БАҚҰЛ БОЛ, ҚАЙРАН АКТЕР
БАҚҰЛ БОЛ, ҚАЙРАН АКТЕР
Барлық ғұмырын қазақтың театр және кино өнерiне сарп еткен Қазақстанның Халық әртiсi Қасым Әбекұлы Жәкiбаев 82 жасына қараған шағында дүниеден озды.
Жәкiбаев Қасым Әбекұлы – ҚР Халық әртiсi, «Парасат» орденiнiң иегерi.
Жәкiбаев Қасым Әбекұлы (12. 12. 1929 ж. Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарғалы ауылында дүниеге келген) – актер, Қазақстанның Халық әртiсi (1996; 1966 жылдан Қазақстанның еңбек сiңiрген әртiсi). 1944-48 ж. Алматы көркемсурет училищесiн тәмәмдаған. 1948-1984 жылдар аралығында Қазақ балалар мен жасөспiрiмдер театрында, 1984-1994 ж. «Қазақфильм» киностудиясында актер болып қызмет iстедi. 1994 жылдан берi Қазақ балалар мен жасөспiрiмдер театрында актерлiк қызметiн жалғастырды. Осы театрда алғашқы ойнаған рөлi А.Толстойдың «Алтын кiлт» ертегiсiндегi мысық Базилио рөлi болатын. (1948 ж.) Актерлiк шеберлiгi өнерсүйер қауымның жүрегiне жол тапты. Отандық, шетелдiк қойылымдар қатарында ол сомдаған рөлдер М.Ақынжановтың «Алтын сақасында» Сарман, «Есiрткен еркеде» Марат, «Ыбырай Алтынсаринде» Жақай, У.Шекспирдiң «Гамлетiнде» Полоний, Ф.Шиллердiң «Зұлымдық пен махаббатында» Вурле, С.Мұқановтың «Мөлдiр махаббатында» Қайрақбай, С.Бодықовтың «Отырар ертең қирайды» Бүкiр, Ғ.Мүсiрепов пен Қ.Ысқақтың «Ұлпан Есенейiнде» Тоқай, Ш.Айтматов пен М.Шахановтың «Миғұла терiсi үстiндегi сотында» Шыңғыс хан, Б.Жәкиевтiң «Әке тағдырында» Жеңiсбек, Ә.Тәжiбаевтың «Жомарттың кiлемiнде» Сайтан, Островскийдiң «Жылы орынында» Юсиф, Қ.Мұхамеджановтың «Қуырдақ ертең дайын» Ережеп т.б. 200-ге жуық әртүрлi рөлдерде ойнаған. Қ.Жәкiбаев, сонымен қатар, кино саласына да елеулi үлес қосқан танымал актер. «Дерсу Узала», «Жансебiл», «Қан мен тер», «Үшеу», «Дәнекер», «Сұрапыл сұржекей», «Шоқ пен Шер», «Отырар», «Махаббат станциясы», «Тоғысқан тағдырлар» фильмдерiндегi рөлдерi кино өнерiнiң тарихында қалды.
Қасым Жәкiбаев… Оның актерлiк болмысы қазақ сахнасында бұрын-соңды болып көрмеген өзгеше бiр құбылыс екендiгi бұл өнердiң тылсым сырын жан-жақты терең зерделеп, салиқалы, дәйектi, тоқтамды оймен толғайтын аса бiлiктi театр мамандарының өзiн әрқилы толғанысқа салумен келедi.
Қай кезде, қандай сәтте, қандай жағдайда көрсең де Қасым ағамыз «Мен бiр жұмбақ адаммын, оны да ойла!» деп, Абайдың ойлы сөзiн айтып, өзiңе сынай қарап, сиқырлы сезiммен буып, ар жақ-бер жағыңнан өткен қысық көзi жасаурай жыпылықтап, «ойнап» тұрады. Дәл осы көзқарасы атақ пен даңққа күпiнiп, өзiн-өзi… тiптi, өз кейiпкерiн ұмытқандай боп, дүйiм жұрттың төбесiнде бұлғақтап жүрген кейбiр мейманасы асқан, өзiмшiл де тәкаппар актерлердiң сұсын басады. Жай ғана езу тартып тұрып, тәубасына келтiретiн едi ардақты ағамыз.