ДЕРТКЕ ШАЛДЫҚТЫРҒАН “ақ алтын”

ДЕРТКЕ ШАЛДЫҚТЫРҒАН “ақ алтын”

ДЕРТКЕ ШАЛДЫҚТЫРҒАН “ақ алтын”
ашық дереккөзі
345

Өзбек билiгiне бойкот жариялаған әлемнiң ең iрi деген алпыстан астам кәсiпорны өзбек мақтасын сатып алудан үзiлдi-кесiлдi бас тартты. Таяқтың бiр ұшы "балаларды құлдыққа жегуге мәжбүрледi" деп айыпталған президенттiң қызына да тидi. Ол Нью-Йорктегi Сән күндерiнен шет қалды. Ал Өзбекстанның миллиондаған тұрғыны мақта алқаптарындағы улы заттың кесiрiнен айықпас дертке шалдыққан.

Газ бен алтынға бай өзбек жерi мақтаға да кенде емес. Орталық Азиядағы экономикалық орталық мәртебесiн иеленуге ұмтылатын әрi осы аймақтағы ең iрi мақта экспортерi – Өзбекстан халқының саны 27,5 млн.-ға тең. Пайдаға шаш-етектен кенелтуге мүмкiндiк беретiн "ақ алтынды" жинап алу мiндетi жыл сайын халықтың мойнына жүктеледi. Күз түсiп, егiн орағы бастала бере, мемлекеттiк қызметкерлер, әскери мiндетiн өтеушiлер, жоғары оқу орындарында бiлiм алатын студенттермен бiрге бұғанасы әлi қатып үлгермеген миллиондаған баланы мектепке барғызбай, мақта жинауға күштеп жұмылдыратын өзбек билiгiне халықаралық қауымдастық қана емес, әлемдiк тауар өндiрушiлер де наразы. Өйткенi мақта алқаптарында таңның атысы, күннiң батысы ересектермен бiрге тер төгетiн жас балаларға химиялық заттардан қорғанатын құралдар немесе улы газды өкпеге жiбермейтiн маскалар берiлмейдi.

Бүгiнде мақта жинаудың кесiрiнен Өзбекстанның жас-кәрiсi аралас, миллиондаған тұрғыны ауыр дертке шалдыққан. Бiрақ сыртқа "сыр алдырмауды" көздейтiн өзбек билiгi бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарына мақала жариялауға, аурулардың нақты санын анықтауға қатаң тыйым салса, дәрiгерлер қауымы улы заттардан "басы ауырып, балтыры сыздағандарға" олардың немен ауыратынын айтудан қашқақтайды. "Шенеунiктердiң ат төбелiндей ғана тобын байыту үшiн, олардың батыстық және араб банктерiндегi шоттарын "қалыңдату" үшiн халықты аяусыз қинауда" деп өзбек билiгiне ашық қарсы шыққан өзбек құқық қорғаушысы Гүлшан Караева өткен аптада тұтқынға алыныпты. Мақта жинауда балалар еңбегiн пайдалануға қатысты әлеуметтiк сауалнама жүргiзген заңгердiң қандай жаза алатыны әзiр белгiсiз.

Гүлшан Қараева шетелдiк БАҚ арқылы таратқан мәлiмдемесiнде: "Әзiрге батыстық және басқа да шетелдiк компаниялар "адамдардың құлдыққа негiзделген тегiн еңбегiнiң" арқасында жиналған Каримов режимiнiң мақтасын сатып ала отырып, Өзбекстандағы құлдықтың дамуына жағдай жасап отыр", – деген едi. Арада сәл уақыт өткенде халықаралық деңгейде тауар өндiретiн 60-тан астам кәсiпорын өзбек мақтасын сатып алудан үзiлдi-кесiлдi бас тартты. Америкалық "As You Sow" құқық қорғау ұйымының ұйымдастыруымен, "Responsible Sourcing Network" жобасының шеңберiнде өзбек мақтасына бойкот жариялағандар қатарында "Adidas", "Puma", "Burberry", "Levi" т.б. көптеген әлемдiк бренд иелерi бар. Жуырда Жер шарындағы 800-ден астам кәсiпорынның басын қосатын америкалық "American Apparel and Footwear Association" бөлшек сауда нысандарының бiрлестiгi де өзбек өнiмiнен бас тартқан құжатқа қол қойды.

Бұған дейiн бала еңбегiн заңсыз қолдануға қатысты айыптаулардың барлығын жоққа шығарып келген ресми Ташкент бұл жолы жақ ашпай отыр. Ал өзбектердiң 73 жастағы президентi Ислам Каримовтiң тақ мұрагерi саналатын қызы Гүлнар Каримованың 9 қыркүйекте Нью-Йоркте өткiзiлген Сән күндерiнде көрсетiлуi тиiс киiм үлгiлерiн шараны ұйымдастырушылар құқық қорғаушылардың қысымымен, тiзiмнен алып тастады.

22.09.2011

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары