АҢҚАСЫ КЕПКЕН "КӨКДӨНЕН"
АҢҚАСЫ КЕПКЕН "КӨКДӨНЕН"
Көкдөнендiктердiң күйiнiшi осы. Iстi бiтiрсе жақсы едi, бiтiрмей кеткен қудың құйрығын кiм қашан, қайтiп, қалай ұстайды?
Т.Рысқұлов ауданының Көкдөнен ауылы – "Алматы-Ташкент" күре жолының бойында орналасқан, 350 үй түтiн түтетiп отырған шағын елдi мекен. Осыдан үш жыл бұрын мұнда бiтпес дау басталды. Әлi күнге дейiн жалғасып келе жатқан даудың аты – ауыз су. Бұл проблема қазiр аудандық деңгейден облыстық масштабқа шығып кеттi. Жуырда оны облыстық мәслихаттың тексеру комиссиясы да анықтап, айыпты мекеменi әшкерелеп бердi. Сонымен әңгiмемiздiң әлқиссасын сол 2008 жылғы оқиғалардан бастағанымыз жөн болар.
Осы жылы ауылға су құбыры жүйесi құрылымының екiншi кезеңi жүргiзiлетiн болып, нысанның құрылысын жүргiзу "Стандарт-строй" ЖШС-нiң еншiсiне бұйырды. Жобаның жалпы сметалық құны – 115млн. 84 мың теңге, ұзындығы – 14,8 километр. Мекеме нысанды 2008 жылдың 9 желтоқсанында өткiзуi тиiс болатын. Осы жылы бөлiнген қаржының 95 пайызы игерiлдi. Бiрақ жұмыс уақытында бiтпей, мерзiмiнен кешiктi. Қосымша келiсiм-шартпен ауыз су жүйесiн өткiзу мерзiмi 2009 жылдың 1 мамырына дейiн ұзартылды. Қалыптасқан жағдайға байланысты жергiлiктi бюджеттен тағы да қосымша 3651,3 мың теңге бөлiндi, бiрақ ол қаржы игерiлмей қалған. Артылған зор сенiм ақталмай, құрылыс фирмасы жұмысты толық бiтiрмеген күйi нысанды қараусыз қалдырып, кетiп қалған.
Бейберекет жүгенсiз әрекеттер осы тұстан басталады. Ауыз су жүйесiнде кемшiлiктер аз емес едi. Сонымен бiрге, жобалық-сметалық құжаттарында да шикiлiк бар болып шықты. Яғни жоба бойынша су құбырының 70 пайызы жаңадан жүргiзiлiп, бұрынғы ескi құбырларға қосылуы тиiс болатын. Ал ескi құбырлар шiрiп кеткен екен. Жобаны жасаушылар оны ескермеген, құбырлар жарамды деп анықтама берген. Мұнда ендi мердiгердiң кiнәсi жоқ, құжатты дайындаған мамандар айыпты. Ақша үнемдедi ме, әлде басқа бiр себебi бар ма – онысын кiм бiлсiн, бiрақ су құбырын толығымен жаңадан жүргiзуге әбден болар едi. Ауыз судың дұрыс жүрмеуiнiң бiр себебi – осы. Екiншi жағынан, мердiгер ол кемшiлiктi байқаған соң, әкiмдiкке түсiндiрсе, жобаны өзгертуге болар едi. Бiрақ құжатта көрсетiлген жұмыстың өзiн салдыр-салақ атқарған олар жобадағы қателiкке мән бермеген, ескi құбырларға су жiберiп байқап көрмеген, ең соңында сол ескi құбырлардың зардабын тартатын – жергiлiктi халық. "Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын" деген осы болар.
Онымен қоймай, қараусыз қалдырып кеткен соң нысанның көптеген бұйымдары (гидранттар т.б.) ұрланып, қиратылған. Тесiлiп, тозған жерлерiн әкiмдiк өз күшiмен қайта жасауда. Құбырлардың түйiскен тұстары дұрыс жасалмағандықтан, қыстың суық күнiнде бәрi шұрқ тесiлiп қалыпты. Оның барлығына қосымша қаражат қажет. Аудандық әкiмдiк қосымша 7,2 миллион теңге қаржы бөлiп, "Жаз-Бақыт" ЖШС бұл жұмыстарды орындап шықты. "Су шығаратын насостарға жұмсалған электр энергиясының ақысы да ұзақ уақыт бойы төленбептi. Мамыр айында ол қарыз 500 мың теңгенi құрап, тиiстi мекеме жарықты қиып тастауға мәжбүр болған. Келiсiм-шарт бойынша оны мердiгер төлеуi тиiс. Ал ол әлi де жайбарақат, төлейтiн ойы жоқ секiлдi. Ұрланған заттарды әкiмдiк қайта-қайта хат жазып жатып, бiртiндеп орнына қойдырып жатыр. Онда да арада үш жыл өтiп кеткен соң", – дейдi аудандық әкiмдiктiң мамандары.
Қордаланған қарызы төленбесе де электр энергиясы берiле бастады. Осында тағы бiр заңсыз әрекетке куә боламыз. Су жүйесi мемлекет қарауына әлi өткiзiлген жоқ. Мердiгердiң меншiгiнде тұр. Алдымен нысанды мемлекеттiк комиссия тексерiп, заңды түрде қабылдап алуы тиiс едi. Бiрақ аудандық әкiмдiктiң сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлiмiнiң бастығы Т.Бибосыновтың айтуынша, мердiгердiң өзi бастап суды үйдi-үйге жеткiзiп берген. Әрине, ақысына. Сосын ол әрекет науқандық сипат алған. Иесi тастап кетiп қалды ғой, ендi не тұрыс? Сонымен ауылдың әкiмi мен әкiмнiң орынбасарынан бастап көкдөнендiктердiң 80 пайызының, яғни 200-ге жуық үйге су құбыры тiкелей кiрiп тұр. Жөндеу жұмыстарының бiтуiн күте-күте елдiң де төзiмi таусылған сыңайлы. Онсыз да бақандай үш жыл күттi ғой. Су болса қат. Бiрақ бұл беталбаты iстiң жемiсi сол – орталық жүйеге қосылған үйдiң барлығына бiрдей су жетпей қалды. Өйткенi қолданыстағы желiлер жарамсыз және судың қысымы тым аз. Құбырды заңсыз тартып алған соң су есептегiш орнатуға ешкiмнiң қақысы жоқ. Есептегiш пен суды ашып-жауып тұратын арнайы бұранда болмаған соң, су лақылдап ағып жата бередi. Сосын көшенiң аяғына да жетпей сарқылып қалады. Ендi Т.Бибосынов судың қысымын көбейту үшiн сол әр үйге жалғанған құбырларды кесу керек дейдi. Қалай? 200 үйдiң құбырын түгелдей қырқып тастау мүмкiн бе өзi? Оған қосымша қаражат қажет, оны ауыл әкiмi қайдан алмақ? Әрине, бiлмейдi. Ақыры мынау…
Мұнарада бiздi жасамыс тартқан жүдеу өңдi күзетшi қарсы алды. Аяғында резеңке етiк, қолында саймандары. Өзiн Сәрсеналы Орманалиев деп таныстырған ағай осында күзетшiлiкпен бiрге асай-мүсейлердi жөндейтiн слесарьдың және оператордың жұмысын қоса атқарады екен. Бiрақ жалақы алмағанына көп уақыт болған. Өз есебiнше, төленбеген жалақысы бүгiнде 470 мың теңгеге жетiптi. Жұмысты тастап кетуге насостар күйiп кетсе, өзiнен көрiп, ақысын төлетiп әуре қыла ма деп қорқады. Тiптi, қарияның қолына екiжақты еңбек шартын жасасу туралы келiсiм-шарт та берiлмептi. Сондықтан ешбiр сотқа арыздана алмай отыр. "Ақсақалдың осында үш жылдан берi салпақтап, еңбектенiп жүргенiне бүкiл ауыл куә", – дейдi ауылдық округ әкiмiнiң орынбасары Ә.Iлиясов. Электрик мамандар да жалақысын ала алмаған соң, жұмыстан шығып кетiптi. Ақыры электр сөндiргiштер жұмыс iстемей қалған.
Судың қысымы ойдағыдай болмаған соң, күзетшi суды бiр күн мына көшеге, екiншi күнi басқа көшенiң тұрғындарына алмастырып жiберiп тұруға мәжбүр. Байқағанымыздай, мұнарада да кемшiлiктер көзге ұрып тұр. Нысанның айналасы жоба бойынша темiр-бетонмен қоршалуы тиiс екен, бiрақ профнастилмен қоршаған. Суды тазалап отыратын бактерицидтi құрылғы орнатылғанымен, мүлде жұмыс iстемейдi. Iшiне дәрi салынған 12 лампа болуы тиiс, онысы жоқ. Сондықтан ел iшiп отырған судың сапасы да күмәндi. Тiптi соның салдарынан түрлi аурулар да шығып жатқан көрiнедi. Мердiгер ақшадан үнемдегiсi келген болуы керек, құжатта көрсетiлген екiншi ұңғыманы мүлдем қазбай кетiптi. Оның құны – 10 миллион теңге. "Қаздық" деп жалған ақпар берген. Ұңғыма кейiн ғана қазылып, су шығарылыпты.
Көкдөнен ауылының 20 тұрғыны қол қойған арыз жан-жаққа тартылған. Арыз иелерiнiң айтуына қарағанда, әлгi су бармайтын үйлер, яғни Ш.Уәлиханов, М.Өзбеков, т.б. көшелердiң тұрғындары тiршiлiк нәрiн жергiлiктi кәсiпкер С.Iлиясовтың су тартқышынан сатып алып iшiп отырған көрiнедi. 40 литрлiк фляга – 40 теңге тұрады. Әр күнi 4 фляга су алсаңыз, 160 теңге. Кейбiреулер келiсiп, су ақысын айына 1000-1500 теңгеден төлеп тұрады екен. Бұл әуре-сарсаңның ауыртпалығын олар қыстың аязды күнi қатты тартыпты. Малдарды суғаруға кететiн су аз емес, әрине, сосын оның ақшасы да соған сай болады. "Ақшасын кейiн берейiк десек, ыдыстарымызды лақтырып тастайды, сөйлеспейдi де", – дейдi
Сондай-ақ ауыл шетiндегi ағын су жүретiн арықтар жуырда ғана жөндеуден өткенiне қарамастан қайта бүлiнiптi. Бұл мәселе бойынша "Құлан-су" МКК басшысы М.Өсеров арықтардың қалпына келтiрiлгенiн айтып, орындалған жұмыстың жай-жапсарын тиянақты әңгiмелеп бердi. Ауыз су мәселесiне байланысты ауыл әкiмiнiң орынбасары Әбдiәшiм Iлиясовқа хабарластық. Ол жағдайды растаған жоқ, бiрақ жоққа да шығармады. Жеке кәсiпкер С.Iлиясов 2007 жылы осындағы балабақшаны жекешелендiрiп алып, "Аида" дәмханасын ашқан екен. Жанында су тартқышы бар. Сатып отырғаны соның суы көрiнедi. 20 тұрғын жағдайын ашына жазып отырса, оны жалғыз әкiм қалай жоққа шығарсын, тек "арнайы жауап берем" деп құтылды.
Өкiнiштiсi сол, тапсырысшы болып табылатын билiк мердiгерге ештеңе iстей алмайды екен. Тек жер-жерлерге хат жолдай алады, сотқа арыздана алады. Қазiр аудандық әкiмдiктiң сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлiмi "Стандарт-Строй" ЖШС-н жосықсыз қатысушы ретiнде тану үшiн (осындай деп таныған жағдайда құрылыс фирмасы ешбiр мемлекеттiк сатып алу конкурстарына қатыса алмайды) Жамбыл облысының ауданаралық экономикалық сотына арыз бердi. Аудандық әкiмдiктiң бұл қадамды неге екi жыл кешiгiп жүрiп жасағандары түсiнiксiз. Бәлкiм әлi де мiзбақпай жүре берер ме едi, ашынған ауыл тұрғындары тыным бермегенге ұқсайды. Соттың алғашқы отырысына ЖШС басшысы И.Тян қатыспапты да. Өйткенi оның қазiр қолы бос емес. Жамбыл ауданында құны 1 миллиард 826 миллион теңге болатын алып емхананың құрылысын жүргiзiп жатыр. Мынадай былық-шылығы көп репутациямен, жауапсыз әрекеттерiмен ондай iрi құрылысты қалай жеңiп алғаны таң қалдырады. Сыбайластықта шек жоқ қой, дегенмен. Бiрақ сол емхананы да қарқ қылып, уақытында тапсыра алмайтынға ұқсайды. Қазiргi күнi фирма нысан құрылысын уақытынан кешiктiрiп, 83 миллион теңгенi игере алмай отыр екен. Бiз аталған құрылыс мекемесiне қатынас-хат жолдап, қалыптасқан жағдайға байланысты ресми түрде түсiнiктеме беруiн сұраған едiк. Өкiнiшке қарай, әлi жауап жоқ. Фирманың заңгерiмен сөйлескен шағын әңгiме барысында бастықтың алыс жақта iссапарда жүргенiн, оның орнына жауап беруге ешкiмнiң құқығы жоқ екенiн түсiндiк.
Дегенмен соңғы сөздi ауданның жаңа қызметке кiрiскен прокуроры Сәкен Төлеуов айтты:
– Мұның алдында бұл iстi қаржы полициясы зерттеп, зерделеп, қылмыстық iс қозғауға негiз жоқ деп қаулы шығарды. Бiрақ былтырдан берi ешбiр жұмыс атқарылмай, жiберiлген кемшiлiктер жойылмаған. Соған байланысты бiз сараптама тағайындап, Астанадан тәуелсiз сарапшыларды шақыртып отырмыз. Олар бiр аптаның iшiнде мердiгердiң қанша қаржының жұмысын атқармай, жалтарып отырғанын тексерiп, анықтап бередi. Аудандық әкiмдiктiң мәлiметiне сәйкес, мұнда 8 миллион теңгеге жуық қаржының жұмысы атқарылмаған. Соның нәтижесiне қарай қылмыстық iс қозғаймыз.
P.S. Ең қиыны – аудан әкiмдiгi мен мердiгер үш жыл бойы соттасып, iс қозғап ырғалаң-жырғалаң болып жүргенде, оның зардабын басқа емес, ауыл тұрғындары тартуда. Көкдөнендiктер амалсыз сапасы күмәндi суды сатып алып iшуге мәжбүр. Ауыл әкiмi де ұзақ уақыттан берi "науқастанып" жатыр. Әрине, бiз екi жақтың да айтар уәжiне құлақ салуға тырыстық, дегенмен бар шындық осы. Бүкiл проблеманың шешiмi ауыз су жүйесiнiң құрылысына ғана тiрелiп тұр. Ал елдiң мүшкiл жағдайын өз пайдасына жаратқан кейбiреулер "жұмыртқадан жүн қырқып", жоқ жерден табыс тауып отыр. Шұбалаңы көп iске облыстық құзырлы органдардың назар аударатын кезi жеткен сияқты.
Т.Рысқұлов ауданы