ҚАЗАҚ КҮРЕСIНIҢ ҚАЙТА ТУҒАН КҮНI

ҚАЗАҚ КҮРЕСIНIҢ ҚАЙТА ТУҒАН КҮНI

ҚАЗАҚ КҮРЕСIНIҢ ҚАЙТА ТУҒАН КҮНI
ашық дереккөзі
248

Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлттық спорт ойындарының iшiнде қазақ күресiнiң алатын орны ерекше. Ертегi кейiпкерiндей алып тұлғалы, еңсегей бойлы апайтөс батырларымызды да осы қазақ күресiнен кездестiресiз. Бүкiл әлемге аты мәшһүр болған Қажымұқан Мұңайтпасов пен Балуан Шолақты да еңкейген қариядан еңбектеген сәбиге дейiн бiледi.

Мiне, қазақ күресiнiң құдiретi қайда жатыр!

Бiрақ та бұқара арасында насихатталуының аздығынан ба, әлде сайыстар қатарында қазақ күресiнiң көрiне бермейтiндiгiнен бе, әйтеуiр ұлттық спорт ойынына деген қолдау кемшiн сияқты көрiнетiн. Бұрын-соңды ауыл халқы жиналған орта мiндеттi түрде қазақ күресi майталмандарының күш сынасуымен тарқайтын болса, соңғы кезде осы дәстүр сабақтастығынан қол үзiп қалған едiк. Бiрақ қазақ барда, қазақ күресi өле ме?! Әрине, жоқ! Қуаныштысы сол, бүгiнгi таңда да елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнде ұлттық қазақ күресiнiң тамырын үзбей жүрген балуандар баршылық екен. Олар былайғы жұртқа аса танымал бола бермесе де, өз жерiнде, өз ауылында "Түйе палуан", "Пiл палуан" деген аса мәртебелi атақтың иесi!

Сенбi күнi Астанадағы "Дәулет" спорт сарайында бағы мен бабын сынға салған 64 балуан көрермендерге әдемi демалыс сыйлады. Ежелден той-томалақтың көркiн қыздыратын балуандарды дүйiм жұрт сағынып та қалыпты. Үлкен спорт сарайы қазақ күресiнiң жанкүйерлерiне лық толса, жер-жердегi көрермен телеарнаның алдында отырып тамашалады. Жетi-сегiз сағат бойы тырп етпестен балуандардың керемет белдесуiне куә болған көрерменнiң де алған әсерiн сөзбен жеткiзу қиын. "Шiркiн-ай, бұл күн – ұлттық спорт ойынымыздың қайта туған күнi болды ғой", – деп iштей қуанғандар да аз болмады.

Осыдан бiраз уақыт бұрын газетiмiзге сұхбат берген "КТК" телеарнасының басшысы Арман Шораев мырза ұлттық спортымыз – қазақ күресiн жандандыруға байланысты елiмiздiң облыстарында балуандарды iрiктеу шарасының өтiп жатқандығын айтқан болатын. Мiне, сол iрiктеу барысы кезiнде 60 балуан бақтарын сынауға мүмкiндiк алған. Оларға тiгiлген жүлде қоры да қомақты. Бiрiншi жүлде – 150 мың АҚШ доллары, екiншi орынға – 30 мың, ал үшiншi орынға – 10 мың АҚШ доллары. Айта кету керек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесi үшiн ұйымдастырылған қазақ күресiнiң "Қазақстан барысы" жарысын ұйымдастыру шараларына Қызылорда облысының әкiмдiгi тiкелей қаржылай қолдау бiлдiрген.

Тәуелсiздiктiң 20 жылдығы қарсаңында өткiзiлген қазақ күресiнiң үлкен дүбiрлi тойында бозкiлемге шыққан 30 жұп көрерменнiң делебесiн қоздырып, бiр сәт өздерiне ынтықтыра түстi. Балуандар да өздерiн көптен асыға күткен жанкүйерлерден күш-қуат алып, алға ұмтыла бердi, ұмтыла бердi. Әртүрлi салада еңбек етiп жүрген күш иелерi мен спорт шеберлерi барын салуға тырысқанымен, ақтық сынға кiл мықтылар ғана таңдап алынды. Жарысқа Дүниежүзiлiк қазақ күресi федерациясының президентi, еңбегi сiңген жаттықтырушы, профессор Серiк Төкеев бас төрешiлiк етсе, Дәулет Тұрлыханов бастаған әдiлқазы мүшелерi әдiл шешiм шығаруға атсалысты.

Қазақта "Күш атасын танымас" деген нақыл сөз бар. Қазақ күресiндегi балуандардың белдесуi осыны тағы бiр дәлелдегендей болды. Үш айналымнан сүрiнбей өтiп, соңғы шешушi сәтке келген 8 балуан нағыз қазақтың кесек денелi батыр ұлдарын көз алдымызға әкелдi. Төртiншi айналымда бозкiлемге алғаш болып шақырылған Ұлан Рысқұл жеңiске бiртабан жақын қалғандығын сездi ме, өз-өзiне нық сенiммен көтерiлдi. Ол өзiнiң жерлесi Руслан Әбдiразақовты ойынның алғашқы минутында-ақ қапы қалдырып, таза жеңiске қол жеткiзсе, 135 келiлiк Жамбыл облысының тумасы Бейбiт Ыстыбаев 125 келiлiк Айбек Нұғмановпен белдесiп, соңғы сынға өттi.

Ал жартылай финалда Ұлан Рысқұл шығысқазақстандық Шалқар Жоламановпен, Бейбiт Ыстыбаев астаналық Арман Әбеуовпен кездестi. 2010 жылғы қазақ күресiнен әлем чемпионы, "Қожақұл" атанған Шығыс Қазақстан өңiрiнiң бiрнеше дүркiн "түйе балуаны" Шалқар ақтық сындағы айқаста қызылордалық Ұлан Рысқұлдан жеңiлiс тауып, үшiншi орынды мiсе тұтты. "Әулиеатаның арланы" Бейбiт Ыстыбаев болса "астаналық арыстан" Арман Әбеуовтi өзiнiң шалу әдiсi арқылы жамбасына ала сұлатты.

Жиналған қауымның назары "Сыр қыраны" мен "Әулиеата арланының" бозкiлемдегi белдесуiне ауды. Бiр-бiрiне арыстандай атылып тұрған балуандар соңғы демiн iшiне тартқандай. Талай жерде топ жарып, жүлденi қанжығасына байлап жүрген қос балуан да "сен тұр, мен атайын". Екеуi бұған дейiн де әлденеше рет кездесiп, бiр-бiрiнiң айла-тәсiлiне қаныққан. Сөйтсе де, балуандар намыстарын жана түсiп, ақырғы күштерiн сарқа жұмсады. Нәтижесiнде жартылай жеңiспен "Қазақстан барысы" атағына қызылордалық балуан Ұлан Рысқұл ие болды! 1986 жылы туған, бойы – 186 см, салмағы 121 келi тартатын Ұлан Рысқұл – Қорқыт ата университетiнiң студентi. Қызылорда өңiрiнiң ғана емес, бүкiл қазақ халқының көз мақтанышына айналған балуанға "Қазақстан барысы" атағы мен "Алтын белбеу", сондай-ақ 150 мың АҚШ доллары салтанатты түрде табыс етiлдi. Ал жамбылдық Бейбiт Ыстыбаев "Күмiс белбеу" тағынып, 30 мың АҚШ долларын қанжығасына байласа, үшiншi орынды қанағат тұтқан шығысқазақстандық Шалқар Жоламанов "Қола белбеу" мен 10 мың АҚШ долларына ие болды. Айта кету керек, балуандардың жаттықтырушылары да жүлдеден құралақан қалған жоқ.

Ұлттық спорт ойынын тамашалаған халықтың бар арман-тiлегi – қазақ күресiнiң үлкен додалардан көрiнуi. Ол үшiн осындай республикалық белдесулердi көптеп өткiзiп, болашақ "түйе", "пiл" балуандардың сыналуына мүмкiндiк жасау қажет. Қазiргi кезде қазақ күресi әсiресе, Оңтүстiк Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облысында жақсы жолға қойылған көрiнедi. Нәтижесiнде ұлттық спортымыз – қазақ күресi өлмей, өшпей бүгiнгi күнге жетiп отыр. Ендi оны қайтадан жоғалтып алмау қажет. "Қазақстан барысы" жарысын ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жыл сайынғы өтетiн дәстүрлi кездесуге айналады. Әрi жүлде қоры да жылдан-жылға өсiп отырмақ. Жеңiс тұғырына көтерiлген балуан Ұлан Рысқұл өзiнiң жүрекжарды ақ тiлегiнде: "Келесi жылы қазақша күрестiң жүлдесi бұдан да жоғары болады! Құдай қаласа, миллион болады!" дегенде лық толы зал бiр көтерiлiп қалды. Құдай қаласа, бұдан былай әрбiр отбасы ұлдарын қазақша күреске берiп жатса, таңғалмаймыз!

25.08.2011

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары