ТҮРКИЯДАН 15 ОҚУШЫ «БАЛДӘУРЕНГЕ» АТТАНДЫ
ТҮРКИЯДАН 15 ОҚУШЫ «БАЛДӘУРЕНГЕ» АТТАНДЫ
8 тамыз күнi Қазақстанның Анкарадағы елшiлiгiнiң ұйымдастыруымен Ыстамбұлдан 15 қазақ мектеп оқушысы Астана қаласына аттанды. Олар бiр күн Астананы қыдырғаннан кейiн, Бурабайдағы «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығында әрi демалады, әрi қазақша тiл үйренiп, ұлттық мәдени құндылықтар туралы сабақтарға қатысады.
Өткен жыл Ыстамбұлдағы қазақтар көптеп шоғырланған Зейтiнбұрын ауданында орналасқан Абай атындағы мектептi аралаған Қазақстанның Түркиядағы елшiсi Жансейiт Түймебаев қазақ оқушыларын атамекенге қыдыртуға уәде берген-дi.
Қазақстанға баратын оқушылардың 10-ы Абай атындағы мектеп, қалған бес бала осы аудандағы Ғазипаша және Әбдiлхақ Хамит атындағы мектептердiң үздiк оқушылары арасынан таңдалды. Сонымен қатар 15 балаға екi қазақ мұғалiм басшылық жасауда. Оның бiрi Абай атындағы мектептiң мұғалiмi Айсел Таңдоған, екiншiсi Әбдiлхақ Хамит атындағы мектептiң мұғалiмi және белгiлi Шоқайтанушы ғалым Әбдiуақап Қараның зайыбы Тайра Қара.
Кеше Ыстамбұл әуежайында балаларын шығарып салуға келген ата-аналар Қазақстан елшiсi Жансейiт Түймебаевқа алғыстарын айтты. Олар: “Мың естiгеннен, бiр көрген” дейдi. Бiз қанша балаларымызға қазақпыз, атамекенiмiз – Қазақстан десек те, көзiмен көрiп, өздерi қыдырып қайтқанға не жетсiн! Бiздiң бүкiл арманымыз – балалар ата тегiн, ана тiлiн, ата салт-дәстүрiн, атамекенiн бiлiп жүруi. Мiне, осы сапар 13-15 жас аралығындағы балаларымызға үлкен ой салады деген үмiттемiз. «Бала жастан» дейдi ғой. Елшi Жансейiт Түймебаев осындай игi iс-шарамен бiзге үлкен жақсылық жасап отыр. Осы қасиеттi ораза күндерiнде Алла тағала тiлеген тiлегiне жеткiзсiн«, – деп алғыстарын айтты.
Балаларды шығарып салуға әуежайға келген ғалым Әбдiуақап Қара Қазақстан Анкара елшiсi Жансейiт Түймебаевтың Қазақстанның 20 жылдығында өте игiлiктi iске мұрындық болып отырғанын атап өттi. Ғалымның айтуынша, «Балдәуренге» бiраз жылдан берi Түркиядан, Еуропадан балалар шақырылып келедi. Бiрақ көптеген ата-ана Қазақстанға дейiн жолақысынан қиналғандықтан балаларын жiбере алмаған едi. Ендi бұл жолы жолақысы да елшiлiк арқылы қамтамасыз етiлiп отырғандықтан, 15 бала «Балдәуренге» баруға мүмкiншiлiк тапты. Бұл да болса – тәуелсiздiктiң арқасы. Бұл сапар балалардың атамекендерiмен танысуына мүмкiндiк бередi. Патриоттық сезiмiн оятады. Бала кездегi көрген бiлгендер өмiр бойы ұмытылмайтындықтан, бұл сапар олардың санасында терең iз қалдырады. Шетел балаларын атамекенмен қауыштырған бұл сапар үрдiске айналса екен!
Түркиялық оқушы балалардың 25 тамыз күнi Астана арқылы Ыстамбұлға қайтатыны хабарланды.