ҰЛТТЫҢ ҰЯТЫ

ҰЛТТЫҢ ҰЯТЫ

ҰЛТТЫҢ ҰЯТЫ
ашық дереккөзі
293

Ақиық ақын Қасым Аманжолов өз тағдырына налыған бiр сәттерiнде "Өзге емес, өзiм айтам өз жайымды" деп, бекер күйiнбеген болар. От жүректi дауылпаз шайыр өз өкiнiшiн сездiру арқылы қоғамдағы келеңсiздiктердi астарлап бiлдiредi. Ұлтымыздың ұяты мен арына байланысты опындырар олқылықтар бүгiнгi өмiрде де аз емес. Төмендегi баяндалар жағдай көңiлдегi сол қаяулықпен үндеседi.

Кезектi аялдамаға тоқтаған автобусқа кiрерде алды егде тартқан жолаушы кондуктор әйелден:

– Қарағым, көлiгiң "Ескi қалаға" бара ма? – деп сұрады.

– Ол қандай жақ тағы? Жоқ. Бармайды, – дедi жолақы жинаушы.

Жүруге ендi қозғала берген автобус есiгi сарт жабылды да, iле қайта ашылды. Iштен басын шығарған кондуктор:

– Барады екенбiз, ағасы. Отырыңыз, – деп шақырды әлгi кiсiнi.

– "Старый город" демейсiз бе… Қайдағы "Ескi қаланы" кiм ұғады? – деп салонға енiп жайғаса берген қартаң жолаушыға жүргiзушi жiгiт дүйiм жұрттың көзiнше дүрсе қоя берсiн.

– Ау, шырағым, аялдаманың қазақша "Ескi қала" деп аталатынын бiлмейсiң бе? Маған несiне дауыс көтересiң. Неге қазақша атауын айтпайсыңдар осы, түге. Кондукторың да, өзiң де қазақсың, – деп жолаушы ренiш бiлдiрiп едi, жүргiзушi де қайтар емес.

– Жұрттың бәрi "Старый городқа" үйренiп кеткен. "Ескi қала" десеңiз, ешкiм түсiнбейдi. Адамның басын қатырып не қыласыз? – деп өзiнiкiн жөн санап, дауласуын тоқтатпады.

– Жә, қойдым, айналайын. Сенiкi дұрыс, – деп жасы үлкен кiсi "осымен сөз тәмамды" бiлдiрдi.

Келесi аялдамаларда да кондуктор есiктен басын қылтитып:

– "Площадь Ордабасы", "Старый автовокзал", "Крытый рынок", "Бекжан базар, прямо", – деп шұбырта жөнелдi.

Көңiлге қаяу түсiрген осы көрiнiске куә болып отырып, санадағы түйткiл ойлардың орамы ағытылды. Қалада қоғамдық автокөлiк қызметiн жиi пайдалануға тура келедi. Жолаушылар автобустарының көбiсiнде баратын бағытын, жүрiп өтетiн аялдамаларын орысша айтады. Қазақшалағанның өзiнде "Келесi аялдама… "Тәшенова", "Байтұрсынова", "Жангелдина", "Қонаева" деп тағы басқа тоқтайтын көшелерiнiң аттарын атағанда жалғауын "женский родқа" салып сарнайды. Жолақы алып, аялдама хабарлайтын адамның аузынан осы уақытқа дейiн "…даңғылы" дегендi естiмесем, менi ешкiм жазғыра қоймас. Бiлуiмiзше, жолаушылар тасымалдайтын автобустардың бағыттарын жекешелендiрiп алған фирмалардың, компаниялардың, ЖШС-тердiң басшылары түгелдей жергiлiктi ұлт өкiлдерi екен. Қоғам алдындағы жауапкершiлiк жүгiн көбiрек арқалауға тиiстi сол лауазым иелерi қарамағындағы жүргiзушiлер мен кондукторларға аялдамаларды қазақша жариялап тұруды талап етiп отырса қайтедi? Халыққа көрсетiлер қызметте мемлекеттiк тiлдiң мiндеттiлiгiн сақтауды қадағалаудан мәртебесi биiктей түспес пе?!Айта берсе, қолында билiгi бар қазақ шенеунiктерiнiң, тiптi ұлтымыздың өз өкiлдерiнiң тiлiмiзге деген көзқарасында, әрекетiнде бiздi қынжылтатын жәйттар жетiп артылады. Кiл қазақтар отырып, орысша сөйлескендердi де, отбасында ресми тiлде шүйiркелесiп, шүлдiрлейтiн қазақтарды да, жергiлiктi тiлде сұрасаң, орысша жауап қайтаратын қандастарымызды да, қыл аяғы сөз қатқан баласына орыс тiлiнде сөйлеген қазақты да, жалпы, талай өз тiлiне мұрнын шүйiрiп қарайтындарды да көргенiмiздi несiне жасырамыз. Түрi өзiмiз, тiрлiгi орысша шалақазақ болса бiр сәрi-ау. Жоғарыда байқап жүргендерiмiздiң бәрi де қазақылықтың қаймағы бұзылмаған аймақпыз деп мақтанатын өзiмiздiң оңтүстiкте де жиi кездесетiнiне қалай қамықпассың.

Қазақ тiлiнiң өмiршеңдiгiн қалыптастыру ең алдымен қазақтардың өздерiне тiкелей байланысты. Мұны ұдайы қаперде ұстауымыз қажет. "Қазақ қазақпен қазақша сөйлессiн" деп күллi қазаққа қарата тәуелсiздiк алған алғашқы жылдарымыздың өзiнде-ақ айтқан жоқ па едi?! Ендiгiмiз не? Махамбеттiң, Абайдың, Бауыржанның ұрпақтары бiр-бiрiмен ата-баба дiлiнде дәрмен танытып жатса, ана тiлiнде сөйлесiп жүрсе қолдарын қағып, ауыздарына тыйым салған кiм бар?! Тек өз тiлдерiнде үлкен мiнберлерден сөйлейтiн, тек өз тiлдерiнде телеарналары сайрайтын, өз тiлдерiнде көшелерiндегi жарнамалары жамырайтын, барлық қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттiк мекемелерiнде де өз тiлдерiнiң қасиеттi де киелi үнi үнемi естiлiп тұратын түркi тектес алты алаш ағайындарымыз, мынау көршiлерiмiз – өзбектерден, түрiкпендерден, әзiрбайжандардан, тiптi кешегi одақтас, қазiргi ТМД елдерiнiң халықтарынан неге үлгi алмаймыз осы?

Бұдан 19 жыл бұрын, яғни елiмiз егемендiгiн жариялаған 1991 жылы Қазақстанда қазақтардың үлесi 42 пайыз болды. Санымыз өстi, қазiр 63 пайыз. Жылдан-жылға көбейiп келемiз. Мемлекет құраушы ұлт бола, елiмiз халқының негiзгi бөлiгiн құрай отырып, неге мемлекеттiк тiлде алдымен өзiмiз сөйлеспеймiз?

Иә, бәрi де өзiмiзге байланысты. Туған тiл тағдырына бiрiншi өзiмiз жанашыр болуға тиiстiмiз. Бұл үшiн қазақтар бiр-бiрiмен ардағымыз – ана тiлiнде сөйлесуге дағдылануы керек. Бұл – әрi-берiден соң әрбiр қазаққа асыл парыз, абыройлы мiндет. Тәуелсiз елiмiздiң тұңғыш Президентi Н.Назарбаев ел басқарған сәтiнен бастап жүргiзген саясатының басты бағыттарының бiрi ретiнде туған тiлiмiздiң тағдырын назардан тыс қалдырмай келедi. "Қазақстанның болашағы – қазақ тiлiнде" екенiн халыққа жеткiзе отырып, мемлекеттiк тiлдi өркендетудi ел дамуының ең маңызды бағыттарының бiрiне айналдыра бiлдi. Мемлекеттiк тiлге ден қоятын уақыттың жеткенiн де қадап айтты. Қазақстан халқы Ассамблеясының соңғы съезiнде Елбасымыз: "Отандастарыммен бiр тiлде, мемлекеттiк тiлде сөйлесуге жету – мен үшiн бақыт" дегенi де күнi кеше ғана емес пе?! Демек мемлекеттiк тiлдi баршамызға ортақ етуге ең алдымен, өзiмiз шындап, аса жанашырлықпен бел шеше кiрiсуiмiз қажет. Бұл – тегiн, ұлтын қадiрлеген әрбiр қазаққа қастерлi борыш. Ана тiлiмiз қоғамда, күнделiктi өмiрде өз дәрежесiнде қолданылуы үшiн қазаққа осы парыз бен талапты орындаудан артық ештеңе де керегi жоқ.

Өз ұлтымызды сүйсек, шын қазақ болсақ, туған тiлiмiздiң баршамызға, Отанымызға жүрек үнi болып жетуiне әрқайсымыз шынайы үлес қосқанда ғана жеңiске жетпекпiз. Тiлiмiздiң тағдыры толғантатын әрбiр азамат табандылықпен күресе алғанда ғана оның келешегi баянды болмақ. Шынайы суреткер, сөз зергерi, қазақ тiлiнiң ахуалына алаңдаумен өткен Ғабит Мүсiрепов: "Ана тiлiмiз дегенiмiз – сол тiлдi жасаған, жасап келе жатқан халықтың баяғысын да, бүгiнгiсiн де, болашағын да танытатын, сол халықтың мәңгiлiк мәселесi. Ана тiлiн тек өгей ұлдары ғана менсiнбейдi, өгей ұлдары ғана оны аяққа басады" демеп пе едi. Кесiп, қиып, дәл айтылған, бүгiнде де мысқалдай да құны түспеген, тiлiмiз жөнiндегi қимыл-әрекетiмiзге бағдаршам боларлық өте-мөте керек құдiреттi сөз. Сайып келгенде, ана тiлiмiздiң өркендеуi, тiлiмiз жоғалып, ұлтымыз құрымауы әрқайсымыздың, өзiмiздiң қолымызда тұр. Әзiрге жалғыз жол осы.

Жеңiс БАҺАДҮР

11 тамыз, 2011

Серіктес жаңалықтары