ШIЛДЕДЕГI ҚЫМБАТШЫЛЫҚ

ШIЛДЕДЕГI ҚЫМБАТШЫЛЫҚ

ШIЛДЕДЕГI  ҚЫМБАТШЫЛЫҚ
ашық дереккөзі
377

Шiлде айында тамақ, киiм, балабақша, су мен жарық, газ, жанар-жағар май тағы қымбаттады. Өткен айдағы инфляция деңгейiн 0,5 пайызбен шектеген билiк уақыт өткен сайын бас бiлдiруi қиындап бара жатқан базардағы бағамен күресiп әлек. Алайда әлемдiк деңгейдегi проблемаға айналған инфляцияның жуық арада тоқтай қоюы екiталай.

ҚР Статистика жөнiндегi агенттiктiң хабарлауынша, 2011 жылдың шiлде айында азық-түлiк – 0,2 пайызға, азық-түлiкке жатпайтын тауарлар – 0,6 пайызға, ал ақылы қызмет 0,7 пайызға қымбаттаған. Алайда жаз бен күзге қарай iшкi нарықтағы сұранысты қанағаттандыруға қабiлеттi отандық өнiмнiң арқасында жұмыртқа, көкөнiс пен сүт тағамдарының құны сәл арзандаған көрiнедi. Мысалы қияр – 13,4%, қызанақ – 12,6%, қырыққабат – 12,5%, жұмыртқа – 5%, сүт – 2%, айран – 0,2%. Есесiне, дәндi-дақыл (2,4%), ет пен құс (1,8%), ұн мен май (0,3%), нан (0,2%) қант пен кондитер өнiмдерiнiң (0,6%) бағасы көтерiлген.

Күн сайын ауа райындай құбылған базардағы бағаға коммуналдық төлемдердiң қосылуы – «заңдылық». Сол себептi, шiлдеде жарық – 0,8 пайызға, суық су – 0,5 пайызға, ыстық су мен орталық жылу – 0,4 пайызға, қоқыс жинау – 0,3 пайызға, канализация – 0,2 пайызға, жанар-жағар май – 2,6 пайызға, жер май – 4,2 пайызға, сығымдалған газ – 4,5 пайызға, құрылыс материалдары 0,6 пайызға өсiптi. Жанар-жағар май құны артқанда қоғамдық көлiкте жүру бағасы өсетiнi белгiлi: 3,2 %. Сондай-ақ балабақша – 1,2; шаштараз – 0,4; қонақүй қызметi мен денсаулық сақтау саласы 0,3 пайызға артқан.

Агенттiк сайтында жарияланған деректер арасында жан басына шаққандағы орташа көнкөрiс деңгейiне қатысты да мәлiметтер бар. Мысалы 2011 жылғы шiлдеде өткен аймен салыстырғанда, 16 610 теңгеге тең болған күнкөрiс деңгейi 1,4%-ға азайған (2010 жылғы шiлдеге қарағанда, 20,9%-ға жоғары). Мәселен ет пен балықты сатып алуға жұмсалған шығындар – 19,9%, сүт, май-тоң май өнiмдерi мен жұмыртқа, жемiстер мен көкөнiстер – 14,8%, нан және жарма өнiмдерiн – 7,8%, қант, шай және дәмдеуiштер – 2,7%.

Ең төменгi күнкөрiс деңгейi дегенiмiз – бiр адамға 1 ай iшiнде қажеттi ең төменгi ақшалай табыс. Яғни күнкөрiстiң, тамақ өнiмдерiнiң, тауарлар мен көрсетiлетiн қызметтердiң заттай және ақшалай жиынтығы. Ол азық-түлiк қоржынынан және азық-түлiк емес тауарлар мен ақылы қызметтерге жұмсалатын шығындардан құралады. Күнкөрiстiң ең төменгi деңгейiн есептеуге арналған аз тұтынылатын азық-түлiк емес тауарлар мен көрсетiлетiн қызметтерге жұмсалатын шығындардың үлесi ең төменгi тұтыну қоржыны құнының 40 пайыздық мөлшерiнде белгiленген.

04.08.2011.

Серіктес жаңалықтары