КӨМIРЛI АЙМАҚТАҒЫ КЕЛЕЛI IСТЕР
КӨМIРЛI АЙМАҚТАҒЫ КЕЛЕЛI IСТЕР
Елiмiздiң кез-келген өңiрлерi сияқты көмiрлi Қарағанды облысы да бүгiнде ел назары ерекше ауып отырған аймақтың бiрi. Олай дейтiнiмiз, әртүрлi ұлт өкiлдерiнен құралған бұл облыста iрi-iрi өндiрiс орындары шоғырланған. Сондықтан да болар, қым-қуат тiршiлiктiң басында жүрген аймақтағы әр кезеңдерге бөлiнген жұмыс күндерiн бақылап, тындырылған және атқарылуға тиiс жұмыс кестесi жайлы хабардар етiп отыру — бiздiң де айнымас жұмыс жоспарымыз тәрiздi.
Қасиеттi Рамазан айының да аяқталуына санаулы күндер қалған уақытта Қарқаралыдағы Құнанбай қажы мешiтiнiң 160 жылдығы ерекше құрметпен аталып өтiп, тағы бiр жаңа мешiттiң ашылу салтанаты болды. Былтыр қолға алынған осынау iзгi бастаманың басы-қасында осы өңiрдiң тумасы, қазiр Астана қаласының тұрғыны кәсiпкер Нұрлан Мусипов үлкен азаматтық белсендiлiк көрсеттi. Негiзiнен құрылыс жұмысын Жаңабай Сыздықов бастаған бiлгiр мамандар жүргiзсе, оларға село халқы да өз көмектерiн аянып қалған жоқ. Заман талабына сай жабдықталып, халықтың игiлiгiне бейiмделiп жасалған жаңа мешiттi село әкiмi Амантай Дәуiпов ашып, аудан әкiмi Х.Мақсұтов алғыс бiлдiре отырып баяндама жасады. "Балқантау мешiтi" аталған жаңа дiн ордасының ашылу салтанатының соңын ала ас берiлiп, ораза ұстаушыларға арналған ауызашар дастарқаны жайылды.
Сондай-ақ, " Адам – мемлекеттiң ең басты құндылығы" деп қабылдайтын облыс басшылығы облыстық iшкi iстер департаментi жол полициясы басқармасы мен аймақаралық "Сарыарқа" көлiк инспекциясы бiрлескен рейд ұйымдастырды.
Адам өмiрiне немқұрайды қарайтын жауапсыз көлiк жүргiзушiлерiнiң салғырттығы салдарынан күнiне қаншама тағдыр иесi өмiрмен қоштасып, қаншамасы мүгедек болып жатқанынан хабардармыз. Сондықтан да осындай iс шараны ұйымдастыру барысында айналасы 2-3 сағаттың iшiнде 18 заң бұзушылық әрекетi анықталды. Оның 14-i көлiктердiң техникалық ақауы, 2-i жолаушы тасымалдау ережесiнiң өрескел бұзылуы және екеуi өрт қауiпсiздiгi ережесiнiң сақталмауы. Күре жолдың бойындағы жағдайды күрделендiрiп, жолаушы тасымалдаумен заңсыз айналысып жүргендер "мың асқанға – бiр тосқанның" болатынын ойлап, заң аясында өмiр сүруге тиiс екенiмiздi ұққандай. Жол полициясы басқармасының әкiмшiлiгi алдағы уақытта да мұндай сақтық шараларын жиi ұйымдастырып тұру керектiгiне тағы да назар аударды. Сондай-ақ, осы шараның негiзiнде тамыз айының 11-i мен қыркүйектiң 10-ы аралығында жол қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында "Қауiпсiз жол" акциясы басталды. Өйткенi соңғы жетi айда болған қаралы статистикаға жүгiнер болсақ, облыс аумағында 426 жол-көлiк оқиғасы орын алып, соның салдарынан 115 адам көз жұмса, 509 жолаушы әртүрлi деңгейдегi дене жарақатын алған. "Сақтансаң, сақтармын" дегендi де еске салатын осындай жол апаттарын болдырмаудың түрлi амалдары қарастырылуда.
Аптаның бейсенбi күнi облыс әкiмi Серiк Ахметов 2011-2012 жылдардағы жылыту маусымына дайындық мәселесiн тағы да қозғап, кезектi селекторлық кеңес өткiздi.
Облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Бекен Уахитовтың берген ақпары бойынша жөндеу жұмыстары 78 пайызға орындалып, 19 қазандық агрегаттары мен 11 турбинаны жөндеу аяқталған. Сонымен қатар, облыс қалалары мен аудандарында 206 шағын қазандық пен АСО, 111,4 шаршы жылу, 122 шаршы су құбыры мен кәрiз, 2 мың 192 шаршы электр желiсi мен 450 подстанция жөндеуден өтсе, оның iшiнде бiлiм беру саласының 690, денсаулық сақтаудың 273 нысаны, 4951 көпқабатты тұрғын үй қыс мезгiлiне сақадай дайын.
Барлық бюджеттiк мекемелерде, қалалар мен аудандарда отынды мемлекеттiк сатып алу бойынша конкурстық үдерiстер негiзiнде көмiр жеткiзуге келiсiмдер жасалып, қазiр жеткiзу жұмыстары басталып та кеттi. Бүгiнгi таңда жылу электрстанцияларында 1 млн. тонна көмiр мен 9 мың 752 тонна мазут көлемiнде отынның төмендемейтiн қоры бар. Бұл айлық қажеттiлiктен анағұрлым көп.
Осыдан кейiн бақылаушы органдардың, қала мен аудан әкiмдерiнiң, облыстық басқармалар мен кәсiпорын басшыларының қысқа дайындықтары бойынша жүргiзген жұмыстары туралы есептерiн тыңдаған облыс басшысы Серiк Ахметов мырза бiрқатар тапсырмалар бердi, оның iшiнде жұмыс кестесiн сақтау, тұрғын үйлердi күзгi-қысқы мерзiмде жылытуға дайындық жұмыстарына ПИК қатыстыру және коммуналдық қызметтерге қарызын өтеу сынды мәселелерге де кеңiнен тоқталып өттi.
Бұл кеңес жұмысына ҚР Президентi Әкiмшiлiгiнiң мемлекеттiк бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлiмiнiң мемлекеттiк инспекторы Нұрлан Тiлешев қатысты.
Облыс басшылығы халықтың әл-ауқаты, тұрмыс-тiршiлiгiмен қоса, тұрғылықты халықтың тiл мәселесiн де назардан тыс қалдырмауда. Қарағанды облысының тiлдердi дамыту жөнiндегi басқармасы мемлекеттiк тiлдiң қолдану аясын кеңейту және дамыту мақсатында "Мемлекеттiк тiлде iс жүргiзу үздiгi" атты облыстық байқау өткiздi. Байқауға 15 үмiткер қатысты. Олардың қатарында облыстық қаржы және бiлiм басқармаларының аудармашылары мен Қарағанды, Балқаш, Шахтинск, Приозерск, Жезқазған, Темiртау қалаларының, Осакаров, Нұра, Бұқар жырау, Ақтоғай аудандарының қызметкерлерi бар. Ұйымдастырушылар аудармашылардың iс жүргiзудегi бiлiктiлiгi мен тәжiрибесiне, мемлекеттiк тiлде дайындалатын iс қағаздарының сапасын арттыру, кәсiби сала терминдерiн бiлу, ресми негiзде ауызша аударма жасау сияқты маңызды жағына аса көңiл аударуға тырысты.
Қазылар алқасының құрамында "Орталық Қазақстан" газетiнiң жауапты хатшысы Сүйiндiк Жанысбай (төрағасы), Қарағанды облысы әкiмi аппараты әлеуметтiк сала және iшкi саясат бөлiмiнiң бас маманы Сәбит Бексейiтов, Қарағанды мемлекеттiк университетiнiң профессоры, филология ғылымдарының докторы Алмагүл Әдiлова бар. Қазылар алқасы ақылдаса келе, 1-орынды Қарағанды облысы қаржы басқармасының аудармашысы Гүлнар Байтiлесоваға бердi. Жүлделi 2-орынды Шахтинск қаласы әкiмi аппаратының бас маман-аудармашысы Салтанат Шайкенова, ал III орынды "Қарағанды қаласының №1 қалалық ауруханасы" ШЖҚ КМК аудармашысы Январьбердi Қауқаев бөлiстi. Сонымен қатар, ынталандыру сыйлығы "Нұр Отан" ХДП Октябрь аудандық филиалының өкiлi Келдiбай Ұлжанов пен М.Әуезов атындағы №14 орта мектептiң iс жүргiзушiсi Гүлнар Қанатбаеваға табыс етiлдi. Жеңiмпаздар арнайы дипломдар мен ақшалай сыйлықтарға ие болды.
Осы күндерi облыс әкiмi Серiк Ахметов мырза Нұра және Осакаров аудандарында жұмыс сапарымен болып, Нұра ауданындағы "Шахтерское" ЖШС-дегi бидайдың "Целина-50" деген жаңа сортымен танысты. Шаруашылық басшысы Георгий Прокоптың айтуынша, ерте пiсетiн бұл бидайдың қуаңшылыққа да төзiмдi қасиетi бар екен. Облыс басшысы Осакаров кентiнде "Транзит" ЖШС-нiң жылыжай, көкөнiс қоймасы мен көтерме қоймаларымен танысты.
Сондай-ақ, С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрында аталып өткен Құрылысшылардың кәсiби мерекесiне арналған салтанатты жиынға да ат басын тiреген облыс әкiмi Серiк Ахметов мырза Қарағанды өңiрiнде құрылыс саласына ерекше назар аударылып отырғанын аңғартты.
Таңсұлу Алдабергенқызы