ЖЕР ШАРЫНДАҒЫ ЕҢ ҚЫМБАТ ҚАЛА
ЖЕР ШАРЫНДАҒЫ ЕҢ ҚЫМБАТ ҚАЛА
Дүние жүзiндегi ең қымбат қала қай мемлекетте? Күнкөрiс оңайға түспейтiн мұндай қалада бiр шыны кофе iшу үшiн қанша доллар төлеу керек? Ал Жер шарындағы сырттан келген шетелдiк инвесторлардың ақшасын сыпырып алып, «қалтасынан жер үрлететiн» қала атауын бiлесiз бе?
Жер шарындағы ең iрi деген 73 қаланың қайсысында өмiр сүру тым қымбат деген сауалға жауап iздеген канадалық UBS банкiнiң мамандары ең алғашқы орынға Норвегия астанасы Ослоны шығарды. Екiншi және үшiншi орында швейцариялық қос қала – Цюрих пен Женева тұр. 2009 жылдың наурызы мен 2010 жылдың маусымындағы базардағы баға, ай сайынғы жалақы, тұтынушылардың сатып алу қабiлетiн, яғни қалталарының қаншалықты қалың екендiгiн сараптаған UBS әлем бойынша өмiр сүру тым қымбатқа түсетiн қалалардың алғашқы ондығында Токио, Копенгаген, Нью-Йорк, Стокгольм, Торонто, Монреаль мен Лондон бар. Керiсiнше Манила (Филиппиндер) мен Мумбай (Үндiстан), Бухарест (Румыния) ең арзан қалалар саналады.
Әлеуметтiк сауалнама жүргiзген сарапшылар пiкiрiнше, қалалар рейтингiне ақша айырбастау бағамы айтарлықтай әсер еткен. Мәселен канадалық доллардың 20 пайызға қымбаттауы Торонто мен Монреальдiң 10 және 15-орыннан 8 бен 9-орынға жоғарылауға мүмкiндiк берген. Мұндай пiкiрмен келiсетiндер көп. Ағылшындардың PriceRunner компаниясында қызмет ететiн сарапшылар әр елдегi тұтынушылық қоржынды салмақтай келе, Ослодағы баға жалпыәлемдiк көрсеткiшке қарағанда 35,4 пайызға қымбат екендiгiн айтады. Халықтың күнделiктi тұтынатын тауарлар құнын салыстырған PriceRunner мамандары Копенгаген, Сан-Пауло, Париж, Рейкьявик, Стокгольм, Хельсинки, Дублин, Римдi қымбат қалалар тiзiмiне енгiзген. Ал ең арзан қалалардың алғашқы ондығында Мумбай, Буэнос-Айрес, Вильнюс, Прага, Варшава, Сан-Франциско, Нью-Йорк, Дубаи, Шанхай тұр.
Employment Conditions Abroad компаниясының 400 қалада жүргiзген зерттеу жұмысында шетелдiк азаматтар үшiн ең қымбат қала Токио деп көрсетiлген. Жапонияның Нагоя, Иокогама, Кобе қалалары ең қымбат азиялық алпауыт қалалар санатында. Күнi кешегi жер сiлкiнiсi мен селден естерiн әрең жинаған жапондар жерiндегi қымбатшылықты сарапшылар қауымы иеннiң тұрақты бағамымен байланыстырады. Сондай-ақ өзiнiң ұлттық валютасын күшейтiп алған Сингапур небары 1 жылдың iшiнде 68-орыннан 35-орынға бiр-ақ көтерiлген. Мұндай жағымды жаңалық Куала-Лумпур мен Бангкокке де жат емес.
Жуырда ғана әлеуметтiк зерттеулерiнiң қорытындысын жариялаған Mercer Human Resource Consulting Анголаның астанасы Луанда 2011 жылы екiншi рет шетелдiк азаматтар үшiн ең қымбат қалалар қатарында қалғанын айтты. Кейiнгi кездерi шетелдiк инвесторлар легi көмiрсутегiлердiң бай қорына ие Анголага қарай ағылуда. Кофе, алмас, қант пен темiр, тұзды экспорттауда алдына жан салмайтын Ангола соңғы 30 жылда толас таппаған азаматтық соғыстардың кесiрiнен бiраз инфрақұрылымдарынан айрылды. Елдегi кедейшiлiк деңгейiнiң тым жоғарылығына қарамастан тауар атаулы тым қымбат. Мысалы Луандада спортзалға барып, денешынықтырумен айналысқыңыз келсе, абоненттiк төлемге 2 500 доллар төлеуiңiз керек. Кiр жудырсаңыз, 150 доллармен қош айтысасыз. Сондай-ақ қарныңыз ашқанда жүрек жалғап алуға кететiн шығын – $52.40, ал 10 жұмыртқаңыз – $5.20 доллар, концертке билет – $13.90, 1 саптаяқ сыраңыз – $6.62. Луандадан кейiн тұрған – Токио, Нджамена (Чад), Мәскеу, Женева. Mercer Human Resource Consulting компаниясының Азиялық-тынықмұхиттық аймағына жауапты маманы Фил Стэнлидiң айтуынша, Еуропа қалаларындағы баға бұрынғысынша сақталған, яғни айтарлықтай өзгерiске ұшырамаған. Ал Африкадағы жағдай ала-құла. Өйткенi тұрғын үй тапшылығының кесiрiнен Африканың басты қалаларында қымбатшылық ушығып тұр. Mercer жүргiзген зерттеуде Лондон 18-орынды қанағат тұтса, Париж 17-орыннан 27-орынға бiр-ақ сырғыған. АҚШ-тың Нью-Йоркi Америкадағы ең қымбат қала мәртебесiн бiрнеше жылдан берi сақтап келе жатқанмен, былтырғы 27-орнын 32-ге ауыстырған. Mercer үшiн ең арзан қала – Мумбай емес, Пәкстанның Карачиi. Өйткенi мұндағы баға ең қымбат қала Луандаға қарағанда, үш есе төмен. Тiзiмiне дүние жүзiндегi ең iрi 214 қаланы қосқан Mercer Human Resource Consulting мамандары қымбатшылық бағамын 200 көрсеткiш бойынша анықтайды. Бiрақ ең бiрiншi кезекте ұлттық валютаның соңғы 12 айдағы АҚШ долларына шаққандағы бағамы мен базардағы баға сарапталады. Бiр қызығы, Орталық Азия елдерi арасында әзiрбайжандардың астанасы Баку қымбатшылық жағынан алғанда, Франкфурт, Стамбұл, Брюссель, Берлин, Лос-Анджелес, Вашингтонды басып озған көрiнедi. Шетелдiк сарапшылар жүргiзген зерттеу жұмыстарында Қазақстандағы ең қымбат қала саналатын Алматы, Атырау не Астана жоқ. Есесiне, бiздегi (бүкiл әлемдегi секiлдi) инфляцияның кесiрiнен күн санап шарықтап бара жатқан баға күнкөрiстi қиындата түскенi анық.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ