ДОСҚАЛИЕВҚА ТАҒЫЛҒАН АЙЫП АЗАЮДА

ДОСҚАЛИЕВҚА ТАҒЫЛҒАН АЙЫП АЗАЮДА

ДОСҚАЛИЕВҚА ТАҒЫЛҒАН АЙЫП АЗАЮДА
ашық дереккөзі
427

Денсаулық сақтау экс-министрi Жақсылық Досқалиевқа қатысты сот процесiнiң ұзаққа созылатын түрi бар. Себебi дәрiгерлерге байланысты атышулы iстен бiр ғана емес, бiрнеше азаматтың басы қылтиятыны жасырын емес.

Кезектi сот процесiнде Денсаулық сақтау министрлiгiнiң бұрынғы жауапты хатшысы Болат Садықов сот залынан бостандыққа шығып, оған қатысты қозғалған қылмыстық iс мүлдем тоқтатылды. Есесiне экс-министр Жақсылық Досқалиевқа тағылған айыптың саны кеми түсетiн сияқты. Бұл iс бойынша Садықов пен оның бұрынғы басшысы Жақсылық Досқалиевқа талапқа сай емес нысанды пайдалануға бердi деген айып тағылған болатын. Өйткенi олар Жәдел-жәрдем дәрiгерлiк ғылыми зерттеу институтының құрылыс сапасын бақылауға жауапты болған. Тексеру нәтижесiнде комиссия көптеген кемшiлiктердi анықтаса да, нысан пайдалануға берiлген-дi. Бiрақ сот барысында айыпталушылардың кiнәлары толығымен дәлелденбедi. Сондықтан прокурор дәл осы оқиға бойынша таққан айыптан бас тартты. Заңға сәйкес, жауапты хатшы ешқандай жауапкершiлiкке тартылмайды. Сондықтан Болат Садықов бiрден бостандыққа жiберiлдi. Сонымен қатар Досқалиев iсi тағы бiр эпизод, яғни «телемедицина» бойынша қосымша тергелетiн болды. Экс-министр бiрiншi кезекте медициналық академияны басқарғанда, сол жердегi заңсыз құрылысқа жол берiп, iрi көлемде пара алған деп айыпталуда.

Ал сот алдында жауап берiп жатқан экс-министр Жақсылық Досқалиевтың қорғаушысы Күләш Әлiмбаева өзiнiң қорғауындағы азаматтың денсаулығының төмендiгiне байланысты жазадан босатылуын сұрады. «Неге оған шартты түрде 5 жыл беруiн сұрамасқа, бұл немен байланысты екенi маған түсiнiксiз. Сонымен қатар, егер алқа билерiнiң үкiмi де «айыпты» делiнетiн болса, онда «ауру-сырқаулығына байланысты жазадан босататын» 73-шi бап бар. Осы бапты ескерулерiңiздi сұраймын», – дедi К. Әлiмбаева. Қорғаушының бұлай деуiне мемлекеттiк айыптаушы Тельман Аленовтың бұрынғы ҚР Денсаулық сақтау министрi Жақсылық Досқалиевты жазасын қатаң тәртiптегi колонияда өтейтiндей етiп, 7 жылға сотталуын сұрағаны себеп болуда.

«Досқалиевты ҚР ҚК 311-бабы, 5-тармағы бойынша айыпты деп танып, ҚР ҚК 55- бабы негiзiнде оның отандық медицина ғылымына қосқан айтарлықтай үлесi ерекше жағдай екенi мойындалсын. Оған ҚР ҚК 311-бабы, 3-тармағы бойынша мүлкiн тәркiлеп, жазасын қатаң тәртiптегi колонияда өтейтiндей етiп, 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын», – дедi прокурор. Сондай-ақ прокурор Т. Аленовтың өтiнiшiмен сот, Төлеген Тоймағамбетов пен Жақсылық Досқалиевтың iсiндегi «телемедицина» эпизодын қайта тексеруге жiбердi. Сөйтiп Ж. Досқалиевқа айып тек бiр эпизод – «медакадемияға тиесiлi жер телiмдерiн тұрғын үй құрылысы үшiн заңсыз беру» бойынша тағылатын болды.

Еске сала кетсек, Ж. Досқалиев Астана медициналық академияның ректоры болған 2005 жылы көппәтерлi үй тұрғызу үшiн «Астана КБТ» ЖШС құрылыс компаниясына академияға тиесiлi жер учаскелерiн бередi. Соның нәтижесiнде медакадемия құны Т59,14 млн. деп бағаланған жерлердi пайдалану құқығынан айрылады. Одан басқа Ж. Досқалиев өзiнiң заңсыз әрекетi үшiн Т27,52 млн. ақша және жалпы құны Т38 млн. тұратын 4 пәтердi пара түрiнде алған деп айыпталған болатын.

Сот процесiнде сөз алған айыпталушы Жақсылық Досқалиев: «Мен мынаны баса айтқым келедi, қалай болғанда да арым таза. Өте өкiнiштi, алайда өзiмнiң кiнәсiз екенiмдi дәлелдеуге деген ұмтылыс маған тың күш-қуат беруде. Менi 311-бабы бойынша ақтап шығуларыңызды сұраймын. Мен қызмет бабын асыра пайдаланған емеспiн… және мен сол ақшалар мен пәтерлердi алған жоқпын», – дедi.

04.08.2011.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары