ИБАДУЛЛА Үмбетаев, ҚР ҰҒА-НЫҢ ҚҰРМЕТТI АКАДЕМИГI: БИДАЙДАН КЕЙIНГI БРЕНДIМIЗ — МАҚТА

ИБАДУЛЛА Үмбетаев, ҚР ҰҒА-НЫҢ ҚҰРМЕТТI АКАДЕМИГI: БИДАЙДАН КЕЙIНГI БРЕНДIМIЗ — МАҚТА

ИБАДУЛЛА Үмбетаев, ҚР ҰҒА-НЫҢ ҚҰРМЕТТI АКАДЕМИГI: БИДАЙДАН КЕЙIНГI БРЕНДIМIЗ — МАҚТА
ашық дереккөзі
236

Мақта дақылы Қазақстанда бидайдан кейiн ең көп экспортталатын ауыл шаруашылығы өнiмiне айналды. Десек те «ақ алтын» баптаған диқан қауымының аузы аққа жарып отыр деуге болмайды. Мақта бағасы кейiнгi жылдары құбылып тұр. Несiбесiн жерден iздеген ағайын бiр жылы азын-аулақ табыс түсiрсе, ендi бiр жылы қып-қызыл шығынға батып қалады. Бұдан бөлек ұсақталып кеткен шаруашылықтарда ауыспалы егiс жүйесi сақтала бермейдi. Мұның ақыры жердiң тозуына апарып соғуда.

Қазақ мақтасының бәсекеге қабiлетiн арттыру үшiн не iстеу керек? Мақташыға мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық жеткiлiктi ме? Осындай сауалдарға жауап iздеп, Қазақстан мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА-ның құрметтi академигi, ҚР аграрлық ғылым саласы бойынша А.Бараев атындағы сыйлықтың иегерi Ибадулла Үмбетаевпен сұхбаттасқан едiк.

– Бүгiнде қазақ мақтасының әлемдiк рынокта өзiндiк орны бар десек, асыра айтқанымыз емес. Әлемдегi мақта егетiн 70-ке жуық елдiң iшiнде Қазақстан өнiм өндiру жағынан 17-18 – орынға тұрақтап отыр. Десек те мақтаны өңдеуге келгенде әлi де қолға алатын жұмыс көп.

Ауыл шаруашылығының бiлiктi маманы ретiнде қазақ мақтасының бәсекеге қабiлеттiлiгi туралы не айтасыз? Ол қаншалықты сұранысқа ие?

– Республика бойынша мақта тек Оңтүстiк Қазақстанда өсiрiледi. Бiр миллионға жуық адам 350-400 мың тонна "ақ алтын" шикiзатын өндiредi. Сондықтан мақта шаруашылығын дамытуға Елбасы Н.Назарбаев баса көңiл бөлiп отыр. 2005 жылдан берi бұл салаға Үкiмет тарапынан қолдау көрсетiлiп келедi. Мәселен осы жылы мемлекет тарапынан мақта егiстiгiне 243 миллион теңге қарастырылса, ал былтыр 5 миллиард 403 миллион теңге мөлшерiнде қаржы бөлiндi. Мемлекеттiк қолдау 2005 жылмен салыстырғанда 66 пайызға жоғарылаған. Елiмiзде мақта-мата кластерi құрылып, оны дамыту шаралары қолға алынуда. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2005 жылы облыста өндiрiлген мақта шикiзатының 5 пайызы ғана терең өңделсе, бүгiнгi таңда оның көлемi 20 пайызға дейiн жетiп отыр. Бұл – жақсы көрсеткiш. 2010 жылы облыс бойынша 32,5 мың тонна мақта терең өңделдi. Екi-үш жылдың бедерiнде оны 90 мың тоннаға жеткiзу межеленген. Оңтүстiкте мақтаны терең өңдеу, одан жiп иiру, мата тоқу жұмыстары алға басып келедi. Бұл бағытта Шымкенттегi байырғы "Меланж" АҚ, "Ютекс", "South Textilene kz" кәсiпорындарымен қатар, "Оңтүстiк" арнайы экономикалық аймағында iске қосылған "Oxy Textile", "Ютекс – KZ" АҚ, "TurKaz Textile"ЖШС бiрiккен кәсiпорны, "Чалык" холдингi, "Хлопкопромцеллюлоза" ЖШС-терi қадамын нық басуда. Соңғы 2-3 жылда әрқайсысы жылына 15-23 мың тонна мақта талшығын терең өңдеушi фабрикалар iске қосылған соң, оның қуатын 100 мың тоннаға дейiн жеткiзуге болатынын мамандар әлден айтып отыр. Бұл дегенiмiз шикiзат өз жерiмiзде өңделiп, қосымша 1 миллиард доллардан астам өнiм шығарылады деген сөз.

"Қазақ мақтасы бәсекеге қабiлеттi ме?" деген сауалыңызға келсек. Жiп иiру мен мата тоқу үшiн шетелдерден қосымша "ақ алтын" сатып алады деген әңгiменi де құлақтарыңыз шалған шығар. Айтып отырғаным 3-шi типтi мақта. Немесе оны жiбек мақта деуге болады. Ал Оңтүстiк Қазақстан облысында тек 4-шi және 5-шi типтi мақта өндiрiледi. Сондықтан 3-шi типтi мақтаға мұқтажбыз. Жiңiшке талшықты мақтаны жiп иiруге, мата тоқуға аздап қосады. Мұндай мақта бiздiң өңiрде пiсiп үлгермейдi. Ол Түркiменстанда, Өзбекстанның Қашқадария, Сухандария облыстарында, Қарақалпақ автономиясында ғана өседi. Қазақстан мақтасының сапасы төмендеу деп айтушылар да кездеседi. Шынтуайтына келгенде, бұлай емес. Әлемде өндiрiлетiн мақтаның 65-68 пайызы осындай орта талшықты. Ал әлгiндей қоспасы болса, мақта бағасы қымбаттайды.

– Өзiңiз басқаратын институт мақта шаруашылығын одан әрi дамытуға қандай үлес қосып отыр?

– Өткен ғасырдың 50-жылдарына дейiн шиттi мақтаның отандық сорттары болмаған. Көршiлес Өзбекстан, Қырғызстан республикаларынан әкелiнiп, жерсiндiрiлген. Алайда олардың өнiмдiлiгi көңiлден шықты деп айта алмаймыз. Тегi белгiсiз, түсiмдiлiгi төмен сорттар пайдаланылған. Жоғарыда атап өткенiмдей, бұл салаға 2005 жылдан назар аударыла бастады. Мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты құрылып, қаржы бөлiнген соң, саланың көшi түзелдi деп айтуға болады. Институтта мақтаның 9 жаңа сорты бар. Оның алтауы авторлық куәлiгiн алды. Үшеуiне инновациялық патент берiлген. Облыс бойынша егiлетiн мақтаның 75-77 пайызы бiздiң осы отандық сорттарды пайдаланады. Қарастырылған қаржының тиiмдi жұмсалуына ұдайы баса көңiл бөлiнуде. Бұрын белгiсiз себептермен айналымнан шығып қалған суармалы алқаптарды қайта қосуда, пайдаланылмай жатқан танаптарды есепке алып, оны өндiрiске енгiзуде облыс әкiмi Асқар Мырзахметов екi жылдан берi табанды жұмыс атқарғанын айтып өтуге тиiспiн. Өткен 2 жыл iшiнде 86 мың гектар суармалы жер айналымға қайта қосылды. Қолға алған бастамалары да қуантады. Келешекте суармалы жер көлемiн 1 миллион гектарға жеткiзу жөнiнде сала еңбеккерлерi алдына меже қойып отыр. Бұл қолдан келедi деп ойлаймын.

– "Не ексең, соны орасың" деген ғой. Жақсы өнiм жинау үшiн сапалы тұқым сiңiру керектiгi дәлелдеудi қажет етпейтiн аксиома. Осы орайда мақта тұқымын дайындау iсi қалай жүруде?

– Былтыр күзгi жұмыстар жинақы жүргiзiлiп, ертерек бiткенiмен үстiмiздегi жылы көктем едәуiр кешеуiлдедi. Жер асты суы да көтерiлiп, танаптар мақта шитiн себуге келмей диқандардың ептеп қиналғаны рас. Бiрақ тұқым жеткiлiктi дайындалды. Облыс бойынша 4500 тонна шиттi мақта тұқымы әзiрленген-дi. Бұрынғыдай шиттi мақта iздеп, сабылған жоқ. Өйткенi 25 тұқым шаруашылығы жұмыс iстеп жатыр. Алайда мақта сорттарының бәрi талапқа сай келедi деп айта алмаймын. Өкiнiшке қарай, кейбiр мақта зауыттарында тұқым дайындалмайды. Жекелеген құрылымдар қолға түскен тұқымды қанағат тұтады. Оны арнайы тұқым шаруашылықтарынан алмайды. Осыдан кейiн "ақ алтынның" түсiмдiлiгi туралы не айтуға болады?

– Элиталы тұқым өндiру сiздердiң мiндеттерiңiзге кiрмей ме? Тұқымның сапасына кiм жауап бередi?

– Бiздiң институт бұрын 53 гектар алқапта шиттi мақта өсiретiн. Қазiр оны 63 гектарға ұлғайттық. Жыл сайын 30 тонна элиталық, 12-13 тоннадай түпнұсқалық (оригинальный) шит әзiрленедi. Шамамен 40-45 тонна тұқым дайындаймыз. Оның гектар түсiмдiлiгi 32-33 центнерден айналады. Осы тұқымдық материалдарды өздерiнде өсiрiп, көбейту үшiн тұқым шаруашылықтарына беремiз. Мәселен бiзде дайындалған шиттi мақта тұқымын Түркiстан, Шардара және мақта өсiрумен айналысатын өзге де аудандардың шаруашылықтары алып кеттi. Мақтааралдықтар да қарап отырған жоқ. Олар элиталы сорттардан бiрiншi сортты шит шығарады. Жалпы, тұқым шаруашылықтары мұндай тұқымды көбейтiп барып, оны жеке қожалықтарға сатуы тиiс. Сонда тұқым сапасы анағұрлым артар едi. Алайда бұл тұрақты бақылауда деп айта алмаймын. Бұл жұмыстар – облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының, облыстық аумақтық инспекцияның, олардың аудандардағы мақта саласына тiкелей жауапты мамандарының мiндетi. Солардың тiзбегiне қарап, қадағалап отыруы тиiс. Мысалы бiр өндiрiстiк кооператив бiздiң институттан 10 тоннадай шит алды делiк. Оны тауарлы шит өсiретiн шаруаларға емес, тұқым шаруашылықтарына өткiзуi керек. Көп ретте бұлай бола бермейдi. Сосын сапалы тұқым көбеймей жатыр. Бiз осы маңызды буынды бақылаудан шығарып алған секiлдiмiз.

– Мақтаарал ауданынан 4 маман тәжiрибе алмасу үшiн Америкаға барып қайтты. Алып мұхиттың арғы жағындағы елдiң технологиясымен сынақ ретiнде Мырзашөл өңiрiнде бiраз танапқа шит сеуiптi. Әрине, оның нәтижесi туралы айтуға ерте шығар. Дегенмен осы саланың бiлгiр маманы әрi ғалым ретiнде сiздiң пiкiрiңiзге ден қойсақ.

– Мен айтар едiм, бұл – жақсы бастама. Мақта iсiне байланысты кезiнде 17 елге сапар шеккенмiн. Соның iшiнде Америкада 3 рет болдым. Мұнан өзге Бразилия, Оңтүстiк Африка, Индияға, Қытай, Пәкiстанға 2 мәртеден сапарлап бардым. Жаңа технологияны ендiру үшiн оған өзiмiз бейiмделiп алуымыз керек. Ол жақта мақта қандай жағдайда егiлiп жатыр? Топырағы қандай? Жерасты суының тереңдiгi неше метр? Тұздылығы қай дәрежеде? Осының бәрi жете ескерiлуi тиiс. Бiр ұяға 4 тұқым тасталады дейдi. Тұқым сапалы ма? Ол 95-96 пайыз көктеп шығуы тиiс. Бұл талап сақтала ма, жоқ па? Бiздiң институт та тәжiрибе жасап жатыр. Оны уақыт көрсетедi. Ауыл шаруашылығындағы жаңа технология ғылыми негiзде ұйымдастырылмаса, жақсы нәтиже көрсетуi екiталай. Ал өнеркәсiптiк негiздегi технология болса, бiрсәрi. Мысалы тоңазытқыш шығаратын технологияны әкелiп, оны өндiрiске толық қосуға болады. Ал мақтаның жайы бөлек. Американың топырағы басқа, бiздiкi өзгеше. Жер жағдайына қарап бiз 4 шиттiң орнына 5 шит себуiмiз керек шығар. Мақтаарал ауданының әкiмi Серiк Тұрбековке рахмет, жаңалықты жатсынбай қолдап, әр ауылдық әкiмдiктерде шаруа қожалықтар жетекшiлерiнiң басын қосып, халық арасында түсiнiк жұмыстарын жүргiздi.

– "Ақ алтыннан" берекелi өнiм жинау үшiн жердi сапалы жыртып, оны егiп, күтiм жасаудың агротехникасын айтпағанның өзiнде, бiрнеше маңызды факторларға байланысты екенi аян. Күтiм жасаудың да құпиясы жеткiлiктi. Былтыр облыс бойынша әр гектардан 17 центнерден жиналса, Мақтаарал ауданында түсiмдiлiк 16,9 центнерден келдi. Жағдайды түзету үшiн ғалымдар шаруаларға не ұсына алады?

– Жаңалық ретiнде бiз ауыспалы егiстiң бiрнеше тiзбегiн ұсындық. Жекешелендiру кезiнде шаруалардың бiразы 1-5 гектар аралығында суармалы жерге ие болса, 1 гектардан 100 гектарға дейiн мақта егетiн шаруа қожалықтары бар. Сонымен қатар, iрiленiп, 500-1000 гектар танапты күтiп-баптайтын агроқұрылымдар да кездеседi. Бiз шағын шаруа қожалықтарына 3-4 – 1-2 тiзбегiн ұсынамыз. Бұл дегенiмiз, 3 жыл жоңышқа, 4 жыл мақта, 1 жыл бақша немесе бидай, 2 жыл қайта мақта егуi тиiс.

Бұдан басқа 109-115 күнде пiсiп жетiлетiн шиттi мақта сорттарын да шығарып жатырмыз. Бұл – бiздiң аймаққа қолайлы сорт. Оның үстiне басқа сорттарға қарағанда, 35 пайызға дейiн суды кем талап етедi. Тамырын тереңге жiберiп, содан қорек жинауға мүмкiндiгi бар. Мақтаның басқа сорттары сусыз жағдайда жапырағы лезде қурап қалады. Мәселен "Мақтаарал-3044, 3031, 4055, 4007" және "Береке-07", "Мырзашөл-80" сорттары. Соңғысы ауданның құрылғанына 80 жыл толуына орай шығарылған. Мұны инновациялық сорттар деймiз. Ылғалды үнемдейтiн мақта шитiнiң сортын шаруалар ықыласпен сатып алуда. Егер жоғары нәтижеге қол жеткiзiп жатса, америкалық технологияны неге қолданбасқа?!

– Дүние жүзi бойынша мақта егумен шұғылданатын 70 елдiң арасында жоғары көрсеткiшке жетiп жатқандары қайсы? Олардан ненi үйренуге тиiспiз.

– Израильдi атауға болады. Олар әр гектардан 60 центнерге дейiн "ақ алтын" жинайды. Содан кейiн Бразилия мұндай табысқа тамшылатып суару арқылы жетiп отыр. Бүкiл әлем бойынша 34 миллион гектарға дейiн мақта дақылы егiлiп келген-дi. Таза талшықтың бағасы күрт құлдыраған жылдары 32,5-33 миллион гектарға дейiн азайып кеттi. Соның 40 пайыздайы жаңбырмен суарылады. Бiздегi тәлiмi жерде өскен бидай секiлдi. Дүниежүзiнде 60 пайызы биотехнологиялық мақта егедi.

Тағы бiр айырмашылығы, шетелдердегi шаруа қожалықтарында танаптардың көлемi 5 мыңнан 20 мың гектарға дейiн жетедi. Одақ кезiнде бiздегi алқаптар 250-300 гектарды құрайтын. Мұндай аумақтарда ауыспалы егiстi сақтау оңай әрi жеңiл. Америкада өсiп тұрған арамшөптiң iшiне мақта еге бередi. Өйткенi олардың мақтасы генетикалық жағынан жетiлдiрiлген. Плантацияға улы химикат шашқан кезде мақта дақылы аман қалып, арамшөбi ғана өледi. Мемлекетiмiз осындай биотехнологиялық мақта шығару, жалпы өсiмдiктердiң генiн өзгерту туралы дүниежүзiлiк қауымға кiрдi. Ол Колумбиядағы Кортапено деген жерде орналасқан. Қазақстан осы қауымдастықтың толық мүшесi. Егер мемлекетiмiз гендiк модификациялауды қолға алса, көптеген артық шығындарды қысқартып қана қоймай, иммунитетiн арттыруға да жағдай жасар едi. Сонда кез-келген ауру мен ылаңға бой алдырмайды. Былайша айтқанда, шиттiң генiн ауыстырып, iшiне көсек құртына қарсы химикат салып қояды. Соның нәтижесiнде бiрiншiден, арамшөптi бiрнеше рет шабықтан өткiзу машақатынан құтқарса, екiншiден, зиянкестерге төзiмдiлiк танытады. Мәселен көбелек ұшып келiп, көсекке личинкасын тастап кетсе де личинканың iшi ауырып өле бередi. Әрине, мұның бәрi қымбат тұрады. Қазiр Бiлiм және ғылым министрлiгiне қарайтын Алматыдағы биотехнология Институты биотехнологиялық мақта шығаруды жоспарлауда.

Бiздiң бiрiншi кезектегi мақсатымыз– үшiншi типтi мақта шығару. Оның сапасы да жоғары болуы тиiс. Бұл жұмыспен айналысып жатқанымызға 7 жыл болды. Сәтiн салса, екi жылда Түркiменстандағы сияқты жiбек мақтаның бiр сортын шығаруға болады. Ол 2012-2014 жылдарға арналған жоспарға енедi. Орта талшықты мақтадан қандай тауарлар шығарылады? Дәке, сүлгi, халат, мәйкi, басқа да iшкиiмдер, жастықтың тысы, жаймалар, т.б. Ал жiбек мақта қосылса, одан түрлi сапалы көйлектер тiгiледi. Ол адам денесiне жағымды әрi қонымды болуы тиiс. Сол себептi жiбек мақта қымбат бағаланады. Орта талшықты мақтаға қарағанда құны 2 есе жоғары. Атап айтқанда, бiр тонна орта талшықты мақта 4825 АҚШ долларына тең болса, жiбек мақтасы 7-8 мың доллар шамасында. Әлемде 25-30 пайыз ғана жiбек мақта өндiрiледi. Әсiресе, Египетте көп өсiредi. Бұдан 4-5 жыл бұрын Нұрсұлтан Назарбаев мақта саласы бойынша қарым– қатынасты дамыту жөнiнде уағдаластыққа қол жеткiзген едi. Содан кейiн Оңтүстiк Африкада сол институттың директорымен жолығып, бiз олардан мақтаның түрлi сорттарын алдық. Сәлемдемемен жiбердi. институтта шағылыстыру жұмыстарын жүргiзiп, ауыстырып жатырмыз. Нәтижесiн көретiн күн де алыс емес.

– Мақта бағасы бұрын күрт құлдырап кетiп едi. Былтыр тағы аспандап шыға келдi. Бұл нелiктен деп ойлайсыз?

– Әлемдiк қаржы дағдарысына байланысты көптеген елдерде мата тоқитын фабрикалардың 90 пайыздан астамы тоқтады. Жеңiл өнеркәсiптiң ошағы Азия құрлығы болып тұр. Қытай, Индия, Пәкiстан, Түркия мемлекеттерiнде жақсы дамуда. Еуропада жалақы тым жоғары. Ал аталған мемлекеттерде қол күшi арзан. Сондықтан бәсекелестiкке төтеп бере алмауда. Америка джинсы матасын тоқудан ешқандай мемлекеттi алдына салып көрмеген едi. Қазiр олар мақтаның 60 пайызына дейiн шикiзат күйiнде Қытайға сатып жатыр. Өйткенi киiмнiң өзiндiк құны қымбат. Қымбат болған соң тауардың өтуi де нашар.

Шымкенттегi арнайы экономикалық аймақтағы өндiрiс орнының келешегiнен көп үмiт күтуге болады. Сонда мақтаны шикiзат күйiнде емес, жартылай фабрикат немесе дайын тауар түрiнде сатқан әлдеқайда тиiмдi. 2-3 жылда мақтаны тереңдетiп өңдеудi 87-90 мың тоннаға жеткiзуге болады. Қазiр Беларусь, Ресей, Қытай, Оңтүстiк Корея мемлекеттерi шикiзатқа зәру.

– Көп нәрсенi көршiлердiң экономикасымен салыстыру үрдiске айналды. Қазiр Өзбекстанның мақта шаруашылығы қай деңгейде?

– Өзбекстан мақта көлемi бойынша дүние жүзiнде 6-орынды алады. Егер Қазақстанның негiзгi өсiретiн әрi экспорттайтын дақылы бидай болса, мақта – өзбектердiң брендi. Ал астық өсiру екiншi кезекте. Дей тұрғанмен суармалы жерде өсiрiлген бидайдан тартылған ұннан пiсiрiлген нан бiздiң нанға жетпейдi. Көршi мемлекеттiң институтындағы мақтаның орташа түсiмi 20-21 центнер аралығында. Әрине, әрiптес болған соң, жаңа технологиялар мен сорттар туралы тәжiрибе алмасып, пiкiр бөлiсемiз. Халықаралық конференцияларға да қатысамыз. Ертең мақта зиянкестерiне қарсы күрестiң тиiмдi жолдарын талқылайтын басқосуға барып қайтамыз. Көптеген елдерден ғалымдар келедi. Әзiрге Өзбекстанда бiзден басым түсетiн артықшылықтарды байқай алмай жүрмiн. Жалпы, мақта шаруашылығын қаржылық жағынан үнемi қолдайтын мемлекеттердiң шаруасы алға басуда. Әлемде мұндай 9 мемлекет бар екен. Олар АҚШ, Қытай, Түркия, Мексика, Греция және басқалары. Арасында бiздiң мемлекет те бар.

– Әңгiмеңiзге рахмет!

Сұхбаттасқан Сабыр МӘТҚАЛИҰЛЫ
25.08.2011

Серіктес жаңалықтары