шешу. Бұдан өзге аталмыш бағдарлама ұлттық әуетасымалдау паркi 43 әуе кемесiн құрайтын 2022 жылға дейiн ұшқыштарға деген тапшылық мәселесiн оң жолға қоюды жоспарлап отыр.

Ab-Initio – ТМД бойынша ұшқыштарды дайындайтын ауқымды бағдарлама. Жыл сайын Уотерфорд (Ирландия) пен Мельбурнның (Германия) таңдаулы оқу орындарының қолайлы базаларындағы жаттығу орталығында "Эйр Астана" әуе компаниясы үшiн 60 кадет бiлiм алатын болады. Колледждiң бар артықшылығы сол, ұшқыштар дайындайтын жаттығу орындарының жайлылығы. Сондай-ақ бұл жердiң климаты ұшқыштардың кез-келген ауа-райында әуекеменi қалай игеру керектiгiн меңгеруге мүмкiндiк туғызады.

"Эйр Астананың" болжамы бойынша, 2012 жылға қарай жоғары бiлiктi ұшқыштардың жетiспеушiлiгi 300-ге дейiн артып, жазғы уақыттардағы маман жетiспеушiлiгi ұлғая түспек. "Бұдан былай бұл мәселенi де бiртiндеп шешуге толық негiз бар", – дейдi "Эйр Астана" ұлттық әуекомпаниясының ұжымы.

"Эйр Астана" әуе компаниясында ұшқыш болғыңыз келсе, заманауи жаңа ұшақтардың қыр-сырын терең меңгергiңiз келсе, ұшқыш мамандығының қиындықтарынан жасқанбасаңыз, онда Ab-Initio ұшқыштарды бастапқы дайындау бағдарламасына қатысыңыз! Бұл бағдарламаға қатысуға математика, физика және ағылшын тiлiнен бiлiмi жоғары 18 жастан 29 жасқа дейiнгi Қазақстан Республикасының азаматтары шақырылады. Үмiткерлердi iрiктеу тұрақты түрде жүргiзiледi және бiрнеше кезеңнен тұрады. Барлық кезеңдерден сүрiнбей өткен үмiткерлер дүние жүзiндегi алдыңғы қатарлы ұшқыштар мектебiнде бiлiм алуға мүмкiндiк алады.

25.08.2011

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары