ЕКI ЖЫЛДА ТӨРТ САТЫҒА ЖЫЛЖЫДЫҚ
ЕКI ЖЫЛДА ТӨРТ САТЫҒА ЖЫЛЖЫДЫҚ
Жуырда Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрлiгiнде кәсiпкерлiктi дамыту және өңiрлiк даму комитеттерi құрылып, олардың төрағалары тағайындалды.
Кәсiпкерлiктi дамыту және өңiрлiк даму комитеттерi Экономикалық даму және сауда министрлiгiнiң құрылымында мемлекет басшысының 10 тамыздағы "Қазақстан Республикасының мемлекеттiк басқару жүйесiн одан әрi жетiлдiру бойынша шаралар туралы" қол қойған Жарлығына сәйкес құрылды. Кәсiпкерлiктi дамыту комитетiнiң төрағасы болып Қайрат Әйтекенов бекiтiлсе, өңiрлiк даму комитетiн бұған дейiн Сыртқы iстер министрлiгi, Көлiк және коммуникация министрлiгi мен коммерциялық ұйымдарда қызмет атқарған Асқар Қалиев басқаратын болды. Қайрат Әйтекенов бұған дейiн де "Самұрық-Қазына" Қорында кәсiпкерлiк мәселелерiмен айналысатын топқа жетекшiлiк етiп, дағдарысқа қарсы бағдарламаның айтулы бөлiгiн жүзеге асыруға атсалысқан едi.
Экономикалық даму және сауда министрi Қ. Келiмбетовтiң айтуынша, министрлiкте қазiр инновациялық кәсiпкерлiктi құру, орта бизнестi дамыту мәселелерi күн тәртiбiне қойылған. Алайда бұл шаруамен нақты айналысу үшiн арнайы бiртұтас құрылым қажет: "Қазiр елiмiзде Үдемелi-индустриялдық даму бағдарламасы, өндiрiс, әлеуметтiк модернизация, халықты жұмыспен қамту, "Бизнестiң жол картасы" бағдарламалары жүзеге асырылуда. Осы төңiректе кiмге барып, қай есiктi қағып, қайдан кеңес алатынын бiлмей жүрген кәсiпкерлер қаншама? Электронды үкiметтiң "бiр терезесiне" телмiрiп жүр барлығы. Кәсiпкерлiктi дамыту – жариялылық пен тұрақтылықты қажет ететiн мемлекеттiң экономикалық саясаты. Бұл салада шешiмiн таппай жатқан мәселелердi реттеп, шағын кәсiпорындар бәсекелестiкке төтеп беруi үшiн оларға қол ұшын беру қажет. Осы орайда "Самұрық-Қазына", "ҚазАгро" секiлдi компаниялар тарапынан бөлiнетiн қаражатты Үкiмет тарапынан қадағалау керек", – дейдi министр. Сонымен бiрге, министр құрылған комитеттiң басты мiндетi бизнес қауымдастықтары мен мемлекеттiк органдардың арасын байланыстыру және қадағалау екендiгiн жеткiздi. Ал өңiрлiк аймақтарды дамыту Комитетi бұған дейiнгi Экономика және жоспарлау министрлiгiнiң шешiмiмен аймақтық дамыту бағдарламасының негiзiнде жүзеге асырылып отыр. Қайрат Нематұлы бұған дейiн де "аталған саладағы шаруалармен жұмыс iстейтiн, аймақтардың дамуына көмектесетiн, бағалау жүйесiн құратын агенттiктiң маңыздылығын көлденең тартқан болатын. Қазiр министрлiк елдiң аумақтық – кеңiстiктiк дамуының болжамдық схемасымен айналысуда. Аймақтардың бiрiншiсiнен екiншiсiне қарай урбанизация, миграция тасқыны да байқалады. Сондай-ақ, аталмыш комитет стратегиялық штаб қызметiн де атқармақ. Ол туралы Елбасы Н. Ә. Назарбаев осы жылдың сәуiр айында Министрлер кабинетiн жинап алып, алдағы жоспарларымен бөлiскенде: "Экономикалық даму және сауда министрлiгi Үкiметтiң экономикалық блогының штабы болуы керек", – деген.
22.09.2011