«ШАШУ ШАШЫП ТҰРҒАНЫМ»

«ШАШУ ШАШЫП ТҰРҒАНЫМ»

«ШАШУ ШАШЫП ТҰРҒАНЫМ»
ашық дереккөзі
239

Осыған дейiн «Балауса», «Әнiм сен едiң», «Жыр тұмар», «Имандылық ғасыры» атты жеке топтама жинақтары жарық көрдi.

Тәуелсiздiгiмiздiң 20 жылдығына орай ақынның «Шашу шашып тұрғаным» атты жаңа жыр жинағы таяуда өлеңсүйер қауымның қолына тимек.

Бiз Эра Орманованың бiрқатар өлеңдерiн сүйiктi оқырмандарымыздың назарына ұсынғанды жөн көрдiк.

ҒАШЫҚ БОЛҒАН КЕЗДЕРIҢ…

Ғашық болған кездерiң

ең бақытты кездерiң,

Жүрегiңнен шығатын шекер-балдай сөздерiң.

Жұпар шашып табиғат,

тiлектес боп қуанар,

Бастан өткен ғажапты бiлесiң ғой өздерiң.

Ғашық болған кездерiң,

ең бақытты кездерiң,

Нәзiк сезiм тербетер, керегi жоқ өзгенiң.

Жеткiзе алмас еш ақын,

еш суретшi бояумен,

Құпияны әттең-ай, айтып қояр көздерiң!

Ғашық болған кездерiң

ең бақытты кездерiң,

Бақ құсыңды қондырар –

сынағына төзгенiң.

Ең алғашқы махаббат жетелеумен келедi,

Бұл Алланың сыйы екен,

бүгiн менiң сезгенiм…

АҚЫН

Түсiм емес, өңiмде де ұшамын,

Кең әлемдi қалауымша құшамын.

Түсiнбейтiн пенделер-ай жақтырмай,

Келдi қанша адымымды тұсағың.

Жеткiзе алмай толғанысын жан-күйдiң,

Ғашықпын ба, қорғасындай балқимын.

Шабыттансам перiштеге айналып,

Күмбiрлеген күй секiлдi шалқимын.

Жерге аялдап, сосын тағы кетемiн,

Күйбең-күйбең, күйбең тiрлiк не теңiм?

Барлығын да көрiп, сезiп жүремiн,

Көк аспанда болғаннан соң мекенiм.

Мақсат үшiн керек достар, жеңiлмеу,

Мүмкiн бе ендi ақын сөзiн тегiн деу.

Патшаңда жоқ, мендегiдей еркiндiк,

Менi ұстаудан желдi ұстау – жеңiлдеу.

КҮЛIП ҚАЙТАМ ӨМIРДIҢ БАЗАРЫНАН

Кешiр жарым, кешiргiн балаларым,

Елдi ойлап жүректi жараладым.

Iшкен iрiң, жегенiм желiм болды-ау,

Адамдардың қоссам деп араларын.

Бәлкiм күнiм сүреңсiз өтер едi,

Төмен қарай құлдырап кетер едi.

Тоқсан тоғыз пендеңiз қыспаққа алса,

Бiр ғажап күш құтқарып, көтередi.

Жүргенде ылғи солай барға көнiп,

Соқпағым тiрелгенде жарға келiп,

Қызыр бабам секiлдi дем беретiн,

Тағы сол күш екенiн жүрмiн көрiп.

Мықтылардың дәметпей назарынан,

Жыр жазатын қаймықпай азабынан.

Мұқағали жылады, жетер ендi,

Күлiп қайтам өмiрдiң базарынан.

АҚ ОРАМАЛ

Ақ орамал, ақ орамал,

Бiлгендерге бақ орамал.

Аман-есен, өнем десең,

Аналар-ай, тақ орамал.

Таймасыншы бастан бағың,

Ақ жаулықтан қашпа жаным.

Шуақ берсiн, қуат берсiн,

Жан-жарыңа қас-қабағың.

Қызың ертең келiн болар,

Құда-жекжат, елiң болар.

Имандылық жолда жүрсе,

Перзенттерi керiм болар.

Ақ жаулығың – қасиетiң,

Құдырет бар, бас иетiн.

Жалғастырып жүре алсақ,

Бабалардың өсиетiн.

Серіктес жаңалықтары