Телеарнадан көретiн дүние таппаймын

Телеарнадан көретiн дүние таппаймын

Телеарнадан көретiн  дүние  таппаймын
ашық дереккөзі
223

Күллi мұсылман жамағаты Алла Тағаланың ризашылығы үшiн құлшылық етуде. Отыз күн ораза ұстаған жан мейлiнше жаман әдеттен аулақ болып, дiни сауатын молайта түсуге тырысады. Алайда отандық телеарналар елiмiздегi 70 пайыздан асатын мұсылмандардың сұранысын қанағаттандырып отыр ма?

Өзiм Рамазан айын асыға күтемiн. Бұл айда «тозақ есiктерi жабылып, шайтандарға кiсен салынады» дейдi. Рамазан — адалдық пен ықылас айы. Өйткенi шын жүрегiнен иман келтiрген адам оразасын Жаратушысына арнайды. Адамның иман келтiрудегi адалдығы нәпсiқұмарлық пен бос әуестенушiлiк кеселiне ем болса, амалдағы адалдық екiжүздiлiктi жояды.

Кешқұрым аузымды ашып, әлденiп алған соң, теледидар көргiм келедi. Рамазан айының барлық мұсылмандарға парыз болуының мәнiсi туралы, елiмiздегi дiни ахуалдың жай-жапсары жайында танымдық-рухани дүниелерге шөлiркеп жүрем. Бiр өкiнiштiсi, отандық телеарналардан осындай тақырыптағы бағдарламаларды май шаммен iздеп таба алмайсың. Қай арнаны қоссаң да, жартылай жалаңаш қыздармен арбайтын бейнеклиптер, фильмдер, шоу хабарлар. Одан қала бердi соңғы 5-6 жылда телеарналарды жаулап алған түрiк пен ресейлiк телесериалдар да шаршатты. Дайын өнiмдi сатып алып, көрерменге ұсыну – нағыз көзалдау емес пе?! «Қуырдақтың көкесiн түйе сойғанда көресiң» демекшi, жақында бiр телеарнадан жантүршiгерлiк жаңалық естiдiм. Алматыдағы Сәтпаев пен Әуезов көшелерiнiң қиылысында орналасқан бизнес-клубтың iшiнен тәнiн саудалап жүрген 36 жеңiл жүрiстi қыздар тұзаққа түсiптi. Сорақысы, оның көбi қазақтың қаракөз қыздары екен. Бұл не деген сұмдық?! Мiне, Рамазан айында өзiн жөнге салудың орнына, арсыз әрекеттерге барып жүрген қазақ қыздарына, оны айқайлатып хабардар еткен телеарнаға қатты қарным ашты. Iштей «Ойпырмай, не боп барамыз өзi?!» деген сұрақты қайталап қоя бердiм өзiме.

Бiлуiмше, телеарна басшыларының көбi – иманжүздi қазақтың ұл-қыздары. Неге олар Ораза айында исi мұсылманның жанына жақын, сұранысына сай дүниелердi бермейдi? Тiптi бұл – өмiрге қадам басып келе жатқан жастар мен жасөспiрiмдердiң тәрбиесiне де оң ықпалын тигiзер едi ғой. Телеарна да бiр тәрбие құралы. Ол арқылы кейiнгi кезде адасып, жат пиғылды дiни ағымдардың құрсауында кеткен талай жастарға дұрыс жолды сiлтеуге де болады. Телеарна хабары арқылы баланың дiни сауатын да ашуға мүмкiндiк мол. Алайда отандық телеарналардың бұл үдеден шыға алмай жүргендiгi өкiнiштi.

Тоқтала кететiн тағы бiр мәселе – азық-түлiк бағасының күннен-күнге шарықтап кетуi. Елiмiздiң бас мүфтиi Әбсаттар қажы Дербiсәлi Ораза айы қарсаңында сауда орындарында алкогольдiк iшiмдiктер сатпай, азық-түлiк бағасын 10 пайызға арзандатуға шақырған болатын. Рамазан айында сауда орындарында азық-түлiк бағасының тым қымбаттап кететiнiн алға тартқан бас мүфти: «Әрине, бұл халықтың орынды наразылығын туғызады» деп құлаққағыс ретiнде айтса да, оны елең қылып жатқан сауда орындары да, кәсiпкерлер де жоқтың қасы. «Мүбәрак айда кәсiпкер мұсылман бауырларымды Жасаған иемiздiң мейiрiмiн тiлеп, азық-түлiктiң, қонақүйлер мен қоғамдық қызметтердiң бағасын 10 пайызға жеңiлдетуге шақырамын. Қоғамдық көлiктерде жүру ақысы, коммуналдық төлемақылар және телекоммуникациялық байланыс тарифтерi де осылай төмендетiлсе» деп үндеу жасаған Әбсаттар қажы Дербiсәлiнiң сөзi желге ұшқанмен бiрдей сияқты. Тым болмаса, бас мүфтидiң сөзiн iлiп әкеткен басшыларды да көрмедiк. Керiсiнше, саудагерлер Оразаны пайдаланып, азық-түлiк пен киiм-кешектi екi есе бағаға сатуда. Онысына қынжылып тұрған олар да жоқ.

Тоғжан ТӨЛЕГЕН
18 тамыз 2011 жыл

Серіктес жаңалықтары