Бәсекелестiктi қорғау агенттiгi: ӨТКЕННЕН САБАҚ АЛМАҒАНДАРҒА ҚАТАҢ ШАРА ҚОЛДАНАМЫЗ

Бәсекелестiктi қорғау агенттiгi: ӨТКЕННЕН САБАҚ АЛМАҒАНДАРҒА ҚАТАҢ ШАРА ҚОЛДАНАМЫЗ

Бәсекелестiктi қорғау агенттiгi: ӨТКЕННЕН САБАҚ АЛМАҒАНДАРҒА ҚАТАҢ ШАРА ҚОЛДАНАМЫЗ
ашық дереккөзі
231

Елiмiзде жанармай бағасының өсiп кетуi Қазақстан үкiметiн де бей-жай қалдыра алмады. Бұған дейiн Мұнай және газ министрi Сауат Мыңбаев АИ-92 маркалы бензинге бағасына шектi баға – 102 теңге деп белгiлеген болатын.

Бiр айта кетерлiгi, Қазақстанда жанармай бағасы Ресеймен салыстырғанда 20 пайызға төмен көрiнедi. Оны теңгеге шақсақ, литрi 134-135 теңгеге сәйкес келедi. Министрдiң айтуынша, отандық кәсiпкерлер Ресейде жанармай бағасының көтерiлгенiн пайдаланып, өсiрiп жiберген. "Олардың әрекетi заңға қайшы", – дейдi. Кейбiр сарапшылар Кедендiк одақ үш мемлекеттiң бағасын ортақ етедi дегендi айтуда. Яғни бағаның шарықтауына тосқауыл қоймасақ, Ресейдегi секiлдi жанармайды 135 теңгеден құюымыз әбден мүмкiн.

Ал Бәсекелестiктi қорғау агенттiгiнiң басшысы жанармай бағасы жыл аяғына дейiн "күрт қымбаттамайды" дегендi сенiммен айтуда. "Жанар-жағар май өнiмдерiнiң қазiргi бағасы жыл аяғына дейiн сақталады. Оны өсiруге еш негiз жоқ", – дейдi Бәсекелестiктi қорғау агенттiгi төрағасының орынбасары Еркеғали Әлiмқұлов мырза.

Монополияға қарсы агенттiк бүгiнде ел аумағындағы 100-ден аса нарық субьектiсiнiң үстiнен тергеу жүргiзiп жатыр. Алғашқы нәтижелерi бойынша, бөлшек сауда нарығындағы нысандар арасында бензин бағасының 1 литрiне 20 теңгеге дейiн үстеме ақша қосып сатқан фактiлер анықталған. Мұндай заңды белiнен басқандарға тиiстi шара қолданылады деп сендiрдi төрағаның орынбасары. Оның айтуынша, "жанар-жағармай өнiмдерiнiң бағасын өсiруге қатысты әңгiменi ең алдымен май құю бекеттерi қожайындарының өздерi бастайды. Қазiр бұл мәселе төңiрегiнде зерттеу жұмыстары жүрiп жатыр. Тергеу жұмыстарының қорытындысы тамыздың аяғы мен қыркүйектiң басында жария етiлмек".

"Шiлде айында тергеудi бастадық. Қазiр ешқандай экономикалық негiз жоқ екенi айқындалып отыр. "Гелиос" сияқты бағасын 113-112-ге дейiн көтергендер 106-ға түсiрдi. Осының өзi баға көтерудiң негiзсiз екенiн көрсетiп отыр", – дейдi ҚР Бәсекелестiктi қорғау агенттiгi төрағасының орынбасары Еркеғали Әлiмқұлов қолға алынған нақты iс-шараларды атай келiп.

Бәсекелестiктi қорғау агенттiгi бұл мәселенiң байыбына терең үңiлiп көрдi. Агенттiктiң Алматы және Алматы облысындағы бәсекелестiкке қарсы мекемесi "Refinery Company RT" ЖШС мен "Гелиос" ЖШС-iне қатысты iстi жан-жақты зерттеген. Нәтижесiнде тұтынушының құқы бұзылып, заңсыз әрекеттерге жол берiлгенi анықталған. Қорытындыға сәйкес, "ҚазМұнайГаз" АҚ ҰК-на қарасты "Refinery Company RT" ЖШС және "Гелиос" ЖШС-на әкiмшiлiк құқықбұзушылыққа байланысты iс қозғалды.

Дәл қазiргi кезде Агенттiк техникаға пайдаланатын майларды бөлшек түрде қымбат бағаға саудалайтын бiрқатар субъектiлердiң қызметiне талдау жүргiзуде. Алдын-ала зерттеулерге сүйенсек, бөлшек сауданы көтеруге экономикалық себеп жоқ. Сондай-ақ дизельдi отынды бөлшек саудамен сататын нарықты табиғи ұстап тұру бақылауға алынды. Дизельдi отын айналымы көбiнесе талон бойынша (Алматы және Шығыс Қазақстан облысында) жүзеге асып келедi.

Агенттiк 2009-2010 жылдары техникаға пайдаланылатын майларды саудалайтын нарықтағы заңсыздықтарды тексеру арқылы бағаны ұстап тұруға салқынын тигiзген бiрқатар мекеменiң айналым көлемiн қысқартып, айып салған болатын. Алайда бұдан сабақ алмаған кейбiр мекемелерге қатаң шаралар қолданылады деп жоспарлануда.

11 тамыз, 2011

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары