ЖАЛҒЫЗ ҚАЗАҚ МЕКТЕБI ДАУҒА ТҮСТI

ЖАЛҒЫЗ ҚАЗАҚ МЕКТЕБI ДАУҒА ТҮСТI

ЖАЛҒЫЗ ҚАЗАҚ МЕКТЕБI ДАУҒА ТҮСТI
ашық дереккөзі
439

Шығыс Қазақстан облысы, Верх-Березовский ауылындағы қазақ тiлiнде бiлiм беретiн жалғыз мектеп жабылмақшы. Жергiлiктi атқамiнерлер орта бiлiм беретiн мектептiң орнына балабақша ашу туралы шешiм шығарыпты. Алайда бұған ата-аналар наразылық танытуда.

Талай жылдан берi Верх-Березовка ауылының қазақ отбасы балаларын бiлiм нәрiмен сусындатып келген шаңырақ оқу жылынан бастап жұмысын кiлт тоқтатпақ. Облыстағы бiлiм мәселесiмен айналысатын мамандардың бұл шешiмiне қарсы ата-аналар бұдан былай баласын 4 шақырым жердегi ауылдың мектебiне тасуға мәжбүр. Бұл онсыз да жазынан қысы ұзақ өңiр жұртына қол болмайтыны анық. Қақаған қысы 40 градустан кем болмайтын аймақта ауыл арасында жүрiп-тұрудың өзi қиямет. Осыны ойлаған шарасыз ата-ана бiлiм ұясының жабылуына қарсылық бiлдiруде. "Ауыл тұрғындарының денi – қазақтар. Мұнда жырақтан келген оралман отбасылары да көп. Мектеп жабылса, балаларымыз тентiреп қалады. Қазақ тiлiн төрге оздыра алмай жатқанда, өз елiмiзде қазақ тiлiндегi мектептiң есiгiне қара құлып салып жатсақ, не болғанымыз?" – деп ашынады ауыл тұрғындары.

Әзiрге шыр-пыр болған ата-ананың жанайқайына құлақ асып жатқан ешкiм жоқ. Есесiне, орыс сыныбында оқитын оқушылар осы ауылдағы екiншi мектепке орналастырылған. Сондықтан да жергiлiктi басқа ұлт өкiлдерiнiң дымы iшiнде. Егер орыс сыныптарын жауып, қазақ сыныптарын ашса, олар жатпай-тұрмай қайтарып алатын едi. Турасын айтсақ, олардың даусы билiкке тез жететiндiгiне де күмәнданбайды жергiлiктi жұрт.

Глубокий ауданы бiлiм бөлiмi бастығының мiндетiн атқарушы Сәуле Қабдықалықова ханымның уәжiне қарағанда, бала санының көбеюiне байланысты балабақшаның жоқтығын осындай жолмен шешпекшi екен. "Оқушыларды көршi ауылдағы мектепке тасымалдауға кепiлдiк берiп отырмыз. 5-7-сыныптың 23 оқушысы Предгурнаядағы №1 қазақ мектебiндегi қазақ сыныптарында оқи алады" деп басу айтқан маманның сөзiне ата-аналар секеммен қарайды. Қыстыгүнi бұрқасын боран мен қалың қарда автобустың да тұрақты қатынап, балаларды уақытымен тасымалдайтындығына көптiң көңiлi күмәндi. Жергiлiктi жұрт Тәуелсiздiктiң 20 жылдығында елiмiзде қазақ мектебiнiң жабылып жатқандығына жауапты кiмнен сұрарын бiлмей дал. Өз Отанымызда, өз жерiмiзде қазақ мектептерiнiң есiгiне осылай қара құлып салына беретiн болса, елдiгiмiзге сын емес пе?!

04.08.2011.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары